Алаш – алғы бабаларымыздан келе жатқан көне сөз. Бұрынғы үлкендердің айтуынша «Алты алашқа»: қазақ, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, түрікпен, өзбек кіреді. Бұл да негізсіз емес, өйткені олардың ұлттық болмыстары, өмір-тіршілігі, тілі мен діні, салт-санасы, ғұрып-әдеттері бірыңғай, ұқсас. Қазақта елге қамқор болған қадірменді адамдарын «Алаш азаматы» деп құрметтеген. Ешкімді жат көрмей, өзіне жақын тартып жүретін халқымыз, танымаған адамының да амандығын тілеп, «Алаш азаматының бөтендігі жоқ» деп іш тартушы еді, құрмет көрсететін, бұл сөз ел аузында жақсы ниетпен айтылатын.
Кешегі ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұзақ уақыт осы сөзден де, дәстүрден де безіп кеттік, «Алаш» аты аталса ат-тонымызды ала қашатын болдық. Оның басты себебі – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» тобының құрылуы және осы топ өкілдерінің болашақ ұлт тағдырын ойлап құрған саяси ұйымдары мен партиялары, ұстанған бағдарлары еді. Ол әрине Кеңес өкіметіне ұнамады, жалған айыптар тағылып, жазықсыз жазғырылып, кейінгі ұрпақ санасына теріс түсінік сіңіріліп, оларды «халық жаулары» деген жалған айыппен жазалап, ұрпақ санасынан аластатты.
Өткен ғасыр аяғында еліміз қол жеткізген Тәуелсіздіктің арқасында Алаш зиялылары ақталып, ұлтымыздың саяси-рухани тарихынан өз орындарын алды, ақиқат жеңді. Соның арқасында қазіргі уақытта жалпы Алаш, оның тарихы, әлемдік тарихтағы орны мен маңызы туралы, Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы орны туралы көп айтылып та, жазылып та жатыр. Осы бағытта жекелеген мақалалар мен монографиялық еңбектер, ұжымдық жинақтар жарық көріп, ғылыми-танымдық конференциялар өткізілді. Оның басты себебі «Алаш идеясының» өзектілігінде, Алаш аманатын орындаудың бүгінгі ұрпақ үшін қажеттілігінде және ХХІ ғасырдағы Тәуелсіз қазақ қоғамында оны жаңғырту мүмкіндіктерінің тууында.
ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің басты мақсаты – туған халқын терезесі тең, тәуелсіз жұртқа айналдыру болған. Бірақ, оның сәті түсе қоймады. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме басталып, ол толастар емес. Бұл заңды құбылыс та. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық езгі құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһанданудың алдында тұрған халықтың есті ұрпағына ұлтты ұйыстырар идея керек болды.
Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде Алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – Ұлттық Тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқандығында. Алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек, алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяның ұйытқысы болғандығын тарихтың өзі растады.
Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да, Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз жөн.
