Ақтөбе облысының әкімі Тоғжанов Қобда ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

3399
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Қобда ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Өңір басшысының жұмыс сапары Қобда ауылындағы аудандық орталық аурухана мен элеваторды қараудан басталды. Екі нысан да штаттық тәртіпте жұмыс жасайды. Аурухана халық санына сәйкес барлық қажетті жабдықтармен жарақтанған. Мұндағы екі мәселе – шалғай ауылдардағы медициналық пункт пен белгілі бір сала мамандарының жетіспеушілігі, яғни кардиолог, окулист, онколог және отоларинголог дәрігерлері жоқтың қасы.

Облыс әкімі денсаулық сақтау саласын дамытуға жіті назар аударылатынын атап өтті. Медициналық мекемелер желісін кеңейту мен медицина кадрларының тапшылығын жоюдың жүйелік сұрақтары кезең бойынша шешілетін болады.

Аудан әкімі Болат Құлов істің ағымдағы жағдайы жайында баяндады. Осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі мен бөлшек сауда көлемі төмендеген. Әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа көрсеткіштері бойынша оң динамика тіркелді. Осылайша, негізгі капиталға 4,7 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылып, 19,4 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. 1,6 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды.

Бегалы ауылдық округіне қарасты Бесқұдық ауылында биылғы жазда Қазақстан деп аталатын орталық көшесіндегі ұзындығы 1,5 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстары аяқталып, сол жерге жарық қондырылды және жаяу жүргіншілер жолы төселуде.

Өңір басшысы жұмысты уақытында тапсырып, сапаның стандарттарға сай келуін қамтамасыз етіп қана қоймай, жобаға өзінің де қаржысын салған «Сұңқар Ақтөбе 2005» ЖШС мердігер мекемесінің жұмысына жоғары баға берді.

Қобда ауданы да облыстың өзге аудандары секілді 2023 жылы ауыл тұрғындарының табысын көтеретін «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыруға дайындалып жатыр. Скринингтің алдын ала нәтижелеріне сәйкес, оған ауданның 858 тұрғыны атсалысады. Бесқұдық ауылы жобамен қамтылатын елді мекендер қатарына енді. Ауылда барлығы 962 адам тұрса, оның ішінде 521 адам экономикалық жағынан белсенді тұрғындар қатарына жатады. Олардың 257-сі жұмысқа орналасқан, ал 264-і өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ауылдың 106 тұрғыны мал шаруашылығын дамыту, жылыжай салу, ашық далада көкөністер мен бақша дақылдарын өсіру мақсатында жеңілдетілген несие алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдірген.

Жобаның ауылды дамытып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудегі маңыздылығын атап өткен өңір басшысы аудан мен ауылдық округтердің әкімдеріне жоба қатысушыларына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

«Бір кооперативте аз дегенде мың адам болу керек, бұл оларға қолайлы шарттармен техника сатып алуға мүмкіндік береді. Өнімдерді өңдеуді жолға қою керек. Мәселен, шұжық цехын ашуға болады, шұжық цехы болған жерде міндетті түрде мал соятын цех та болады. Осылайша кооператив жұмысына көп адам тартылып, экономикалық жағынан тиімді болады. Сүт өңдеудің де келешегі бар. Әкімдердің міндеті – осы мәселенің бәрін бақылауда ұстап, су керек болса ұңғыманы бұрғылауды ұйымдастыруға, артық өнімді сатуға көмектесулері тиіс. Жақсы жұмыс істейтіндерді ынталандыру керек. Мысалы, кемінде бір гектар қосымша жер берсе»,-дейді Е.Тоғжанов.

Бесқұдық ауылының тұрғындары облыс әкімімен тілдесу мүмкіндігін жіберген жоқ. Олардың ішінде, жас футболистер воркаут алаңын орнатуды сұрады. Құзырлы орган өкілдеріне балалардың арманын орындау тапсырылды.

Жыл басынан бері Қобда ауданында ірі қара мен ұсақ мал басы 25 пайызға артқан. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында келер жылы құны 2,2 миллиард теңгеге 1600 бас ірі қара малға арналған ет бағытындағы репродуктор мен сүт-тауарлы фермасының құрылысы басталады. Өңір басшысы аудан басшылығына жобаға қолдау көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі "BS Agro" шаруа қожалығының күзгі дала жұмыстарының барысымен танысып, аудандағы мал өсірушілермен және ірі шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Шаруалар қосымша жер беруді сұрады. Е.Тоғжанов облыста пайдаланылмаған және мақсатсыз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Өңір басшысы: «Бұл жерлер адал еңбек ететін шаруашылықтарға беріледі»,-деп атап өтті.

Ол сондай-ақ, шаруаларды ауылдарды дамытуға үлестерін қосып, аудан тұрғындарына қолдау көрсетуге шақырды.

«Ауылда тұратын азаматтарға көмектесуіміз керек, жағдай жасау керек», - деді Е. Тоғжанов.

Пікірлер