Бүгін Алматыда «Өзгеріс үстіндегі әлемде тең дәрежеде білім беруді ілгерілету» тақырыбында 10-шы ICBCB 2022 халықаралық конференциясы басталды. Екі күндік ғылыми шараға Ұлыбритания, Үндістан, Таиланд, Қырғызстан, Ресейден келген шетелдік және отандық ғалымдар қатысып жатыр.
Сулейман Демирель атындағы университет ректоры Әлімжан Бекежанұлы шараның ашылу салтанатында қатысушыларға сәттілік тілеп, педагогтерді Ұстаздар күнімен құттықтады.
«Бүгін ғалымдар әлемде тең дәрежеде білім беруді талқылайды. Халықаралық деңгейдегі мұндай ғылыми конференцияны өткізу университетіміз үшін үлкен мәртебе. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жаһандану дәуірінде тұтас білім беру жүйесіне негізделген құндылықтарды және түрлі мәдениеттер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты дәріптеу. Сондай-ақ отандық және халықаралық ғалымдармен ғылыми және кәсіби байланыс орнататын алаң құру, білім саласындағы өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табу. Осы екі күннің ішінде аталған мәселелер бойынша ұсынған зерттеулер білім беру процесін дамытуға үлес қосады деген сенімдемін. Конференцияға қатысып жатқан ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаймын», - деді ол.
Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, PhD доктор Дархан Біләлов ғылыми шараның маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі халықаралық ғылыми конференция – өте маңызды шара. Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, ғалымдар әлемдегі өзекті мәселелердің бірін көтеріп жатыр. Біріншіден, балалардың тең дәрежеде сапалы білім алуы керек. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша күн тәртібінде тұрған өзекті проблема. Бүгінгі конференцияға қатысып жатқан зерттеушілер осы тақырыптағы зерттеулері туралы айтып, маңыздылығын түсіндіріп қана қоймай, оның нақты шешу жолдарын, механзимін де ұсынып жатыр», – деді ректор.
Халықаралық ғылыми конференцияда онлайн және офлайн форматта білім беру жүйесін жақсартуға арналған көптеген идея айтылып, ғалымдар зерттеу жұмыстарымен бөлісіп жатыр. Олардың ішінде білім беру саласындағы тәуелсіз зерттеуші, Үндістаннан келген профессор Sugata Mitra, Лондон университеттік колледжінің ғылым және экологиялық білім беру профессоры Justin Dillon, профессор, доктор, Таиландта Парламентінің депутаты Kanok Wongtrangan, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің ректоры, PhD докторы Дархан Біләлов, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, PhD докторы Гүлмира Қанай, КИМЭП университетінің деканы, профессор Жулдыз Смагулова, Назарбаев университетінің профессоры Дуйшон Шаматов басты спикерлер ретінде қатысып жатыр.