Түйені түгімен жұтқан Байгенжиндер

3160

Жекешелендіру деген біздің қоғамға КСРО ыдырап, тәуелсіздікті қолға алған сәтте келді. Бұл бір нарықтық экономиканың заңдылығы еді. Барлығы жекешелендіріле бастады. Ғимараттар, ауыл шаруашылық техникалары, төрт түлік мал, жер үлесі және басқа. Сол кезеңнен бері жекешелендіру бір нақты шешіліп, түйіні шешілген емес. Тоқсаныншы жылдары талай қазақ «пай» деп шулап жүрді, оның соңы «ойбай», ақыры айғай болып кетті. Әлі дауы басылмай тұр.

Қазір де жекешелендірулер жүріп жатыр. Бірақ заң бұзушылық әлі де бар. Тіпті жетерлік. Заң талаптарын көпе-көрнеу ескермей, сату шарттарын бұзып, құны жоғары ғимараттың құнын төмендетіп, дөкейдің иелігіне беріп жіберетін сәттер аз емес.

Қаржы министрлігі еліміздегі ерекше медициналық орталықты жекешелендіріп жіберді. «Ұлттық ғылыми медициналық орталық». Міне, талай адамның жанын сақтап қалған орталықты жекешелендіреміз деген ойлары ақыры іске асты. Екінші мәрте талпыныс жасалып барып, приватизацияланды, бірақ «прихватизацияланды» дегеніміз дұрысырақ болар. Алғашқы талпыныс 2018 жылы болған еді. Ол сәтте конкурсқа бір ғана өтініш түсіп, конкурс өтпей қалды. 2021 жылы медициналық орталыққа қатысты жекешелендіру ерекше тәртіппен өтетіні хабарланды. Аукционға салмай, тікелей сату жолы қолданылады делінді. Инвестор да дайын деді ақпарат көздері. Бұл заң талаптарына қайшы екенін айта кетуіміз керек. Жекешелендіру үшін аукцион өтіп, түрлі компаниялар баға ұсынуы қажет. Алайда олай болмады...

Бәрін басынан бастайық. «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» дегеніміз не және оның қандай маңызы бар? Астанада жаңа дәуірдің басында 240 орынға арналған Республикалық клиникалық аурухананың құрылысы басталды. Нысанды «ФитцпатрикКонтракторс» британдық компаниясы Англиядағы корольдік клиникасына ұқсатып салды. Ашылу салтанаты 2001 жылдың тамыз айында өтті. Сол кезден бастап клиниканың мәртебесі екі рет ауысты: Республикалық клиникалық ауруханадан РМК-ға (2003 ж.), кейін «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-ға (2010 ж.) ауысты. Медициналық орталық өте маңызды, себебі жүрек ауруларын емдеу бойынша көшбасшының бірі. Оны FDA (АҚШ) шешімімен ҰҒМО клиникалық халықаралық зерттеулер жүргізу үшін қауіпсіз клиникалар базасына енгізілгені-ақ дәлелдеп тұр. Осының өзі, орталықты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жіберуге болмайтындығын көрсетпей ме?!

Алайда инвестор табылды. Инвестор ретінде «Mexel Health» ЖШС аталуда. Біраз жыл медицина салысында тәжірибесі бар компания, 11 жыл бұрын тіркелген, басшылық тізгіні Ботагөз Ахметбаевада. Мемлекетке осы жылдар ішінде салық төлеуі тиіс қой, алайда қолжетімді дереккөздерде 2019 жылғы салық көрсеткіштері ғана бар, ол бойынша 62 мың теңге аударыпты. Ашық дереккөздер осылай дейді. Міне, ақырында осындай компания «Ұлттық ғылыми медициналық орталықты» жекешелендіріп алды.

