24 маусым күні Қырғызстанның Шу облысына қарасты Токмак қаласының мэрі Максат Нусувалиев арнайы қызмет тарапынан тікелей жиналыс үстінде ұсталды. Бұл жиналыс Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиевтің төрағалығымен өткен. Оқиға туралы Economist.kg жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
ҰҚМК басшысы Ташиев шенеунікті қамауға алу туралы бұйрықты өзі берген. Жиналыс Токмак қалалық әкімдігінде өткен, сол жерде мэрмен бірге қаланың коммуналдық мүлік басқармасының басшысы Алишер Туратбек уулу мен «Аль-Кадр» құрылыс компаниясының бас директоры да ұсталған.
Ұсталған тұлғалар Токмак қаласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде заңбұзушылықтарға жол бергені үшін күдікке ілінген. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл – жемқорлық фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында жүргізілген тергеу іс-шаралары.
Аталған жобалар қатарында жаңа саябақ құрылысы мен спорт мектебін күрделі жөндеу
Жағдайға байланысты Токмак тұрғындары мен қалалық кеңес депутаттары Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиевке бейнеүндеу жолдап, жағдайды бақылауға алуды сұраған. Осыдан кейін Ташиев Токмакқа арнайы келіп, кеңес өткізіп, оның барысында жоғарыда аталған тұлғаларды тұтқындауға пәрмен берген.
Токмактағы бұл жағдай Қырғызстанда мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты қадамдар жасалып жатқанын көрсетеді. Тергеу амалдары жалғасуда, ал ұсталғандар сот шешімін күтіп отыр.