Home » Айдарлар » Адырнама » Атын алғаны үшін ұрпағы Жаяу Мұсадан кешірім сұрапты

Атын алғаны үшін ұрпағы Жаяу Мұсадан кешірім сұрапты

Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, Болат Омарәлиев ағамыздың мына бір жазбасына көзім түсті.
Атақты халық композиторы Жаяу Мұса – тоқсан төрт жасаған, аса дарынды қиын тағдырлы ақын, әнші. Тоқсан үш жасында үйінде жатса, есіктен біреу «Ассалаумағалейкум» деп кіріп келіпті. Жаяу Мұса сәлемін қабылдап, жөн сұрағанда: – Шорманның немересі Сәдуақаспын. Атамның сізге істеген қиянатын кеш деп келіп отырмын, – дейді. Жаяу Мұса үндемепті. Сәдуақас үйден шығып кетеді. Қора жақтан дүрсілдеген дыбысқа елеңдеген Жаяу келінінен «қорадағы не дүрсіл?», – деп сұраса, ол: «жаңағылар бір үйір жылқы қамап кетті», – деп жауап қатқан. Сонда Жаяу: «қораның есігін аш та, жылқыларды қоя бер», – депті. Қорадан дүркіреп шауып шыққан жылқыларды көрген Сәдуақас «атамның қиянатын кешпеді ғой», – деп көзіне еріксіз жас алыпты.
Осы ретте Жаяу Мұса туралы басқа да деректермен бөліскенді жөн санадық.
Жаяу Мұса алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды. Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси-әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында елге оралады. Ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды.
Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербор қалаларында Полония, Литва жерінде болады.
Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулие-ата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады. Алыста жүріп, туған жерін сағынып «Сүйіндік» әнін шығарады. «Толғау», «Араб ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады.
Жаяу Мұса қазақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді.
Әзірлеген: Ә. ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
“Жалағаш жаршысы” газетіне

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Төл мәдениетіміздің тамыры тереңде

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау ...