Тәңірді Абай және басқа да қазақ ақындары мойындаған

5340
Adyrna.kz Telegram

Құрметті бауырар! Соңғы кезде Тәңір туралы түрлі әңгімелер көптеп айтылуда.  

Қазақтар кең далада өмір сүріп ешкімді бөліп-жармаған. Кейбір қазақтар  ата-бабаларының "Адаммен адам тең" деген деген ұлы көзқарасын неге ұмытып бара жатыр? Әлде сырттан келген белгісіз күштер әсер етіп жатыр ма?

Кейбіреулер Жаратушыға сенуші адамның басқа сенімді ғайбаттауға құқы жоқ екенін ұмытып кеткен сыңайлы. "Дінде зорлық жоқ" деген Құранның Бақара сүресінде жазылған сөзді мойындамайтындар ғаламтор желісінде Тәңір туралы ойына келгенін айтуда. Тіпті көпшілік оқитын сондай қоғами жерде  небір дөрекіліктерге, тіпті былапыт сөздерді жазудан тайынбауда. Сөйте тұра өздері нағыз діннің өкіліміз дейтінін қайтерсің?!

Қазақ "Өнер алды қызыл тіл" дейді. Қазақ өлеңі тарихтың көрінісі екеніне ешкім шүбә келтірмесі анық. Ал, енді қазақ ақындарының Тәңірді жоққа шығарғаны бар ма екен, соны білейік.

Сөзім  дәлелді болуы үшін мәліметтердің қай кітаптың қай бетінен алынғанын мақалам мен әдебиеттер тізімінде анық көрсеттім.

Өздеріңізге деген құрметпен мәдениеттанушы Бердалы ОСПАН.

ТӘҢІР ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДА

Байырғы түркілер, олардың қатарында бүгінгі қазақ ұлтының бабалары әрқашан Тәңірді бірден бір жаратушы деп таныған. Шынында да Ақселеу Сейдімбек айтқандай : «...Тәңірлік дүниетаным өзінің космостық ауқымымен мойындатады. Тәңірлік дүниетаным, түптеп келгенде табиғаттану, табиғатпен танысу болып шығады. Ал бұл дегеніңіз, тіршілік атаулының тірегі дегенге саяды» [1.14 б.]. Себебі Альфред Вебер айтқандай, сайын далада еркін өмір сүріп, көпті көріп әлемде «көшпелілер» деген атқа ие болған халық «...өмірдің өте қысқа да осал екенін; басқы нәсіл ретінде, әлемге эпостық жырларда көрініс тапқан батырлық және нәзіктік сезімді көзқарас әкелді» [2.46 б.]. Шынында да көшпелілердің бүкіл тарихы үлкен бір эпостық жыр сияқты. Осы жырда Тәңірдің алатын орны ерекше.

Түркілер Тәңірге сенді, бәрі де соның ықтиярында деп білді. Олар осы сенімін көптеген ғасырлар мен қашықтықтар арқылы алып өтті. Бұл үлкен жетістіктерге жетеледі. Осылай болғанын атақты норвегиялық ғалым әрі саяхатшы  Тур Хейердал мына сөздерімен растайды: «Мен түркі өркениетінің ежелгі өркениетті дамытуға және таратуға тигізген ықпалының қаншалықты маңызды екенін толық сезінемін, сондай-ақ тіпті Еуропаның басқа бөлігінде орналасқан менің отаным Норвегияда да, қазіргі уақытта танылған қандай да бір өркениеттердің ішінен түркі мәдениеті ықпалының өте күшті болғанына сенемін» [3.88б.].

Тәңірге деген сенім байырғы түркілердің рухының айнымас бір бөлігі болып орнықты. Олардың сенімі күнделікті тіршілікте де көрініс тапты.

