Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Үкіметінің отырысында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Қылышын сүйреп келер қыстың да ауылы алыс емес. Соған орай, елде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
"Электр станцияларында 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада жөндеу аяқталды. Ал 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыларда. Жылу беру кезеңіне қазандықты дайындау үшін 1073 қазанды немесе жоспардың 90%-ына жөндеу жүргізілді. Электр желілерін жөндеу бекітілген кестеге сәйкес аяқталуда",- деп хабарлады Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Айтуларынша, электр станцияларында отын жинақтау жалғасуда: энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 3,9 млн тоннаны және 83 мың тонна мазутты құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді.
Сонымен қатар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдерінің сақталмағаны атап өтіледі.
Бұдан басқа, Шымкент қаласында және Қарағанды, Маңғыстау облыстарында күрделі жөндеулер 2023 жылға ауыстырылды.
Ал елдегі білім беру нысандарына келер болсақ, бүгінде 11 075 білім беру объектісі (жоспардың 99%-ы) ) және 5 566 денсаулық сақтау нысаны (98%) жылу беру маусымына дайын.
Сонымен қатар 42 383 тұрғын үйде (88%) жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ 11 мыңнан астам дербес қазандық (97%), 1 176 км жылу желілері (94%) және 2 031 км сумен жабдықтау және су бұру желілері (86%) жөнделді.
Айта кетеу керек, көмір өндіруші компаниялар 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106%-ды құрайды. Барлық өңірлерде көмірдің қоры қажетті мөлшерде жинақталған.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.
Премьер-Министр жалпы өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатқанын айтты. Қостанай, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Дегенмен, тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысы.
«Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмір бағасының күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалғанын атап өтті.
«Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек, дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет. Барлық объектілердің жылыту маусымына дайындығы бойынша жұмыстың аяқталуын бақылауды қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында болады», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
«Б