Қазақстандағы компанияларға ақылы тексеру қызметін көрсететін Kompra компаниясының есебіне сәйкес, «Mexel Health» құрылтайшысы «Spectrum Medclinic» ЖШС болып табылады және салықтары туралы дерек Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жоқ болып шықты. «Mexel Health» компаниясының басшысы, сол есеп бойынша Ахметбаева Ботагөз Әділқайырқызы екені айтылады, дәл осындай есімді адам бұрын «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын. Сәйкестік пе?

«Spectrum Medclinic» негізін қалаушылар, ретінде Байгенжина Әйгерім Абайқызы және Есімсейітов Марат Сансызбайұлы аталады. Әйгерім Байгенжина Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың еншілес тұлғаларының тізімінде болса, медициналық орталықтың басқарма төрағасы болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымының докторы, профессор Байгенжин Абай Қабатайұлы болғанын айтуға тиіспіз.

(Суретте: Байгенжин Абай Қабатайұлы ғылым докторы, проф)

Жекешелендіру кезеңінде Медициналық сақтандыру қорына төрағаның мемлекеттік сатып алу бойынша орынбасары болып Байгенжин Арыстан тағайындалады. Ол Байгенжин Абайдың жақын туысы. Үкімет қор арқылы медициналық орталықтарға қаржыны таратады. Схема түсінікті деп ойлаймын. Млрдтар таратылады, млрдтар! Бірі орталықты басқарушы, бірі оны жекешелендіруші, тағы бірі медициналық орталықтарға қаржыны жөнелту орнында отыр. Барлығының тегі бір. Сәйкестік пе?

Айта кету керек, "Міндетті медициналық сақтандыру қорының" алғашқы басшысы Талапкер Иманбаев 1998 жылы "906 млн 557 мың теңге ұрлады" деп айыпталып (өзі мұны жоққа шығарады), шетелге қашып кеткен еді. Иманбаев мұны Рахат Әлиевтің саяси қысымы ретінде түсіндіреді. Айтпағымыз бұл емес. Абай Байгенжин сол жылдары атаулы қорда Талапкер Иманбаевтың орынбасары қызметін атқарады...

(Суретте: Арыстан Байгенжин - бұрынғы Медициналық сақтандыру қоры төрағасының мемлекеттік сатып алу бойынша орынбасары)

Әлгі қаржыны таратып отыратын қорда Арыстан Байгенжиннің отырғанын айттық. Ол қорда қызметте отырған сәтте, қордың қаржысы еселенді. Арыстан Байгенжиннің бір жыл бұрын айтқан сөзіне назар аударсақ, 2021 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсету бойынша сатып алу жоспарында 1 820 млрд теңге қарастырылған, ол 2020 жылмен салыстырғанда 403 млрд теңгеге артық еді. Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комиссариаттың медициналық қызметтерін қаржылық қамтамасыз ету 1114,7 млрд теңгені немесе сатып алу жоспарының жалпы сомасының 62,3%-ын құраған. Міндетті медициналық сақтандыру шарттары бойынша жеткізушілерге 705,4 млрд теңгенің 599,6 млрд теңгесі бөлінген екен. Млрдтарды көрдіңіз ғой. Қордың осынша қаржысын, Байгенжин қолында ұстап отырған. Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса деуші ма еді... «Қор басшысы өзі біледі, қор қаржысын қайда жұмсайтынын» деген заманауи мақалға сұранып-ақ тұр екен. Бір қызығы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» жекешелендірілген соң, Арыстан Байгенжин артынша «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясына қаржы директоры болып ауысады. «Қу кетті, іс бітті» деген сөз еске түскені.

(Суретте: Абай Байгенжин Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қабылдауында)

Келісімге сай «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» 100 пайыз акциясы «Mexel Health» ЖШС компаниясына өтті. Ол үшін «Mexel Health» ЖШС сатып алу-сату шарты жасалған күннен бастап бес жыл ішінде 17,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға міндетті екені айтылған. Бұл ақшаны инновациялық технологияларды дамытуға, онкологиялық науқастарды емдеудің серпінді әдісін жетілдіруге - 2,5 млрд теңге, 500 төсектік емхананың екінші кезегінің құрылысына 15 млрд теңге жұмсау қажет. Инвестор бес жыл бойы мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуді жалғастыруға, 15 жыл бойы қызмет бағытын сақтауға міндетті. Шарт солай. Ал оған қажетті инвестицияна қайдан алуы мүмкін екенін жоғары жақтағы үш тектің байланысы сездіріп тұрғандай.