«Алаш идеясының» өзекті болатыны, біз Ұлттық идеологиямыздың негізін – «Алаштан» іздеуіміз керек. өйткені, «Алаш» - ұлтымызды бірлік пен ынтымаққа шақырды, дана Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» - деген ұлағатты сөзін өздеріне бағдар етті; бірегей ұлтымыздың өз территориясының, ата-бабадан қалған Ата мекенінің, қасиетті жеріміздің тұтастығын сезінуі және қорғауы; тіл, діл, дін, еркіндік – ұлт болмысының құрамдас бөлігі екенін терең түсінуі; әлемдік кеңістікте өз орны бар әлеумет, Егемен Ел ретінде, өз еншісі мен үлесін анықтауды жүзеге асыруды көздеуі т.б. «Алаш идеясында» мемлекеттің өркендей дамуы үшін білім мен ғылымның, техника мен технологияның, өнімді еңбектің орнына ерекше мән берілген. Ең бастысы адал, әділетті қоғам орнатып ата-бабалар арманына қол жеткізу болған. Сол тұстағы Ә. Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы басқарған қазақ зиялыларының өздерінің саяси қозғалыстары мен партияларының атын «Алаш» атауы да тегін емес. «Алаш идеясы» үшін күресу кезеңі өткен ғасырдың 1907-1930 жылдар аяғына дейін болды. Бұл аз уақыт болса да идеялық тұрғыдан алғанда ғасырға татырлық уақыт еді. Олардың әрқайсысының мемлекет басқаруға білімі де, білігі де жететін, толық қабілеті бар азаматтар еді. Сонымен қатар олар орасан зор сауатты, тамаша талант иелері, көп тіл ғана біліп қана қоймай, көп түйгендері мен білгендері бар айтулы тұлғалар болатын, ұлтын шексіз сүйген мемлекетшіл азаматтар еді. Кезінде осы лектің ең жас өкілдерінің бірі Мұхтар Әуезов: «Дүниеде болып өткен нелер ұлы жандар бар. Олардың ішінде даналары да аз емес-ті. Көбінен қалған дарынды кітап, ұлы шығармалар, терең мағыналы ойлар саналы тірлігіңде үнемі есіңе түсіп, қатарыңда ілесіп жүргендей болады, біз оларды керегіне қарай пайдаланамыз» - деп жазған болатын. Айтса айтқандай, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанды қайта жаңғырту барысында біз Алаш зиялыларының еңбектерін қажетсіндік және керегімізге жаратып та жатырмыз. Ұлтымыздың рухани-мәдени, және саяси тарихында Алаш зиялыларының орны ерекше. Оны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ерекше атап өтті: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды... Олардай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұраларын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек». Ендеше, біздің ойымызша, Алаш арыстарының асыл мұраларын игеру, өміршең идеяларын жас ұрпаққа жеткізу жалғаса беруі тиіс.
Тарихқа көз жүгіртсек, барлық адамзат қауымы, оның ішінде біздің қазақ ұлтының да әр буыны белгілі бір сынақтарды бастарынан өткерген. Біздің бабаларымыз бен алдыңғы буын өкілдері «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», алапат ашаршылықты, дүние жүзілік соғыстарды, заңсыз қуғын-сүргінді, ұлт аралық теңсіздікті көрді. Өскелең ұрпақ осылардан хабардар болулары керек, сонда ғана олар, Тәуелсіздіктің қадірін біледі, түсінеді. Арысы Асан Қайғыдан бастап, Абай мен Алаш зиялылары бұл күнді аңсаумен болды, өздері де осы күнді жақындату үшін бар мүмкіндіктерін сарп етті. Олар азаттық жолында арпалысты, талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі ұлтымыз есінде сақталып, жадында жатталып, ұрпақтан – ұрпаққа берілуі тиіс.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында ҚР Президенті атап өткендей, «алдағы төртінші он жылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет». Осы игілікті істі жүзеге асыруда Алаш қайраткерлері мұрасынан алатын тағылымымыз орасан. Өйткені, олардың қай-қайсысы да өз заманында ұлттық санамызды оятуға, ұлттық құндылықтарымызды ұштауға, дербес елдігімізді тәуелсіздікке ұластыруға қажыр-қайраттарын, қабілеттері мен білімдерін сарп етті. Олар осындай ұлы мақсаттардан шыға отырып, туған халқы үшін риясыз еңбек етті.
Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан, Алаш идеясы – ұлттық идеология, ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді. Сондықтан да олар өздерінің басты бағыттарын төмендегіше анықтады:
- жерге ең алдымен қазақ ие болуы керек;
- жердің асты-үсті байлығын алдымен қазақ иеленуі керек;
- өз өнімін өндіретін ұлттық экономика;
- қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі;
- білім мен ғылымның дамуы.