Түркілер балаларын Тәңірберген, Тәңірберді, Тәңірқұл сынды есімдерменн көптеп  атады. Бұл есімдер құстар іспетті тарих аспанына ұшып, кейін ұлы істерімен туған даласына қайтып оралды. Мысалы, қатардағы мәмлүк жауынгері болып, Египет сұлтаны дәрежесіне қол жеткізген тегі түркі Байбарыстың  заманында ғұмыр кешкен, тарихшылардың бірінің есімі Ибн Тәңірберді. Ол туралы басқа тарихшылар «Түркі ахуалын жетік білетін тарихшы» деп баға берді [4.72 б.].

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген белгілі ақын Әріп Тәңірбергенұлы [5.3 б.]. Екінші дүниежүзілік соғыстың атақты батыры Бауыржан Момышұлының әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазының есімі Тәңірберген Отарбаев [6.56 б.].

Қазақ халқы ислам діні келгенмен де Тәңірден бас тартқан жоқ. Оның есімі Алла есіміндей жиі аталды, тіпті қатар еске алынып кейде бірін-бірі алмастырып та айтылды (төмендегі Мағжан Жұмабаевтың «Тәңірі» өлеңін қараңыз). Тәңір мен Алланы теңестіру салтынның негізін қалаған ХІ ғасырда өмір сүрген кемеңгер түркі ғалымы, әдебиетші және лексикограф Махмұд Қашғари (туған жылы1028-29-жыл, қай жылы қайтыс болғаны белгісіз). Ол өзінің монументалды энциклопедиялық  «Диван лугат ат-турк»-«Түркі сөздігі» еңбегінде Тәңір есімін Алла деп аударған [7.90 б.]. Ғалымның бұлай етуі өзінің ойлап тапқаны емесі, тек Жаратушының түркілердің арасындағы кеңінен тараған аты. М.Қашғари өз еңбегінің  негізі көптеген түркі тайпалары мен халықтарының тілдері болғандықтан, нағыз ғалым ретінде сол қоғамның санасының тереңінен әбден орныққан Тәңір есімінің бір түрі ретінде Алла есімін көрсеткен.

Бұл үрдіс бүгінде де жалғастығын табуда. Халифа Алтай қазақ тіліне аударған Құранда «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ» деп жазылған [8.50 б.]. Құранда Тәңір мен Алланың аты қатар тұруы түсінікті де. Себебі қазіргі кезде де «Тәңірден артық  Алла жоқ» деген сөзді жиі естуге болады.

Осылай екенін қазақтың рухани мұрасы – ауыз және жазба әдебиетінде орын алған баталар мен жоқтаулар, өлеңдер және мақал-мәтелдер дәлел:

Бекерден бекер жатқаннан Тәңір безер [9.12 б.].

...

Күштіде Тәңір жоқ [9.12 б.].

...

Таңғы нәсіп Тәңірден [9.12 б.].

...

Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар [9.317 б.].

 

Қазақ тұрмысында үлкендер бата береді. Бата жолға шығар алдында, той басталарда, неке қиярда және басқа жағдайларда беріледі. Түрлі баталарда Тәңір сөзі жиі кездесіп отырады:

Тәңірім өзі оңдасын,

Әулиелер қолдасын [10.8 б.].

...

Тәңір сені қолдасын,

Уайым-қайғы болмасын [10.11 б.].

...

О, Тәңірім талқыға салма,

Сая бол өзің талыққан жанға.

...Бере гөр, Тәңір, тілеуді,

Мейіріміңді төгерсің [10.13 б.].

...

Тәңірім өзі жарылқап,

Талабыңды оңдасын [10.14 б.].

...

Уа, отау иесі,

Қолдасын Тәңір киесі [10.22 б.].

...

Тірлікте түзу жол тапсаң,

Тәңірім берер басқасын [10.25 б.].

...

Тәңір берген несібең,

Тепкілесе, кетпесін. [10. 33 б.].

...

Жарылқа, Тәңірім, қабыл ет,

Жарылқаудың қамын ет [10.34 б.].

...

Я, Тәңірім, жарылқа,

Жарылқағанның ішінде ет [10.36 б.].

...

Әуелі Тәңірім оңдасын,

Оң жолына бастасын...

...

Аруақ жебеп әрқашан,

Жолыңды Тәңірім оңдасын [10.41 б.].

 

Қазақ баталарында Тәңірмен бірге Алла, Құдай және әулие, ғайыперен қырық шілтен деген сөздердің жиі кездесіп отыруы қалыпты жағдай:

Жеткізсін Тәңірім Тілекке!

Тәуфих беріп Құдайым,

Ғаділдік салсын жүрекке!

...Адаспай жүрсең жолменен,

Кезігесің Қыдырға!

Аллаһу әкбар [10.51 б.].

...

Ай Тәңірің іркілмесін,

Күй Тәңірің күрсінбесін,

От Тәңірің көз ілмесін,

Су Тәңірің безінбесін!

...Тәңір тоқтар өмірің болсын!

...Біздің осы ақ батамызды,

Әуелі, көктегі Хақ Тәңір,

Әулие-әмбелер мен

Ғайып ерен қырық шілтен қолдасын,

Аллатағаланың құлағына шалынсын!

Әумин! [10.61].

 

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде берілетін бір бата:

Тәңірім жаздай берсін,

Жаздай берсе, жазылып,

Көкірегінде иман оты жазылып маздай берсін.

 

Тәңірім күздей берсін,

Күздей берсе, құтайып,

Ризығын маңдай термен іздей берсін.

 

Тәңірім қыстай берсін,

Қыстай берсе, қысылмай,

Ынсаппен тізгінін тең ұстай берсін.

 

Тәңірім көктемдей берсін,

Көктемде көктей өніп,

Талабың көкке өрлей берсін!

Әумин [10.63 б.].

 

Тәңір сөзі қазақ жоқтауларында да көптеп орын алған. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы 1895 жылы 27 жасында Алматыда қайтыс болған ұлы Әбдірахманға арнап жазған өлеңінде:

Тәуекел ғып білдірмей,

Күтіпсің Тәңірі жарлығын [10.145 б.].

Ақынның баласы қайтыс болған анаға шығарып берген жоқтау:

Жамиғат тоңбай, күн жылып,

Тәңірім рахым еткені-ай! [10.154 б.].

 

Ақын Жүсіпбекқожа Шайхыисламұлы 1899 жылы Талғар елінде Назар Қыдырәліұлы деген кісінің ұлы Ықсан 23 жасында қайтыс болғанда марқұмның анасына және екі жұбайына үш жоқтау шығарып берген. Жоқтауларда Тәңір. Жаратқан, Құдай сөздері қатар айтылады:

Лажым бар ма Тәңірге,

Қолқамның үзіп тамырын,

Өзегімді талғызды [10.157 б.].

...

...Алданыш қылғай Жаратқан [10.157 б.].

...

...Құдіреті күшті Құдайым [10.159 б.].

...

Сенбеңіз, халқым, жалғанға,

Кім көнбес Тәңірі салғанға [10.170 б.].

 

Ақын Қарпық Шолақұлы Төлебай дегеннің бәйбішесінің, қызының, және келінінің атынан үш жоқтау жазып берген. Он екі жасар қыздың айтқан жоқтауында Тәңір сөзі бар:

Талап еткен істерін

Келтірді Тәңірім оныңа-ай» [10.180 б.].

 

Ақын Әріп Тәңірбергенұлы дүние салғанда, одан сабақ алып жүрген шәкірті Шұғбан деген жас жігіт жазған жоқтауда:

Аямай берген Тәңірім ақыл кенін,

Адал боп туған дана, кемеңгерім, – деген өлең жолдары

бар [10.238 б.].

 

Қазақ ақындары мен жыраулары шығармаларында, билер өз сөздерінде Тәңір сөзін кеңінен қолданған. ХV ғасырдың екінші жартысы мен XVІ ғасырда өмір сүрген жырау Шалкиіз Тіленшіұлы ислам діні қасиетті деп танитын Кәәбаны Тәңірдің үйі деп білген:

Жүк тиедің кемеге,

Ниет еттің Тәңірінің үйі кебеге! [11.46 б.].

 

Жиембет жырау (ХVII ғасыр):

Он екі ата Байұлы

Бір Тәңірге сыйынды [11.59 б.].

 

Жырау Үмбетей Тілеуұлының (1706-1778) Бөгенбай батыр өлімін Абылай ханға естіртуі өлеңінен:

Тәңрім берген сондай сый!

Ұмыттың ба соны, Абылай! [11.87 б.].

 

Шал ақын (1748-1819)  атанып кеткен Тілеуке Құлекеұлы да Тәңір сөзін жиі қолданған:

Жел сөзді Тәңірім берген неге аяйын,

Шашылған несібемді жүрмін теріп [11.132 б.].

...

Бір жаста, екі жаста бесіктемін,

Бес жаста Тәңірі берген несіптемін [11.166 б.].

 

Жанақ Сағындықұлы (1770-1856):

Қаралыққа Тәңірім тыю салып,

Иллахи тартсын төрем істің ағы [11.182 б.].

 

Есет би (ХІХ ғасыр):

Тәңірден сұрап алған ұлдарың,

Тіл қайтарады ер жетсе [11.189 б.].

 

Ақын Алмажан Азаматқызы (1823- қайтыс болған жылы белгісіз):

Киік, құлан мекендер

Асқар таудың бұлағын.

Борай да борай қар жауса,

Тәңірдің өзі сақтайды

Киіктің жетім лағын [12.189 б.].

 

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881):

Тіріде көзім тоймайды,

Тәңірінің бергені – қараға [15.60 б.].

 

Ақмолла Мұхамедиярұлы (1831-1895):

Жердің жүзі жадырады жасарып,

«Тәңір ием, рахатың» кең дегендей [12.138 б.].

 

Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897):

Берген соң Тәңірім өмір, ақ бас болдық,

Келін мен балаға да жақпас болдық [12.157 б.].

 

Кемпірбай Бөгембайұлы (1834-1895):

Талабым Тәңір берген таудан үлкен

Алмаса өз бақытын қайтып құдай [12.167 б.].

 

Базар жырау Оңдасұлы (1842-1911):

Өлшеулі болды Тәңірімнің

Ешкім ара тұрған жоқ,

Несібемді жегізбей [12.282 б.].

...

Тәңірі қосқан жолдасы

Жаман болса жігіттің

Жатқа бойы сыналған [12.302 б.].

 

Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913):

Құлагерді өлтіргендей алдым несін,

Әркімнің Тәңірім берген несібесін [12.312 б.].

 

Абай Құнанбайұлы (1845-1904):

Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер [13.12 б.].

...

Тамашалап қарасаң Тәңірі ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер [13.12 б.].

...

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлыттан ашылса [13.17 б.].

...

Тәңірінің көзі жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз [12.17 б.].

...

Әуеле Тәңірім сорлы етті,

Арсыз елмен әуре етті [14.25].

 

Ақтан Керейұлы (1850-1912):

Тәңірім жел сөз берген соң,

Тартпайым басым шаршыдан [13.53 б.].

 

Балуан Шолақ Баймырзаұлы (1864-1919)

Сұрасаң менің атым – Балуан-Шолақ,

Денемде Тәңірім берген күшім мол-ақ [13.123 б.].

...

Жігітпін Тәңірім басқа жаққан шырақ,

Күшіме не тұрады менің шыдап  [13.123 б.].

 

Тәңір сөзі ХХ ғасырда өмір сүрген ақындар шығармаларында да көрініс тапты. Солардың бірі қазақтың «Айқап» атты тұңғыш журналын шығарушысы әрі редакторы Мұхаметжан Серәлин (1872-1929):

Әуелде Тәңірі оған нәсіп еткен,

Тағдырды пәнде бар ма бұзып кеткен [13.224 б.].

...

Тәңірге уағада етіп, ұрып қадам,

Көтерген ауыр жүкті пәни адам [13.226 б.].

...

Көңіліме ажарыңмен салдың жара,

Салған Тәңірім басқа не дүр шара?! [13.227 б.].

 

Тәңір сөзіне үлкен мән берген ақын Мағжан Жұмабайұлы «Тәңірі» атты өлең де жазған:

Зор Тәңірі, күштісің сен, күтеміз біз,

Әділ деп әр ісіңе сенеміз біз.

...Кеш, Тәңірім, болса сөзім пендешілік,

Мінекей, айқын зұлым, қайда әділдік?

...Кеш Тәңірім, сорлы құлға қаһар етпе,

Рақым қыл, біз сорлыны шетке теппе.

Сөз шықты жан ашумен, әділ Тәңірім,

Тиген соң ащы таяқ тұщы етке [16.68 б.].

 

Ақын осы «Тәңірі» өлеңінде Тәңірмен бірге Алла сөзін де қолданған:

Ауыздан Алла атыңды тастамаймыз,

Алласыз ешбір іске бастамаймыз [16.68 б.].

 

Мағжан ақын басқа да өлеңдерінде тәңір туралы айтады. Ақынның мына бір өлеңі соның дәлелі:

АҚСАҚ ТЕМІР СӨЗІ

Жиһан деген не нәрсе?

Алақанның ауданы.

Бір ауданда көп Тәңірі

Болудың тіпті жоқ сәні...

 

Тәңірі – көктің тәңірісі

Күңіренсін, көгін билесін!

Жер тәңірісі Темірмін,

Жеріме тәңірі тимесін!

 

Көк тәңірісіТәңірінің

Тұқымы жоқ, заты жоқ.

Жер тәңірісі Темірдің

Тұқымы – түрік, заты – от! [17.83 б.]

 

Ақынның «От» атты өлеңі де Тәңір туралы. Өлең былай аяқталады:

...Күннен туған баламын

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам.

Өзім күнмін, өзім от,

Сөзім, қысық көзімде от.

Өзіме өзім табынам.

Жерде тәңірі – от,

Оттан басқа тәңірі жоқ [17.87 б.].

 

Таңжарық  Жолдыұлы (1903 - 1947) көп қиыншылық көрген ақын:

Тәңірге даусың жетіп күйзелесің,

Тырнақтың ине сұқса көбесінен [18.137 б.].

 

Тәңір ұғымы қазақ болмысында жан-жақты көрініс тауып отырған. Мысалы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы қазақ күйі туралы айтқан бір сөзінде: Күй – Тәңір күбірі, дейді [19.80 б.]. Мұрат Әуезов бұл сөздің толық нұсқасын былай деп айтқан еді:

Адам күбірін тау естиді,

Тау күбірін Тәңірім естиді,

Тәңірдің күбірі – күй.

Қазақ күйлерінің Тәңірмен жалғастығын сыбызғышы Мүйімсат Оңғаровтың музыкатанушы Абдұлхамит Райымбергеновке баяндап берген «Қызылқан» күйінің тарихынан білуге болады:  «Жылда көктемде, солтүстікке құс келетін уақытта, көп құс шөлден жол таба алмай қырылып қалады екен. Содан құс әміршісі – Қызылқан деген қаз жаратушы Тәңірге барып, аспаннан жол салып беруін өтінеді. Тәңірі құстарға аспаннан жол салып береді. Осы күнгі аспандағы құс жолы содан қалған екен деседі» [20.63 б.].

Қазақ халқы ата-анасын, әсіресе анасын төбесіне көтере силауы ерекше. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Сол дәлелдердің бірі ретінде композитор Жақсыгелді Сейітовтың ақын Аманжол Шамкеновтің сөзіне шығарған, кеңінен танымал «Ана туралы баллада» әнін айтуға болады. Әнінің қайырмасында мынадай өлең жолдары бар:

О, аналар, осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.

Сиынатын болса өмірде құдірет,

Сиынар ем ана деген тәңірге [21.262 б.].

Қазақтар әлі күнге дейін жақсылық тілесе: «Тәңір жарылқасын!, Тәңірім қолдасын!», деп айтады.

Қазақ қуанса да Тәңіріні еске алады. Қазақстан 1991 жылы өз Тәуелсіздігін жариялағанда белгілі қазақ өнертанушысы Ақселеу Сейдімбек өзінің жүрекжарды қуанышын күнделігінде төмендегідей жазумен білдірген:

«16.12.91.

Азаттық!

О, Тәңірім, ұзағынан сүйіндіргей!» [1.271 б.].

Жоғарыда айтылғаннан Тәңір қазақтың жүрегінде ерекше орын алатынын білуге болады. Қазақ әрқашанда шаңырағындағы ең сыйлы орынды «Төр» деп атаған. Қазақ ұғымында осы бір биік орында Тәңірге деген сенім тұр.

«Аспан – ашық көк аспан, сол бір алыстағы биіктікке көз тіге қарайсың... Тәңірдің мекені сол жақта, аспан төрінде» [22.319 б.].

Қазақ Тәңірін ешқашан ұмытқан емес.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Сейдімбек А. Ойтолғақ. Алматы, «Жалын». 1997.
  2. Ясперс К. Смысл и назначение истории. Москва. «Республика». 1994.
  3. Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер. Древнетюркская цивилизация: памятники письменности. Алматы, «Ғылым». 2001.
  4. Сәки Қ. Қыпшақ мәмлүктер. Астана. «Фолиант». 2006.
  5. Тәңірбергенұлы Ә. Ұмытпаңыздар мені. Алматы. «Жазушы». 1969.
  6. Бауыржан батыр. Алматы «Жалын». 1991.
  7. Махмуд ал-Кашгари. Диван Лугат ат-Турк. / Перевод, предисловие и комментарии З.-А. М. Ауэзовой; Индексы составлены Р. Эрмерсом. — Алматы. Дайк-Пресс, 2005.
  8. Құран кәрім, қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. Екі харамның қызметкері Фаьд патшаның Құран шариф басым комбинаты.
  9. Кейкин Ж. Қазақтың 6000 мақалы мен мәтелі. Алматы. 1995.
  10. Қазақтың бұрыннан қалған сөзі. Алматы, «Жазушы», 2007.
  11. Бес ғасыр жырлайды. Алматы, «Жазушы». 1984. 1 том.
  12. Бес ғасыр жырлайды. Алматы, «Жазушы». 1984. 2 том.
  13. Бес ғасыр жырлайды. Алматы, «Жазушы». 1984. 3 том.
  14. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алматы, «Атамұра».
  15. Қанайұлы Ш. Қайран халқым. Алматы. «Раритет». 2002.
  16. Жұмабаев М. Шығармалары. «Жазушы», 1989.
  17. Жұмабаев М. Шығармалары. «Ғылым», 1992.
  18. Жолдыұлы Т. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1992.
  19. Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме. Алматы, Дәстүр. 2010.
  20. Райымбергенов А., Аманова С. Күй қайнары. Голоса народных муз. Алматы. «Өнер». 1990.
  21. Қазақстан композиторларының әндері. Алматы, «Өнер». 1991. 2 том.
  22. Ауэзов М. Уйти, чтобы вернуться (Дневники). Алматы. «Жібек жолы». 2011.

Бердалы ОСПАН.

"АДЫРНА" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

Пікірлер