Байгенжиндер әулеті өзге де ірі, майлы орындарда отыр. Мысалы Байгенжин Арыстанның туған әпкесі Байгенжина Әлия Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады.

(Суретте: Байгенжина Әлия - ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары, фото finance.kz сайтынан)

Тағы бір жақын туысы (кей дерек бойынша бөлесі) Кенжеғалиев Арман Шоқанұлы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аппарат басшысы қызметін атқарады. Дәл осы министрлікке Арыстан Байгенжин қызмет ауыстырғанын жаздық.

(Суретте: Кенжеғалиев Арман - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аппарат басшысы, фото primeminister.kz сайтынан)

Өткен жылдың желтоқсан айында үкімет 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын бекіткен болатын. Жекешелендіруге жататын ірі республикалық меншіктегі ұйымдар тізіміне «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ да бірінші болып енгенін айтуға тиіспіз. «Ұлттық ғылыми медициналық орталықты» «Mexel Health» ЖШС-і жекешелендіру арқылы қалай алғаны жайлы сұрақ көп. Ең басты сұрақ, қаржы қайдан? Екінші маңызды сұрақ, неге дәл осы нысанға келгенде жекешелендіру аукционға салынбай, ерекше талаппен өткен? Бұл күдікті емес пе?

Кompra.kz мәліметіне сүйенетін болсақ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» статусы меншік түрі деген жерінде «жеке меншік» деп көрсетілген. Яғни, бұл жекешелендіруден өтті дегенді білдіреді. Демек, жұрт шулап жүргенде, орталық жекешеленіп кеткен. Қаншаға кетті деген тағы бір сауал туындайды. Жалпы орталық 12 млрд теңгеге салынып, 5 млрдқа жекешеленіп кеткен. Өз құнынан әлдеқайда арзан бағаға. Мемлекет тарапынан 17,5 млрд теңге инвестиция құйылғаны тағы бар. Соншама ақша салынған екен, бұл мекеменің құны шамамен 30 млрд теңгеден кем болмауы керек қой. Қанша есе арзанға жекешелендіріп алғанын ішіңіз сезіп тұрған болар.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, сан ғимарат жекешелендірілді. Шартта балабақша болып қалуы керек десе де, сыраханаға айналып кеткен, кітапхана болуы тиіс десе де, мейрамханаға айналып кеткен сәттер аз емес. Барлығында таныс-тамыр, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың іздері жатты. Құнын түсіріп, қалтаға салып алды сан нысанды. Бір адамға сан түрлі нысан кетіп, ел арасында «приватизация» емес, "прихватизация ғой" деген сөз тіркестері пайда болды. Аузы күйген қоғамбыз. Үріп ішеміз.

Айтпақшы, мемлекеттік бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін елімізде құрылысы жоспарланған көпсалалы медициналық орталықтардың 20 жобасын жүзеге асыру үшін ұлттық операторды құру қажеттілігі айтылуда. Ұлттық оператор мемлекет пен жеке әріптестер арасында делдал қызметін атқармақ. Бұл жерде тағы бір сұрақ туындайды: Егер мемлекет арнайы көпсалалы медициналық орталықтардың 20 жобасын іске асыратын болса, онда не үшін «Ұлттық ғылыми медициналық орталықты» жекешелендіріп жіберді. Логикаға қайда? Әлде бұл орталықтың бір әулеттің қалтасы үшін құрбандыққа шала салды ма?...

 Айдар РАХЫМЖАНҰЛЫ, 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket