“Көзін ағызып жіберген”: ШҚО-да зардап шеккен баланың әкесі әділдік іздеп жүр

4288
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Бір жыл бұрын сыныптасы қалам лақтырып, көзі көрмей қалған оқушының ата-анасы әділдік іздеп, "сау баламды соқыр еткендерге" тым жеңіл жаза берілді деп отыр. Сөзінше, сабақ кезінде балаға тікелей жауапты тұлғалар жай ғана сөгіспен құтылған екен. Ал істі жабу үшін емге деп азын-аулақ ақша жинап беріпті. Биыл тағы да жеті жүз мың теңге ұсынды дейді жәбірленуші. Ал қаржы еш жазығы жоқ мұғалімдерден жиналғанын естіп, көмектен үзілді-кесілді бас тартыпты. Серік Әкімбаев бала қауіпсіздігіне салғырт қараған директор жұмыстан қуылсын деген талап қойды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

31-арнаның “Информбюро“ бағдарламасының хабарлауынша,  11 жастағы Еркеғали – Серік Әкімбаевтың тұла бойы тұңғышы. Сөзінше, бір жарым жылдан бері ұлының сол көзі көрмейді. Өйткені өткен жылы сабақ үстінде сыныптасы Еркеғалиға қалам лақтырып, көзі ағып кеткен. Содан бері төрт рет ота жасатыпты. Енді баласы бесінші рет ауруханаға жатқызылып отыр. Бірақ дәрігерлер үміттен күдік басым екенін айтыпты, себебі көзі жүз пайыз көріп кететініне кепіл жоқ. 

“Биыл бала үш ай бойы әр аурухананың баспалдағын тоздырып жүр. Енді бізге Петербург қаласына жолдама берді. Катон-Қарағайдан Санк-Петербургқа баламыз екеуміз барып қайтқанымызды есептегенде 2 млн 300 мың теңге ақша керек екен. Ал отасы қайда, жатар орны қайда, оның аудармашысы қайда?”, – деді  жәбірленушінің әкесі Серік Әкімбаев. 

Айтуынша, кезінде кешірім алу үшін керекті көмекті көрсетеміз деп көл-көсір уәде берген тарап ізім-ғайым жоқ. Сосын шенеуніктерден "Қазақстан халқына" қорынан қаржы алуға жәрдемдесуді өтініпті. Өйткені отаға қажетті қаржыны тек осы ұйым ғана бере алады. Мектеп директоры болса мұғалімдерден жеті жүз мың ақша жинап әкепті. Алайда одан бас тартуға мәжбүр болған. 

“Бірінші қыркүйекте мен екі баламды ол мектепке жіберуден бас тартамын. Қорқамын жіберуге. Айдың күнінің аманында, таңғы сағат жетіде баламды мектепке жіберемін. Ал түсте көзі қанталап келді. Баяғыда біз оқып жүргенде біз 26 бала оқыдық. Ал қазір айналдырған он балаға ие бола алмайтын мұғалімнің керегі не?”, – деп қосты Серік Әкімбаев. 

Әкімдік өкілдері барлық жауаптылар заң аясында лайықты жазасын алды деді. Мысалы, сынып жетекшісі мен директорға сөгіс берілген. Қосымша әкімшілік айыппұл салыныпты. Айтуынша, жазатайым жағдай болғандықтан мектеп қызметкерлерінің кінәсі жоқ. Ал жеті жүз мың теңгені мұғалімдерден өз еріктерімен жинады дейді. 

“Сол балаға кім аямайды көмек бергісі келгендер өз еркімен көмек ретінде аудандық білім бөліміне ақша өткізген. 700 мың теңге көлемінде қаражат жиналды, ата-анасы өздері қабылдамады”, – деп мәлімдеді ШҚО Білім басқармасының бөлім басшысы Әсем Нүскенова. 

Шенеуніктер Әкімбаевтарға көмек көрсетілгенін және қажетінше қолдауға дайын екендерін жеткізді. Олар бұған дейін де отаға жолдама беріп келген. Бірақ шет елдерде жасалатын ота жайын тек министрлік шешеді деп отыр. Ал олар бас тартқан ақшаны аудандағы емге мұқтаж өзге де балаларға үлестіріпті. 

Пікірлер