Президент "Google"-да қызмет атқаратын қазақ қызын елге шақырды

2304
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін АҚШ-қа арнайы барды. Іссапар барысында Microsoft, Coursera, StartX, Amazon, Pfizer, Medtronic, Netflix секілді ірі компания басшылары және АҚШ-тағы қазақ жастарымен кездесу өткізді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Жастармен кездесу барысында Президенттің "Google" компаниясында қызмет атқаратын қазақ қызмен жүргізген сұхбаты ел назарына іліккен.

- Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде компьютер саласынан бакалавр дәрежесін алып, 2018 жылы Сан-Францискоға келдім. Бірқатар стартап компанияларда жұмыс істедім. Бүгінде "Google" компаниясында виртуалды машиналар бағдарламашысы болып келемін, - деді жас маман.

Ел президенті қазақ қызынан "Google" компаниясындағы қызметінің ұзақ не қысқа мерзімді екендігін сұрай келе:

-Елге қайтып келсеңіз сізді көмекке шақырамын. Байланыста боламыз ғой, енді. Америка деген жақсы, бірақ қызметіңізді Қазақстан мүддесіне істеңіз, - деп жауап қатады.

Естеріңізге сала кетейік, ел басшысы АҚШ-та энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, цифрландыру, қаржы және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды ортаға салып, екіжақты келісөздер жүргізіп жатыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер