Ұлытауда "Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы" жазба ақындар мүшәйрасы өтеді

6112
Adyrna.kz Telegram

Халқымыздың ұлт болып қалыптасуында Ұлытау өңірінің орны бөлек.  Ұлытау – барша қазақ қадір тұтатын қастерлі өлке. Ежелден Хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі саналған бұл өңір Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың жарлығымен жеке облысқа айналғаны белгілі. Осыған орай  жуырда Ұлытау облысының құрылуы және киелі өңірдің тарихи тұлғаларын дәріптеу мақсатында «Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді.     

Ұлытау топырағы – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Едіге мен Тоқтамыс сынды   алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Бұл жерде  Әулие- тау­дай киелі орын бар.   Ұлытау – ұлттық бірлігіміздің символы. Ұлытау облысы Жезқазған қаласының әкімдігі ұйымдастырып жүрген дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында өтетін «Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасының басты мақсаты да осыбабалар тарихын дәріптеу, ұлт бірлігін ұлықтау.  Жас ақын-жазушыларды қолдау, олардың шығармашылығын халыққа таныстыруды көздейтін жыр сайысына республикалық «Ана тілі» Ұлт газеті қолдау көрсетіп отыр.

Мүшәйраға 18-40 жас аралығындағы ақындар қатысады. Әр ақын Ұлытау жерінің тарихына, әйгілі тұлғаларға қатысты екі өлең және еркін тақырыпта бір өлең жібереді. Өлеңдер бұрын жарияланбаған болуы тиіс.  Үміткерлердің шығармалары 2022 жылдың 20 тамызына дейін қабылданады.Қорытынды шара 2022 жылдың 10 қыркүйек күні өтеді деп жоспарланып отыр. Қазылар алқасының сараптауынан өтіп, лайықты деп танылған шығармалардың авторлары ақшалай сыйақылармен марапатталады.  Ақындарға тағайындалған жүлделердің арасында еңбек жолын Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде бастаған, «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі, «Ана тілі»  газеті бас редакторының орынбасары болған, осы өңір туралы өзекті мәселелер көтерген  белгілі журналист, марқұм Нұрперзент Домбай атындағы арнайы сыйлық бар.

ЖЫР МҮШӘЙРАСЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

Іс-шараның мақсаты

Ұлытау облысы Жезқазған қаласының «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» ұйымдастыруымен және республикалық «Ана тілі» Ұлт  газетінің қолдауымен өтетін жыр сайысының басты мақсаты:

  • Бабалар тарихын дәріптеу, ұлт бірлігін ұлықтау.
  • Ұлтымыздың тарихи тұлғаларын дәріптеу.
  • Жас ақын-жазушыларды қолдау, шығармашылығын халыққа таныстыру.
  • Жас ұрпақтың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру.
  • Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін дәріптеу.

Мүшәйраның талаптары мен шарттары:

Мүшәйраға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстан 18-40 жас аралығындағы ынта білдірген ақындар қатыса алады.

Қатысушы әр ақын үш өлең жібереді:

1 өлең – Ұлытау жерінің тарихына (аңыз, әңгімеге арқау болған) қатысты;

1 өлең – Ұлытау жеріндегі тарихи тұлғаға қатысты;

1 өлең – еркін тақырыпта.

- Бұдан бұрын конкурсқа қатысқан немесе баспасөз бетінде жарияланған шығармалар қабылданбайды;

- Мүшәйра шарттарына сай келмейтін шығармалар қатыстырылмайды, жарияланбайды;

- Байқауға ұсынылған шығармалар мынадай үлгіде компьютерде терілуі керек: Word, Times New Roman, кегль №14, аралық интервал 1.

- Шығарма мәтіні электрондық нұсқада қабылданады. Автордың тегі, аты, жөні, шығарманың атауы көрсетіледі.

- Ұсынылған шығармамен қоса автор өзі туралы қысқаша мәлімет (өмірдерек), жеке куәлігінңң көшірмесін, 6х9 фотосуретін, байланыс телефоны,  оқу орны немесе жұмыс орыны туралы мәліметті қоса тапсыруы керек;

- Үміткерлердің шығармалары 2022 жылдың 20 тамызына дейін mushaira2022@mail.ru электронды мекен-жай бойынша қабылданады.

Мүшәйраның қорытынды шарасы 2022 жылдың  10 қыркүйек күні  өтеді деп жоспарлануда (өзгерістер қосымша хабарланады).  Қабылданған шығармалар қазылар алқасының сараптауынан өтеді. Лайықты деген шығармалар марапаттауға ұсынылады.

Марапаттау рәсіміне жүлдегерлер ғана шақырылады, іссапар шығыны (барып-қайту жолы, жатын орын ақысы, тамақтану) қатысушы тарапынан.

Қолжазба авторға қайтарылмайды, қазылар шешімі қайта қаралмайды. Мерзімінен кешіктірілген шығармалар сараптауға жіберілмейді. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар беріледі.

Үміткерлер өнерін бағалау кезінде:

  • Ақынның сөз  тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі;
  • Тақырыптың ашылуы, әдеби қолданыстарды (теңеу, эпитет, метафора)  қолдану шеберлігіне;
  • Ой мен қиялдың ұшқырлығы, идеялық мазмұнына баса назар аударылады.

Мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау

Мүшәйра қорытындысы бойынша жазба ақындарға төмендегідей жүлделі орындар тағайындалады:

Бас жүлде – 700 000 теңге;

1-орын (біреу) –  500 000 теңге;

2-орын (біреу) –  400 000 теңге;

3-орын (біреу) – 300 000 теңге;

Арнайы сыйлықтар:

Нұрперзент Домбай атындағы сыйлық – 200 мың теңге;

Ынталандыру сыйлықтары (үшеу) – әрқайсысы 50 мың теңгеден.

Қазылар алқасының шешімімен анықталған мүшәйра жеңімпаздары ұйымдастыру алқасы дайындаған дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталады.

Ескерту:Үміткерлердің ұпайлары тең болған жағдайда, жүлдегер төрағаның пікірімен анықталады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер