Алматыда«NEW SILK WAY» V Халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумы өтті

1955
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласында Қазақстанның көлік апталығы шеңберінде «NEW SILK WAY» V Халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумы өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Шараның өтуіне «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік қызметкерлерінің одағы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ мұрындық болды.

«The Ritz-Carlton Almaty» қонақүйінде өткен форумда көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктер, халықаралық автомобиль тасымалдары, теңіз және теміржол логистикасы, азаматтық авиацияны дамыту және салада кадрлар даярлау мәселелері талқыланады. Жиынға ТМД, шетел министрлері, вице-министрлер, бизнес қоғамдастықтың, мемлекеттік және жеке компаниялардың өкілдері қатысты.

Алқалы басқосуда алғашқы болып сөз алған  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров жиынға қатысушылардың жұмысына сәттілік тілеп, көлік қатынасы мен жолдарды жақсарту бағытында оңтүстік астанада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Ол өз сөзінде Үлкен Алматы айналма жолы мен үшінші теміржол бекетінің ашылуымен қаладағы кептеліс мәселесі шешіліп, жолаушылар мен жүк тасымалы әлдеқайда жақсара түсетінін тілге тиек етті. Осыдан кейін мінберге көтерілген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов жаһандану заманында елдер мен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас пен барыс-келістің маңыздылығына тоқталып, форум барысында барлық қатысушыларға тиімді келісімшарттар жасалатынына сенім білдірді. «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ерлан Қойшыбаев болса еліміздегі ең ірі жолаушы және жүк тасымалдаушы құрылымның бүгіні мен болашақтағы мүмкіндіктері жайлы хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі «Транспорт және логистика ­­­– жаңа мүмкіндіктер» тақырыбы бойынша сөз сөйлеген Ресей Федерациясы Көлік министрінің орынбасары Д.Зверев, Түркия Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Омер Фтих, Беларусь республикасының Көлік және коммуникация министрінің орынбасары С.Дубин, жиынға онлайн қатысқан Иран Жолдар мен қалақұрылысы министрінің орынбасары Шахрияр Эфендизаде, Түркіменстан министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігі төрағасының орынбасары Ақмұрад Ходжабаев, Евразиядағы  IRU тұрақты өкілдігінің басшысы Вадим Захаренко, «Трасека» мемлекетаралық комиссиясының бас хатшысы Әсет Асавбав, BCG компаниясының атқарушы директоры Григорий Рубиндер бүгінгі кезеңнің ерекшеліктеріне тоқтала келіп, мемлекетаралық және халықаралық тасымалды жеңілдету, осы бағытта бірлесе жұмыс жасаудың маңыздылығы жайлы айтты.

Осыдан кейін жеке салалар бойынша панельдік сессиялар өткізілді. Бұл орайда «Қалыптасқан жағдайда көлік-логистика тасымалын  дамыту», «Халықаралық көлік тасымалы: жаңа мүмкіндіктер көкжиегінде әріптестікті нығайту», «Мұхит логистикасы ­– тауар айналымының көшбасшысы», «Теміржол логистикасы», «Азаматтық авиацияны дамыту бағыты», «Жаңа Қазақстан жағдайында көлік пен логистиканы дамытудағы білім мен ғылымның рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасалып, қатысушылардың талқылауына ұсынылды.

Келесі күні «Атакент» іскерлік байланыс орталығының 11-ші павильонында «Қазақстандағы қоймалық логистика нарығы», «Жаңа жағдайдағы логистика», «Көлік және логистикалық нарық» тақырыбында баяндамалар тыңдалып, Көлік және логистика саласындағы кадрларды даярлау орталықтарының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Осы жерде  түрлі мемлекеттер дайындап әкелген көрмелерді тамашалап, өзара тәжірибе алмасып, екіжақты тиімді әріптестік жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Ресей мен Украина арасындағы соғыс, осыған байланысты Ресейге салынған санкциялар жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстарды бұзып, іргелес елдерге кесірін тигізіп жатқаны жасырын емес. Алайда Қазақстан қиындықты өз пайдасына айналдырып, Еуропа мен Азия құрлығының арасында алтын көпір міндетін атқаруға толық мүмкіндігі бар.  Бұл өзгерістер бүгіндері-ақ нәтижесін бере бастағандай.

­­­ «Өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстан мен Латвия арасындағы жүк айналымының көлемі 23 пайызға артты. Көлік айналымы, негізінен, Қазақстаннан келетін теміржол, транзиттік жүктер, әсіресе, көмір есебінен артқан. Сонымен қатар, Латвиядан өтетін ферроқорытпалар да айналымның өсуіне әсер етті.  Біз биыл тауар айналымын тағы 10%-ға ұлғайтсақ деп ойлап отырмыз. Тасымалдау жағынан әзірге ешқандай қиындық жоқ, барлық мәселенің шешімі бар. Инфрақұрылымға келер болсақ, ол транзиттік тасымалдауға қатысты барлық мәселелерге сәйкес келеді», - деді Латвия Көлік министрінің орынбасары Улдис Рейманис.

Айта кетейік, форум Алматы шаһарында екі күнге жалғасты. Қатысушылар Қазақстан делегациясымен тасымалдау, жылдам және кедендік қызмет көрсету тақырыбын талқылап, алдағы істерге оң бағыт алды.

 

Пікірлер