ОҢҒАР ҚАБДЕН: Балушкин ақшасын жейді. Кінәлі Мандиев па?

3557
Adyrna.kz Telegram

«Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы А.Балушкинге алаяқтық жасады деп, 2021 жылдың тамыз айында іздеу жарияланады. Себебі, ол мемлекеттің 173 миллиард, 979 миллион ақшасын жеп қойған. Бірақ, ол сабазың Ресей азаматтығын алып, сол жаққа қашып кетеді.

Бірақ, Балушкин басқа елге кеткенімен, іске
қатысы бар дегендердің біразы елде тергеуде.
Солардың арасында әлі күнге қамауда заңсыз
отырған, сол кездегі компания басшылығының ішіндегі жалғыз қазақ - Ержан Мандиев.

Бір жылға жуық темір торда отырса да, кінәсі
дәлелденбеген. Балушкиннен айырылып
қалғандар күмәнді істе Мандиевті басты тұлға жасамақшы ма?

Ержан Мандиевке Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айып тағылады. 2021 жылдың 20 қыркүйегінде ұсталып, тергеу тобы оны қамауға алады.

Айыпталушы әуелі Нұр-Сұлтан, кейін Семей
қаласындағы тергеу изоляторына ауыстырылады.

Қамауда жатқан ол өзінің азапталғанын
айтады:

«Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР ҰҚК-нің арнайы ұйымдастырылған бөлімшесінде - «Арнайы продол» деп аталатын тергеу изоляторында маған физикалық және психологиялық қысым жасалды. Дәрігерлер ми жарты шарларының ақ затында глиоздың вазогенді ошақтары, оң жақ алдыңғы ми артериясының А1 сегментінің гипоплазиясы
деген диагноз қойды. Мұндай өзгерістер бас соққы қабылдағанда туындауы мүмкін. Қазіргі таңда азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды».

Ержан Мандиев 2013 жылғы 8 ақпанда сол
кезедгі «Цеснабанк» пен өзі басқарған «АЗИЯ АВТО» арасында келісім болып, компания банктен 24 ай мерзімге 6 млрд теңге несие алған. Алайда сол жылы ол аталған компаниядан жұмыстан шығып кетеді. Одан ары қарай қаржылық мәселелерге қатысы болмаған. Одан кейін де банк компанияны белсенді түрде қаржыландыруды жалғастырған. Яғни банк ақша құюды тоқтатпаған. Бастапқы келісім-шарттың мерзімін де, сомасын да басқа адамдар өзгерткен. Ержанның өзі тұрмақ қолы да жоқ.

Сонда бірнеше жыл компанияға қатысы
болмаған адам қалай кінәлі болып, неге
қамалды? Айыпталушының адвокаты Ермек
Тұрсағұловтың сөзінше, Ержан Мандиев
«Жусан» банкке несиесін қайтармады деп
айыпталып отыр. Алайда бұл айып әлі күнге
дәлелденген жоқ. «Жусан» банк К.Мәсімовтың тапсырмасымен бұны қудалап, оған тиесілі дүниені тартып алғысы келген. Бар мәселе – сонда» - дейді қорғаушы Тұрсағұлов. Ержан Мандиевке қатысты бұдан бөлек азаптау және рейдерлік деген тағы екі іс бар. Екеуінде де оның зардап шегуші екені дәлелденген. Тергеу барысына келсек: қазіргі таңда қылмыстық істі үшінші топ жүргізіп отыр, қамау мерзімі 2022 жылғы 20 қыркүйекке дейін ұзартылған, қылмыстық іс бойынша Мандиевтің кінәсі туралы жеткілікті, объективті және жан-жақты
зерттелген дәлелдемелер де жоқ.
Отандық көлік нарығына айтарлықтай еңбек
сіңіріп, алпауыт компанияны аяғына тұрғызған білікті маман, экономист бірнеше жылға сотталуы мүмкін. Тағылған айып дәлелденсе, әңгіме бөлек болар
еді.

Айран ішкен Балушкин құтылып, шелекті
жаламаған да Мандиевтің сотталуы әділет пе?

Істемеген қылмысын мойнына іліп, қысым
жасап соттау ескі Қазақстанда қалды ма деп
едік. Ескі әдіспен жаңа Қазақстан құра аламыз ба? Неге рейдерліктің әрекеттердің бәрінде Мәсімовтың аты аталады?

ҚР Бас прокуратурасы, ҚР ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінен істің ашық та әділ жүргізілуін сұраймыз.

 

Пікірлер