Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Президент 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойған «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы» заң осы саладағы түбегейлі өзгерістердің бастауы болды.Бүгін, яғни 16 маусымда заңның қабылданғанына бір жыл толды. Бұл заңның қабылдануы мен оның жүзеге асырылуы тек құқықтық акті ғана емес, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа кезеңін білдіреді.
Заңның қабылдануы: саяси ерік пен қоғамдық қажеттілік
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген өзекті мәселелердің бірі болды. Бұған дейін бұл мәселетек әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылып, нақты қылмыстық жаза қолданылмайтын. Тек 2020 жылдардан бастап қоғамда бұл мәселеге деген көзқарас өзгеріп, азаматтық белсенділік күшейді. Қоғам талабына жауап ретінде қабылданған заң – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен саяси ерік-жігерінің көрінісі ретінде қабылданды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа заң тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жүйелі әрі кешенді тәсілін ұсынады. Заңда жазаны қатаңдату, алдын алу шараларын күшейту, жәбірленушілерге көмек көрсету, агрессорлармен жұмыс істеу сияқты маңызды аспектілер қамтылған. Бұл заңның қабылдануы – мемлекет тарапынан зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі саяси ерік-жігердің көрінісі әрі қоғамның осы мәселеге деген жауапкершілігінің артуының белгісі.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова жаңа заңның жетістіктері көп деп есептейді.
«Осыдан бір жыл бұрын Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң қабылданды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құру бойынша тапсырмасы аясында нақты құқық қорғау тетігіне айналды. Бұл заңның қабылдануы - еліміздің құқықтық және адамгершілік тарихындағы маңызды кезең дер едім. Ол қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылыққа жүйелі түрде қарсы тұруға бағытталған. Мен осы заң бойынша Парламент Мәжілісіндегі жұмыс тобының құрамында жұмыс істедім. Жаңартылған заң нормалары әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды нақты әрі пәрменді деңгейге көтерді», – дейді Ш.Каринова.
Заңның жүзеге асырылуы: алғашқы нәтижелер мен қиындықтар
Заңның күшіне енуінен кейін бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арыздар саны 20,5%-ға азайған. Аса ауыр тұрмыстық қылмыстар 44%-ға, ауыр қылмыстар 29%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштер заңның тиімділігін көрсетеді.
Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, жазаның күшейтілуі мен алдын алу шараларының жаңа тәсілдері өз жемісін беріп келеді.
«Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артты. Жаңа тәсілдің, яғни, ресми түрде арыз берілмесе де, өңірлерде құрылған жедел топтардың, полиция қызметкерлерінің, куәгерлердің берген деректері мен әлеуметтік желілерді сараптаудың нәтижесінде биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай оқиға анықталды», - дейді ол.
Мектептерге QR-коды бар «111» байланыс желісінің орнатылуы – балалар қауіпсіздігі саласындағы жаңалықтардың бірі. 2025 жылдың алғашқы бес айында 86 мың бала бұл қызметке жүгініп, олардың 2 мыңнан астамы зорлық, буллинг және психологиялық күйзеліс туралы хабарлаған.
Әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің түрлі тәсілдері бар. Мысалы, Швецияда зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге психологиялық және құқықтық көмек көрсету жүйесі жақсы дамыған. Германияда агрессорлармен жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламалар мен тренингтер ұйымдастырылады.
Қазақстанда да осы тәжірибелерді ескере отырып, жаңа тәсілдер енгізілуде. Ішкі істер министрлігі халықаралық тәжірибелерді зерттеп, агрессорлармен жұмыс істеу үшін жаңа жобалар әзірлеуде. Мысалы, Алматы қаласында агрессорларды оңалту бағдарламасы пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Бұл бағдарлама агрессорлардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған және оның тиімділігі зерттелуде.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға түскен шақыртулар саны жыл сайын азайып келеді: 2020 жылы – 179 096 жағдай тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 155 177-ге дейін төмендеген. 2022 жылы – 115 526, ал 2023 жылы – 99 026 оқиға тіркеліп, жыл сайын шамамен 15-30 пайызға төмендеу байқалған. 2024 жылдың алғашқы төрт айының өзінде 28 189 жағдай тіркеліп отыр, бұл жыл соңына дейінгі болжамды ескерсек, көрсеткіштің әлі де жоғары екенін аңғартады.
Сол сияқты тұрмыстық саладағы ауыр қылмыстар –денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру бойынша да төмендеу байқалады: 2020 жылы – 1 071 жағдай тіркелсе, 2021 жылы – 1 022, 2022 жылы – 935, ал 2023
Отбасын қолдау: 34 мың жанұяға көмек көрсетілді
Қазіргі таңда елімізде психологиялық көмек көрсететін 20 арнайы орталық жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар отбасындағы қиын жағдайларға тап болған азаматтарға психологиялық қолдау көрсетуге, олардың эмоциялық күйзелісін жеңілдетуге, өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.
«Бір жыл ішінде бұл заңның нәтижесінде зардап шеккендердің құқықтық көмекке қол жеткізуі жеңілдеді, дағдарыс орталықтарының саны артты. Сонымен қатар, зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілік күшейтіліп, қорғану бұйрықтарының тиімділігі артты. Бұл- жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты қадамы болды», – дейді Ш.Каринова.
Оның сөзінше, дағдарыс орталықтары мен сенім желілері саны артқан. Өңірлерде 20-ға жуық дағдарыс орталығы ашылған. Сондай-ақ, жәбір көргендерге мемлекеттік 111 АМАНАТ нөмірі арқылы тәулік бойы көмек көрсету жүйесі күшейтілді.
«Ең бастысы қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптаса бастады. Мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарында құқықтық сауаттылықты арттыру шаралары жүргізіліп, білім беру ұйымдары да бұл іске белсенді араласып отыр. Бала құқықтары мен қауіпсіздігін нығайту, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ересектердің өрескел ренжітуіне жол бермеуге заңның ықпалы зор болды. Отбасындағы, жақын туыстардың жыныстық қолсұғушылық фактілері анықталып, соттардың олар үшін ең қатаң жауапкершілік пен жаза бекітуі қоғамда балалардың өмірі мен саулығына деген жаңа ұстанымның қалыптасуына жол ашты», – деп атап өтті комиссия мүшесі.
Заң аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық әкімшілік құқықбұзушылық қатарына енгізілді, енді бұл әрекетке жазасыз қалу мүмкіндігі азайды. Бұрын көптеген істер "отбасылық іс" деп жабылып келген болса, енді құқық қорғау органдары ресми түрде әрекет етуге міндеттелді.
Сонымен қатар, еліміздің 112 қала мен ауданында жұмыс істеп тұрған отбасыларды қолдау орталықтары – тек жәбірленушілерге көмек көрсетіп қана қоймай, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстармен де айналысады. Бұл орталықтарда білікті психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар жұмыс істейді. Олар отбасындағы шиеленістерді шешуге, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға, сондай-ақ ажырасу немесе зорлыққа жол бермей, жағдайды реттеуге бағытталған түрлі қызметтер көрсетеді.
2024 жылдың алғашқы тоқсанында бұл орталықтар арқылы 34 мың отбасыға кешенді көмек көрсетілген. Бұл көмек түрлеріне психологиялық және әлеуметтік қолдаумен қатар, құқықтық кеңес беру, құқық қорғау органдарына жүгіну, тұрғын үй немесе жұмыс мәселелері бойынша бағыт-бағдар беру секілді қызметтер кіреді. Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың кең ауқымын білдіреді әрі қоғамдағы сенім деңгейінің де біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі кезде 2 мың отбасы аталған орталықтардың тұрақты бақылауында тұр және оларға көмектесу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл отбасыларда жағдай толық тұрақтанбаған, немесе олар күрделі әлеуметтік-психологиялық дағдарысты бастан кешіп жатыр дегенді білдіреді. Мұндай отбасылармен ұзақ мерзімді жеке жұмыс жүргізіледі, кейбір жағдайларда уақытша паналау, психотерапия, немесе әлеуметтік оңалту шаралары қарастырылады.
Шолпан Таңатқызы заңда көзделген нормалар нақты іс жүзінде орындалып, әйелдер мен балалар қауіпсіз екендігін толығымен сезінуге тиіс деп санайды.
«Отбасылық абьюзерлерге кешірім жоқ - зорлық-зомбылықты ақтау емес, тоқтату керек. Әр әйел, әр бала қауіпсіз өмір сүруге құқылы, ал бұл құқықты бұзған әрбір адам жауапқа тартылуға тиіс. Бұл заң құқықтық құжат қана болып қоймай, сананы, қарым-қатынасты, көзқарасты өзгертетін үлкен әлеуметтік тетік. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыруымыз керек, себебі қауіпсіз қоғам - әділетті Қазақстанның негізі. Қоғам болып барлығымыз заңның орындалуын қамтамасыз етуіміз керек», – дейді ол.
Түйін
Өткен жылы қабылданған жаңа заң – Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте жаңа кезеңнің бастамасы болды. Бір жыл ішінде заңның нақты нәтижелер бере бастағаны байқалды: қылмыс көрсеткіштері азайды, алдын алу шаралары күшейтілді, жәбірленушілерге арналған қолдау орталықтары кеңейтілді. Бұл тек заңнамалық өзгеріс емес, қоғамның да зорлық-зомбылыққа деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық тамыры тереңде жатқан әлеуметтік проблема ретінде жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдерді қажет етеді.Мемлекет қабылдаған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастағанымен, бұл – күрестің бастамасы ғана. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмысты тоқтатпай, жүйелі жалғастыру. Сонда ғана зорлық-зомбылықсыз қоғам құру мүмкін болады.