Бұл ұстанымдар бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Ендеше, Алаш идеясын өткен шақта қарастырмай, керісінше, Алаш арманын іске асыруымыз керек.
Алайда бүгінгі шындықтан шығар болсақ, біздің қоғамда ұлтсыздықтың, қазақты іштей және сырттай кемсітушіліктің барлығына көз жеткіземіз. Біз өзімізді көрші өзбекпен, тағы басқалармен салыстырсақ, өздерін орыс рухы үстемдік құрған Ресейдің бір автономиясында тұратындай сезінетін территорияларымыз да бар. Кедендік Одақ, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы (ОДКБ) орыс идеясын одан әрі күшейтуде. Бұларға ұлт мәселесінің қоғамдық санада, бұқаралық ақпарат құралдарында, саяси жиындарда, ғылыми ортада қызу талқылағанымен, атқарушы орган бұл істерге айтарлықтай мән бермей, жайбарақат күйде қалуда. Ал көптеген күрделі мәселелер ашық айтылмағандықтан сыртқа шықпайды, іштей ренжитіндер көбеюде. Олар қазақ ұлтына, оның тіліне, басқа да әлеуметтік адалдық пен ұлтын еліміздегі көп этникалық топтың бірі емес, мемлекет құраушы ұлт деп қабылдау. Өйткені, Қазақстанды орыстарсыз, кәрістерсіз, ұйғырларсыз және басқаларсыз елестетуге болар, бірақ қазақсыз елестету мүмкін емес. Біздің мемлекетіміздің атауы ғана емес, оның шекарасы, тілі, басым діні мен дәстүрі тек қазақтармен ғана байланысты. Осыдан келіп, мемлекет құрушы қазақ ұлтының болашағы өз отанымыздағы ұлт саясатына: қазақ тіліне, мәдениетіне, ұлттық құндылықтарға басымдық беруде. Алайда, бұл мәселе бізде өз деңгейінде шешімін тапты деп айту әзірге қиын. Біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік, бірақ, Алаш идеясының негізін қалаушылардың бізге қалдырған басты қағидасы - қазақ ұлтын отарсыздандыруды - осы уақытқа дейін ресми түрде жүзеге асыра қойған жоқпыз.
Бұлардан басқа біздің мемлекетіміз ішкі отаршылдыққа ұшырап отыр. Оның басты көрінісі ресми түрде Тәуелсіздікті жариялағанымызбен, әлемдік саяси қауымдастыққа мемлекет ретінде тіркеліп, танылғанымызбен, біз өз елімізде саяси, әлеуметтік, рухани жағынан шеттеу мен шектеу көріп отырған ұлтпыз. Бұларға ұлттық санасы қалыптаспаған, өз тілін, дәстүрі мен ділін құрметтемейтіндерді қосыңыз. Арамызда орыстану мен орыс ұлтына тән жағымды жақтарды игеруді ажырата алмай жүргендер бар. Ішкі және сыртқы отарлаушылықтың тағы бір көрінісі Қазақстанды басқа табиғи ресурстарға бай елдермен салыстырса, біздің азаматтарымыз өздерінің теңсіздіктерін айқын сезінер еді.
Рухани-мәдени саладағы отарсыздану – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Басқа елдердің біз үлгі алатындай озық тәжірибелеріне сүйене отырып, отандық және халықаралық заңдар негізінде ұлттық мәдениетті, дәстүр-салтты қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары, кионпрокат, театрлар мен концерттер репертуарларының ұлттық үлесінің шетелдікке қарағанда басымдығын қадағалау, ұрпақ тәрбиесі мен болашағына алаңдаған әрбір жауапкершілікті азаматтың мойындағы парызы және бүгінгі күнгі қажеттіліктердің бірі.
