"Ұрып-соқты": Лагерьге демалуға барған бала ауруханадан бір-ақ шықты

2255
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы сауықтыру орнында «баламды ұрып-соқты» деген ана әділдік іздеп шу шығарды. Айтуынша, демалыс орнындағы санитарлық талап өз алдына, тіпті сондағы тәрбиешілер жасөспірімге сес көрсетіп, өзге балаларға ұлын ұрғызған. Соның салдарынан Мұхаметәли Базарғалидың миы шайқалыпты. Ол қазір балалар ауруханасында емделіп жатыр, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Дау шыққан мекемеге жеткен ауданның шенеуніктері мен санитар мамандары тексерісті бастамақшы. Үш баланың анасы Сандуғаш Сұлтан қазір әділдік іздеп жүр. Осыдан бір апта бұрын ұлына лагерьге жолдама берілгенде дәл бұлай ауруханадан бір-ақ шығамыз деп ойламадым дейді. 14-тамыз күні Жамбыл ауданындағы «Таулэнд» демалыс орнына кеткен ұлы үш күн өтпестен үйіне әкетуін өтініп жылаған.

 «17-сі күні кешкі сағат бес жарымда балам телефон соқты, бөтен нөмірден хабарласты. «Анашым» деп менімен қоштасты. «Бүгін менің соңғы өмірім, осымен бәрі бітті», - деді. Енді бала анаға хабарласқан кезде «нені» деп едім. «Анашым, бүгін мені алып кетіңізші» - деп өтінді. Баламды көрген кездегі жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Баланың жағдайы өте нашар болды. Бала әлсіз. Күші жоқ. Көзі деген жасқа толы», - дейді М.Базарғалидың анасы Сандуғаш Сұлтан.

Осылайша келіншек ұлын демалыс орнынан кешқұрым әрең алып шыққан. Содан кейін ғана Мұхаметқали анасына іштегі жағдайды бүге-шүгесіне дейін баяндаған.

 «Балаға тамақ бермеген. Біреудің қалдық тамағын ішкізген. Іші лас, кір. Ешқандай жағдай жоқ деді. Шағымданатын болсақ, бізді ұрды деді. Жетекшілері өздері ұрмай, балаларға бізді ұрғызды деді. Балалар мені сол себептен ұрды», - дейді анасы.

Артынша лагерь мен әкімдік қызметкерлері бала мен ананы сол аудандағы ауруханаға апарған. Алайда Мұхаметәлиді тексеріп, «түк таппадық» деген ақ халаттылар оларды кері қайтарыпты. Бірақ Сандуғаш түнделетіп болсын, өзі тұратын аудандағы аймақтық балалар ауруханасына жеткізген. Мұндағы дәрігерлер Мұхаметәлидің соққы алып, таяқ жегенін растап отыр.

 «Бізге бала 18 тамызда түскен. Базарғали Мұхаметәли. 12 жастағы бала. Түскендегі жалпы жағдайы  орташа. Бас жарақатын алған. Миы шайқалған. Денесінде соғылған жарақаттар бар. Біз ол баланы диагностика жасап, қазір бала емделіп жатыр. Бүгінде баланың жалпы жағдайы қалыпты», - деді Алматы аймағы балалар ауруханасының нейрохирургі Есентай Жаңабаев.

Жамбыл ауданындағы «Таулэнд» сауықтыру орталығы. Есігін жан баласына ашпауды тапсырған қожайыны сол күйі бой көрсетпеді. Ал жағдайды «әлеуметтік желіден көріп келдім» деген халық қалаулысының өзі ішке кіре алмады. Енді бұл жағдайды үкіметте қозғаймын деп отыр.

 «Өзім де, міне, келіп тұрмын. Интернеттен естіп. Депутаттық сауал жазамын. Бүкіл жүйелі сұрақ. Себебі, тек Қарғалыдағы балалар лагері емес, бүкіл Қазақстандағы лагерлерге біздің мемлекеттік тапсырыс бар болатын. Балаларымыз баратын жерге байланысты болып тұр. Соны көтеруіміз керек», - деді Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова.

Санитарлық талапқа жауап беретін мамандар Сандуғаштың арызын әлі қабылдамапты. Сол себепті олардың да осында келіп, ішке тексеріс жүргізуге құқығы жоқ. Ол үшін жолдама құжаты қолына тиіп, прокуратурадан рұқсат алу керек екен. Ал сыртта сабылып күткен әкім орынбасарының өзі мораторий жарияланғалы, қолымыздан келер шара жоқ деді.  Қазір Сандуғаш Сұлтан Облыстық полиция мен санитарлық бақылау департаментіне арыз жазып өткізді. "Баламды қорлатып қоймаймын" деген келіншек істі аяғына дейін апарамын деп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер