Қоқыс тарифі көтерілді

1517
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы Орал қалалық мәслихатының кезекті 19-шы сессиясында депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.

Сессияның күн тәртібінде Орал қаласында «Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру, Орал қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көмуге арналған тарифтерді бекіту, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең аз мөлшері бекіту мәселелері қаралды.

– Сессияда көтерілген өзекті мәселе бұл қатты тұрмыс қалдықтарын жинауға, өңдеуге қатысты тарифтің көтерілуі туралы болды. Қала тазалығы бұл біріншіден үйден шыққан қоқыстардың уақытылы жиналып, қала сыртына шығарылып, жойылуынан басталады. Сондықтан бұл жерде жұмыс күшінің, техниканың маңызы зор. Тарифті көтеру арқылы жұмысшылардың жалақысы көтерілетінін, техниканың жаңаратынын алдыңғы сессиялардың отырысында айтқан болатынбыз. Енді бүгінгі сессияның шешімі бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеуге алынатын тариф көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін 1 адамға 442,92 теңгені, жеке үйлерге 1 адамға 451,64 теңгені, ал бірлік көлем үшін жылдық тариф 2092,55 теңгені құрайтын болды, – дейді қалалық мәслихат депутаты Нұргүл Ашықова.

Ал қалалық мәслихат депутаты Кенесары Нұрша көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға тариф бағамын жеңілдетуді сұрады және өтініш қанағаттандырылды.

Сондай-ақ жиында Орал қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту, Орал қалалық мәслихатының қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау туралы шешіміне өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Жоғарыда қаралған мәселелер бойынша қала депутаттары тиісті шешімдерді қабылдады.

Пікірлер