Ұлтымыздың рухани болмысын қалыптауда Алаш қайраткерлерінің тілдік мұрасының орны ерекше. Олар: қазақ тіл білімін дүниеге әкеліп, оның қалыптасуына сара жол салды; қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырды; тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, ұлт өркендеуіндегі орнын айқындап, қазақ руханиятындағы маңызына алғаш рет айырықша баға берді; қазақ тілді баспасөзді қалыптастыра отырып, әдеби тілдің публицистикалық жанрын тудырды; олардың ғылыми еңбектері, оқу құралдары арқылы ғылыми стиль, ғылыми-көпшілік стиль компоненттері орныға бастады; көркем аудармамен бірге, ғылыми, публицистикалық, саяси-әлеуметтік еңбектерді аудара отырып, жалпы қазақ аудармасының негізін жасады; Алаш қозғалысы тұсында ресми іс құжаттары стилі қалыптасты; ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастыра отырып, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына ерекше назар аударды; өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш зиялылары жақсы ұғынды.
Алаш зиялылары ХХ ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси- қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді.
Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газетінің ең алғашқы сандарының бірінде А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» - деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екендігін алғаш аңғартты. А.Байтұрсынұлының осы пікіріне орайлас ойды Алаш зиялыларының көпшілігі айтқан, яғни, ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдени тарихымызда алғаш айтқандар алаштықтар болды.
Ендеше, біз, ұлттық тілді дамытудағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, тіл мәселесіне кешенді түрде қарауымыз керек. Ең бастысы Елімізде тілге деген қажеттілік болуы керек және көпшілік мемлекеттік тілдің Конституциялық мәртебесінің сақталуын талап етуге құқылы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуында ұлттық элита мен бизнес элитасының қолдауларының да ролі зор болмақ. Рухани сау ұлт өз елінде басқа тілде сөйлемейді, басқа тілді өз тілінен жоғары қоймайды. Бұқара халық пен саяси элита консенсусқа келіп саналық деколонизация шараларын бастау күн тәртібінде тұрған мәселе.
Бұрынғыдай ел-халық алдында, Жолдауларда жақсы, жылы сөздер мен уәделер айтылып, орындалуын қадағаламау, ел-халықты алдарқата беру, бұрынғы өткен күнмен кеткені жөн. Жаңа Қазақстанда мемлекеттік тілге деген қатынас та жаңаша болуы – заман талабы!
Алаш зиялылары өз ұлтын шексіз сүйе отырып, басқа халықтармен тең құқылы қарым-қатынас орнатуды қолдады. Елімізде Тәуелсіздік жылдарында осы ұстаныммен Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Негізгі мақсат ел ішіндегі бірлік пен түсіністікті нығайту, еліміздің саяси-әлеуметтік, рухани саласындағы қабылданған мемлекеттік деңгейдегі шешімдердің жүзеге асуына ықпал ету болатын. Алайда, еліміздегі этно-мәдени орталықтардың әрқайсысы өз диаспораларының сойылын соғып, тарихи отандарымен байланыстарға басымдық беріп, оқшауланып бара жатырғаны қоғам белсенділері мен саясаткерлер тарапынан орынды сынға ұшырауда. Президент пен қазақтар туралы тәтті сөз, мақтап-мадақтау сөз айту бір басқа, ал оны өзіңнің ісіңмен көрсету мүлдем бөлек. Мәселен, олар еліміз халқының 30% құраса да, диаспоралардың балаларының қазақ мектебінде оқитындары бар-жоғы 1% жетер-жетпес қана.
Ұлт Ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз бай, білімді, һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» - деген екен. Бұл ұлағатты ой-тілектің айтылғанына да ғасырдан асты. Қазіргі уақытта елімізде білімділер мен оқығандар да, бай кәсіпкерлер де бар, бірлікке де қол жеткіздік. Алайда, білімділер мен кәсіпкерлердің біразы ұлт мүддесінен аулақ. Олардың бірқатары өз ана тілдерін білмейді, ұлттық мәдениетінен сусындамаған, ұлттық дәстүр-салттан аулақ. Ұлттық намыстан ада, рухсыз, жігерсіз. Осындай азаматтарымыз өзге мемлекет тілінде сөйлейді, балаларын да қазақ тілінде оқытуға құлықсыз, жүректері – «Елім», «Жерім», «Қазақстаным!» – деп соқпағандықтан, қаржыларын да Қазақстанда емес, шет елдерде сақтайды, балалары да сол жақта оқиды, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен әлеуетін көтеруді парызым деп санамайды, рухани өмірге араласуға дәрменсіз.
