“Сіріңкемен ойнаған”: Ақмолада екі бала түтінге тұншығып қаза болды

2435
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысында ересектердің қарауынсыз қалған екі балаға ыс тиіп қайтыс болды. Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

“Бүгін, 11 тамызда Жақсы ауданының Жаңа Қима кентінде екі пәтерлі тұрғын үй түтіндеген. Қараусыз қалған 2019 және 2017 жылғы туған екі баланың сіріңкемен ойнаулары нәтижесінде жиһаз өртеніп кеткен. Түтінді көрген көрші терезені сындырып, балаларды таза ауаға шығарып, өрт сөндірушілерді шақырған. Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына 5 минут ішінде жетті”, делінген хабарламада.

Түтіннен уланған балалар Қима ауылдық ауруханасына дереу жеткізіліп, медициналық мекемеде естерін жимастан көз жұмды.

Қайғылы оқиға кезінде балалардың әкесі жұмыста болғандығы, ал анасы аз уақытқа дүкенге кеткендігі белгілі болды. Өрттің алдын ала себебі – балалардың отпен ойнауы.

Шақыру орнына Жақсы ауданының 13-ӨСБ жанындағы Жаңа Қима ауылының 28-ӨП өрт сөндіру бөлімінен 3 адам және бір бірлік техника шықты.

“Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер