Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Саяси реформа жағдайында Қазақстан Халқы Ассамблеясының жұмысын жетілдірудің негізгі бағыттары» тақырыбында өткен Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясының пленарлық отырысына қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде сессияның міндеті – ҚХА-ны одан әрі дамыту бағыттарын белгілеу екенін атап өтті.
- Еліміз үшін тұрақтылық пен этносаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа нақты жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік пен келісім саясатымыздың берік институционалдық тірегі болып қала беретінін атап өтті. Ел Президенті ҚХА қызметінің үш негізгі басымдығын айқындап берген болатын. Олар: Ассамблеяның саяси реформаларды іске асырудағы рөлін арттыру, қоғамдық әлеуетін жандандыру, құқық қорғау қызметін күшейту және ақпараттық жұмысты күшейту. Біздің облыста да осы бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады, - деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы шағын және орта бизнестегі, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын дамытуға үлес қосып жүрген жамбылдықтардың, түрлі этнос өкілдерінің жетістіктерін жүйелі негізде кеңінен жариялау қажет деп есептейді. Өңірлік ҚХА мүшелерін интернет-кеңістіктегі жұмыстарды жандандыруға, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі азаматтарды қабылдау, оларға құқықтық көмек көрсету, «Батырлар біздің арамызда» жобасын іске асыру, этностар күндерін өткізу, медиация институтын дамыту және дәріптеу бойынша міндеттер жүктеді. Айта кету керек, биыл облыста ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп медиаторларды дайындау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды.
– Бірлік, тұрақтылық – Жаңа Қазақстанды құрудағы табысқа жетудің маңызды шарттары. Біз бұған бірлесіп қана қол жеткіземіз. Жалпыұлттық референдумда Конституциялық түзетулер мен толықтыруларды халықтың басым бөлігі қолдап, дауыс берді. Енді баршамыз күш біріктіре отырып, осы қабылданған өзгерістерді жүзеге асыруға тиіспіз, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Сессия барысында аймақ басшысы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдерін марапаттады. Қазақстан Республикасы ҚХА мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, меценат Жалил Аббосов өңірлік ҚХА төрағасының Қоғамдық орынбасары болып сайланды. Қатысушылар секциялық талқылаулар кезінде әзірленген ҚХА қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды бірауыздан мақұлдады.
Бүгінде облыста 75 этно-мәдени бірлестік,172 облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі бар.
Жыл басынан бері этносаралық қатынасты нығайту мақсатында 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.