Қазақстанда бұдан былай автокөлік нөмірлерінің бірегей DMC кодтары болуы керек, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Код арқылы полиция қызметкерлері нөмірлердің түпнұсқалығын тексере алады.
1 қыркүйектен бастап, ҚР СТ 986-2022 қолданысқа енгізілді. Ол бойынша қолдан жасаудан қорғау үшін қажетті арнайы және қосымша элементтері болуы тиіс нөмірлік белгілер мен оларға арналған дайындамаларға қойылатын талаптар жазылған.
Аталмыш стандартты ІІМ «Ақпараттық-өндірістік орталық» РМК әзірлеп, ол СИМ ТРМК ҚазСтандартта сараптамадан өткен болатын.
Стандартта мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріндегі қаріптерге, сандарға және қорғаныш элементтеріне қойылатын техникалық талаптарды біріздендіру қамтамасыз етілген. Соның ішінде қосымша қорғаныш элементтеріне полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірлердің түпнұсқалығын тексере алатын бірегей DMC кодтарын салу да жатқызылды.
“Арнайы қорғаныш элементтерін нөмірлік белгінің бетінен химиялық құралдармен немесе физикалық әсермен алып тастау мүмкін емес және нөмірлік белгінің бүкіл пайдалану мерзімі ішінде сақталуға тиіс”, - деп атап өтті ведомствода.
Сондай-ақ, ҚР СТ 986-2022қолданысқа енгізу өнімді дайындау бағасының өзгеруіне, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарға әкеп соқпайтыны белгілі болды.
”Адырна” ұлттық порталы