Президент АҚШ-қа сапары барысында танымал аналитик, кәсіби экономист, профессор Рикардо Хаузманмен кездесті. Ғалым бірнеше жыл Гарвардтағы "Халықаралық даму орталығына" басшылық еткен, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Гарвард профессорымен кездесуде қазіргі заманның өзекті проблемалары, әлемдік даму модельдері мен экономика үрдістеріне қатысты әңгіме өрбіген. Құндылығы мол екі жақты кездесуге саясаткер, экономист Шыңғыс Мұқан:
- Мемлекет басшысы Нью-Йоркте бірқатар кездесу өткізіпті. Солардың ішінде профессорым Рикардо Хаузманнды көріп қуанып қалдым. Оның күрделілік теориясы негізінде “Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін не істемек керек” деген тақырыпта тезис қорғағам. Өте өзекті тақырып. Дамығымыз келсе, жалғыз ғана жол бар, ол - күрделілік теориясы бағыттайтын жол. Өркендеген кез келген ел дамудың құпиясын ашқан профессор Хаузманның нұсқап отырған жолымен жүріп өткен. Екі ауыз сөзбен жеткізер болсам: Экономикамыз орнықты даму үшін біз күрделі тауарларды шығаруымыз керек. Ал күрделі тауар шығару үшін қазақтардың басында күрделі ноу-хау (Ыбырайша айтсақ, өнер) болу керек. Ол өнерді қалай қондырамыз, өз алдына бөлек әңгіме, - деп баға береді.
Рикардо Хаузман экономикалық өсім диагностикасы, нарық заңдылықтары, өнім өндіру ережесі сынды тақырыптарға түрен салып жүрген ғалым. Оның кеңесіне көптеген мемлекеттің лидерлері, алпауыт компаниялар мен президенттер ұдайы жүгініп отырады.
- Осы тұрғыдан алсақ, Президенттің техникалық мамандықтарға ден қойып отырғаны сол Хаузманның кеңесі болса керек деп топшылап отырмын.... Ли Куан Ю де өз кітабында ғалымдармен көп ақылдасқанын жазады. Профессорлардан ақыл сұрау үшін Америкада бірнеше ай жүреді. Қасым-Жомарт Кемелұлының ғалымдармен кездесіп жүргенін жақсылыққа балаймын, - деп жазды Шыңғыс Мұқан.