Алаш зиялылары өздеріне дейінгі ұлтымыздың рухани мәдениетін терең игерген жандар болды. Олар XV ғасырда қазақ халқының мемлекеттілігін құрған Керей, Жәнібек сұлтандардың өз заманының ойшылдары Асан Қайғы мен Қазтуған жырауды ғана емес, олардан ілгерідегі даналардың мұраларын да жетік білген. Ал біздің қазіргі уақытта ел тұтқасының әр түрлі деңгейін ұстап отырған басшыларымыз туралы осылай айта аламыз ба? Олардың арасында Абай мен Мұхтарды оқымағандарын былай қойғанда, өздерінің ана тілін, ата дәстүрін білмейтіндер қаншама?! Мұның басты себебі, бұрынғы замандарда қалыптасқан дәстүрлі ұлттық элитаның жаңа заманға сай, өз мазмұны мен ділін сақтай отырып қалыптаспауында еді. Кешегі ұлт болмысы мансұқталған Кеңес заманында ол үзіліп қалды. «Ұлттық» дегеніміздің бәрі кертартпалық, «ұлттық шектелушілік» т.б. делініп болашақсыз, келешексіз дүниеліктерге айналды, бұл үрдіс есімізден әлі шыққан жоқ, жаңғырығы құлағымызда тұр.
Ал шын мәнінде ұлттық элита дегеніміз –зерек ақыл-ойымен, тегеурінді іс-әрекетімен, интеллектуалдық ізашарлығымен халқының ілгерілеу дамуына шарапатын тигізген, адамзат өркениетіне лайықты үлес қосқан, ұлтқа үлгі қабілет-қасиетке ие тұлғалардың шоғыры. Ендеше, біз қазіргі уақытта салауатты, парасатты, білікті Алашшылдарды билік басына әкелуіміз керек. Оның бірден бір жолы таза сайлау мен меритократиялық қағидаларын сақтау. Демократиялық жолды таңдаған билік те, бұқара да, демократияның негізгі құралы – халықтың сайлау үдерісін бақылауға алуы, жікшілдіктен, рушылдықтан, бір сөзбен айтқанда – трайбализмнен аулақ болуы керек. Жақын арада қабылданған Конституциялық өзгерістерге байланысты жергілікті Мәслихаттар мажоритарлы принциппен сайланады. Яғни, қоғамдағы беделді, парасатты, білікті де құрметті адамдар партияларға тәуелді болмай, өздерін ұсыну арқылы Мәслихаттарға сайлана алады. Олар бұрынғыдай, өздерін қаржыландырып отырған партияларға тәуелді болмағандықтан, еркіндіктері шектеулі емес, сондықтан тәуелсіз депутаттар ретінде халықтың мұң-мұқтажы үшін күресе алады, өзінің ойын еркін айтып, билікке мәселені тура қойып, талап та ете алады.
Алаш қайраткерлерінің қозғалысы – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Гуманизм идеялары ұлттың жаңғыру, немесе, Қайта Өрлеу дәуірін жасайды. Батыстық ғылымда да, Европада да бұл мойындалған құбылыс. Оны Европада «Ренессанс» деп атап, азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналдырған. Қазақ Ренессансының басы – данышпан қазақ Абайдан кейін зор гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген – Алаш қайраткерлері еді. Елі мен жерінің тәуелсіздігі жолында күресте шыңдала, іздене отырып Алаш зиялылары өздерін де, өз замандастарын да, өздерінен кейінгілерді де қайраткерлік және қаламгерлік жағынан дайындады, жетілдірді деуге болады. Алаштың ренессанстық сипаты нағыз ұлтшылдық дәуір туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхаметжан, Жанша, Әлімхан және т.б. қайраткерлерді; Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сияқты алып талант иелерін қалыптастырды. Олардың ұлтшылдығы, кезінде большевиктер кінәлағандай жалаң ұлтшылдық емес, адамсүйгіштік, отансүйгіштік сезімдерінен ой мен іске айналған табиғи талпынысты ұлтшылдық болатын. Яғни, Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы, өз дәуірі туғызған, қазақ ұлтының алдына сол дәуірдің өзі қойған сауалдарға пікір жүзінде де, әрекет барысында да берген жауабы еді, Алаш зиялыларының гуманизмі – олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм болмаса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әрекеттерге де бармас еді. Алаш қозғалысының – қазақтың «Жаңғыру дәуірі» болғандығын, оның елім деген, жұртым деген азаматтардың басын қосқандығымен де дәлелдеуге болады. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ; Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «бас-басына би болған» қазақ; Алаш тұсында бас біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл нағыз Ренессанстың тамыры боларлық гуманизм.
Алаш қозғалысы дәуірі – қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, етене араласу дәуірі болды. Алаш қайраткерлері осы үлкен сынды абыроймен орындай алды. Елді бірлікке шақырды, халықты еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны болатын. Алаш қозғалысының тарихы отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған абзал азаматтардың жүріп өткен жолын үлгі ету, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қымбатты құндылықтардың бірі. Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолын таңдады. Біз бұл жолда өткеннен тағылым алсақ қана келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда Алаш зиялылары бізге үлгі еткен ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.
Сөз соңында басымнан өткен мына бір жайтты айта кетейін. Бірде Алматыға жол түсіп, ұшақта шешеннің ақсақалымен сапарлас болғанмын. Жасы үлкен адам болғасын жүгін көтерісіп, қамқорлық көрсеттім. Ақсақал қазақша таза сөйлейді екен, біраздан кейін халқының ауыр тағдыры жайлы әңгіме бастады (сол кезде екінші Шешен соғысы жүріп жатқан еді), екі жүз жылдық шешен-орыс соғысы, шейх Мансұр,Байсангур, Бейболат Таймиев, Зелімхан жайлы көзіне жас алып тұрып әңгімелеп, бүгінгі күндегі халқының ауыр жағдайы жайлы айта келе әңгімені кілт тоқтатып, маған қарап біраз үнсіз отырды да, «Біз 14 жасар баламыздан қартайған шалдарымызға дейін соғыссақ та Алла бізге Егемендікті бермей отыр, ал сендер азаттықтың қадірін, тіл мен дінің қасиетін түсінбесеңдер де, Алла сендерге беріп отырғанының себебі неден екенін білесің бе?»- деп сұрады. Ақсақалдың сұрағы қисынға келсе де, сұрағына жауабым жоқ екенін айттым. Ол біраз ойланып төмен қарап отырды да, басын көтеріп, «Сендердің оған қатыстарың жоқ, сендердің аталарың басқа ұлттарға көп жақсылық жасаған, оның себебі - сонда, байқаңдар, Алланың берген несібесінен айрылып қалмаңдар»- деп әңгімесін аяқтады. Бұл ақсақалдың әңгімесі көпке дейін есімнен шықпай жүрді, «Жаратқанның алдында қару алып, қан төгіп, ел қорғағаннан, адамға жасаған жақсылық құнды екен» деген тоқтамға келдім. Егемендігіміздің қадірін білейік, әр күнімізді, мемлекеттігімізді нығайтуға қажет бір әркет жасап, Елімізді келешек ұрпаққа аманаттайық.
Тоқтаров Қайырбек,
Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты