Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз - Тоқаев

2050
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының Жалпы дебатында сөйлеген сөзінде ядролық қарудан азат әлем құру жайында сөз қозғады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ол еліміздің ядролық қару  сынақтарынан  көп зардап шеккенін айта келе, ядролық державалар арасындағы текетірестің күшею қаупін жақсы түсінетінін алға тартты.

«Осыған орай ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз. Бұл саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан, өкінішке қарай, жалпы ахуал жақсы емес. Ядролық державалар арасында  күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес бізді алаңдатады. Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Алдымызда қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа механизмдерді әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 пандемиясы биологиялық қауіп-қатерлерді басқаруға және азайтуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айқындап бергенін атап өтті.

«Халықаралық ынтымақтастық үшін арнайы институт немесе орган құруға ешқандай шара қабылдамай, 50 жылдан бері биологиялық қару туралы Конвенцияның ережелерін әлі де ұстануымыз бізді алаңдатуы керек. Осыған орай бұған дейін ұсынған Биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құру туралы бастамамды қайта еске салғым келеді», - деді Президент.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер