Сайлаушылар тізімдері, лингвистикалық комиссия құру және басқа да мәселелер бойынша Ортсайлаукомның отырысы өтті

2623
Adyrna.kz Telegram

2022 жылғы 28 қыркүйекте Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Отырыста келесі мәселелер қаралды:

  1. 2022  жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы;
  2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияны құру туралы;
  3. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу туралы;
  4. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауындағы Президенттікке кандидаттың сайлау қоры туралы.

 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады. Ол 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республиканың сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 11 827 277 азамат енгенін хабарлады.

“Нақты сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін:

1) оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі.

2) азаматтардың сайлаушылар тиісті тізімдеріне енгізу жөнінде өздерінің жергілікті атқарушы органға жазбаша өтінішпен жүгінуі негіз болып табылады.

Уақытша тіркелген азаматтар; тіркеуі жоқ азаматтар, сондай-ақ сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндiзгi оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін. Әскери бөлімдерде сайлаушылар тізіміне сол жерлерде тұратын барлық әскери қызметшілер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскери бөлімдер орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгізіледі. Әскери бөлімдерден тыс жерде тұратын әскери қызметшілер сайлаушылар тізіміне тұрғылықты жері бойынша жалпы негіздерде енгізіледі”,-деді ол.

 

 

Сондай-ақ, Петров азаматтардың келген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге а.ж. 20 қазанға дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күнінен бір ай бұрын ұсынылуы тиіс екенін айтып өтті.

“Жергілікті атқарушы органдар азамат дауыс беретін учаскеде сайлаушылар тізіміне енгізуді қамтамасыз етеді және тіркелген жері бойынша азаматты сайлаушылар тізімінен алып тастауды ұйымдастырады. Дауыс беретiн күнге 15 күн қалғанда, яғни 4 қарашадан кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тізімдерін сайлаушыларға танысуға береді.

Азаматтарға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi. Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Тіркелу орны бойынша сайлаушылар тізіміне қосылуын сайт немесе тиісті әкімдіктің Call-орталығы арқылы тексеруге болады”,-деді.

Қ.Петровтың баяндамасының қорытындысы бойынша «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру туралы» ҚР ОСК қаулысы қабылданды. Ортсайлауком қаулысымен жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Лингвистикалық комиссияның құрылуы туралы ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын бес адамнан тұратын тіл мамандары мен басқа да мамандар кіретін лингвистикалық комиссияның қорытындысымен анықталатынын хабарлады.

ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау үшін:

1) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;

2) лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу;

3) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.

Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген республика Президентіне қолданылмайды.

М.Ерманның баяндамасының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия құру туралы» ҚР ОСК қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес лингвистикалық комиссияның құрамы төмендегідей:

1

Ахметов

Әділ

Құрманжанұлы

 

филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

 

2 Есім

Ғарифолла

философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, жазушы, абайтанушы

 

3 Дәдебаев

Жанқара

Дәдебайұлы

 

филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

4 Құрманбай

Гүлтас

Сайынқызы

 

Назарбаев Университетінің қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

 

5 Қамзабекұлы

Дихан

филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры
6 Фазылжанова

Анар

Мұратқызы

 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты

 

Үшінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сабила Мұстафина баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекет Президенттікке үміткерлерге бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Осылайша, заңмен үміткерлерге өз бағдарламаларымен БАҚ-та шығуы үшін:

- теледидарда - 15 минут;

- радиода - 10 минут;

- мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жариялау үшін қаражат бөлінуі көзделген.

Бұдан басқа, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың:

- сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге;

- үгіт материалдарын шығаруға;

- көлік шығындары жабылады.

Баяндама қорытындысы бойынша «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында республикалық бюджет қаражатынан өтелетін Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың шығыстар мөлшерін белгілеу туралы» ҚР ОСК қаулысы қабылданды, оған сәйкес Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың шығыстар мөлшері 10 312 600 теңге көлемінде белгіленген:

1. теледидар және радио бойынша бағдарламалармен сөз сөйлеу, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау - 9 012 600 теңге;

2. сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару - 800 000 теңге;

3. көлік шығындары-500 000 теңге.

 

 

Сабила Мұстафина Президенттікке кандидаттың сайлау қоры туралы отырыстың қорытынды мәселесі бойынша сөз сөйледі. Ол сайлау қоры келесі қаражаттардан құрылғанын хабарлады:

- кандидаттың өз қаражаты, кандидатты ұсынған республикалық

қоғамдық бірлестіктің бөлген қаражаты, олардың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен 12 000 (он екі мың) еседен аспауға тиіс, бұл 720,0 миллион теңгені құрайды.

- жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен

15 000 (он бес мың) еседен артық аспауға тиіс, бұл 900 миллион теңгені құрайтын республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырылымдықтары.

Белгіленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорларына есепке алынуға жатпайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады.

Анонимдік қайырылымдылық республикалық бюджет кірісіне енгізіледі.

Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат жіберілуі мүмкін.

Сайлау қорының қаражатына иелік ету құқығы тек Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға ғана тиесілі.

Кандидат өзінің сайлау қорлары қаражатынан төменде көрсетілген шығыстарды төлейді:

  1. кез келген тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға;
  2. сайлау алдындағы жария іс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен кездесулерді, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пікір алысуларды, митингілерді, шерулерді, демонстрацияларды және өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды) ұйымдастыруға және өткізуге;
  3. баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығаруға және таратуға;
  4. заңды және жеке тұлғалардың үгіт жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қызметтеріне ақы төлеуге;
  5. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың көлік және іссапар шығыстарын жабуға;
  6. сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарын, оның ішінде безендірілген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгілерді, жалауларды, жалаушаларды және басқа да белгілер мен нышандарды тегін тарату үшін дайындауға арналған.

Кандидаттың сайлау заңнамасының айтылған нормаларын және арнайы уақытша шот ашу, сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртiбiн бұзуы кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады.

Отырыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.

 

Пікірлер