Алматыда "Жастарды әлеуметтендіру және оңалту" жобасының аясында белгілі кәсіпкер Сырымбек Таудың қатысуымен семинар-тренинг өтті.
Іс-шараға 160-қа жуық жастар қатысып, жаңа білім игерді.
"Адырна" қоғамдық қоры жоба аясында жастарға жылдық табысы 5 млн долларды құрайтын, қазіргі таңда Yokohama және Triangle шиналарының дистрибьюторы - Daco motors KZ компаниясының, SamgaPress баспасының иесі, танымал кәсіпкер, саяхатшы - Сырымбек Таумен кездесуге мүмкіндік сыйлады.
Сырымбек мырза семинарда кәсіп бастаудың қыр-cырларымен бөлісіп, негізгі қажетті тың ақпараттарды айтып, жас буынға мотивация берді.
"Жетістікке жетемін деген жанның әлбетте экономикадан хабары, қаражат жағынан білімі болуы қажет. Кім болса да, әуелі өзінің жеке шығындарын сараптап, ретке келтіре алған болса болашақта үлкен компанияның шығындарын да басқара алатын болды. Өзгерісті өзіңнен бастаған абзал. Білім ал, спортпен шұғылдан, дамушы орта тап. Сонда ғана, өзің де өзгересің, сенің жасаған іс-әрекеттерің де өзгереді. Мәселен, қаражатты үнемдей алмау да сауатсыздықтың бір белгісі. Мұндай жағдайда екі әдісті қолданған абзал. Бірі - шығындарды үнемі жазып отыру. Адам көзімен ақша жұмсағанын ұғынған сайын, бұл нәрсеге сене бастайды. Екіншісі - "жегендей болдым" қағидасы. Яғни, кофе ішкіңіз келіп кетсе, кофехананың жанынан өтіп бара жатып, іштей "ішкендей болдым" деу адамды сендіреді. Солай нәпсіні сындыру арқылы, қалтадағы қаражатты басқаруға болады" деді ол жастарға айтқан баяндамасында.
Бұдан бөлек тренинг барысында көпшілік кәсіпкерге түрлі сұрақтар қойып, көкейлерін мазалаған сұрақтарға жауап ала алды.
"Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, ол жанбаса лапылдап, аспан қалай ашылмақ" дегендей, болашақ мына сіздердің, жастардың қолында. Бүгінгі семинардан біріңіз болсын түйер дүние алып кетіп, жетістікке жеткен болсаңыз бұл біздің үлкен еңбегіміздің нәтижесі деп білеміз. Қашан дамимын, жанамын, жетілемін деген жастарға қолдау көрсетуге дайынбыз" деді "Адырна" қоғамдық қорының президенті Арман Әубәкір.
Іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Адырна» ҰЭБ» ҚҚ «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында өтті.