Бата беру байырғы салт

6899
Adyrna.kz Telegram

Қазақ дәстүрге бай халық. Соның бірі «Бата беру». Бата - басы тілек. Бата беру ислам келмей тұрып қалыптасқан салт.

Жалпы қазақтың тұрмыс-салтының қай жағы болмасын батасыз болмайды. Қазақтар батадан тек жақсылық күтеді.Батаны әдетте үлкен кісілер береді. Ер адамдар мен қатар әйел адамдар да бата береді. Бата нәресте дүниеге келгенде, оған есім таңдалғанда, бала тәй-тәй жүріп тұсауын кескенде, баланы ашамай ерге отырғызғанда, бала мектепке барғанда, жастар отау құрғанда, құдалықта, келін түскен кезде беташарда, қонағасы кезінде, егін жиналып біткенде, той-томалақтарда, халық мерекелерінде, сарбаздар жауға қарсы шайқасқа шығар алдында беріледі. Ақын, шеберлер  ұстазынан бата алады, батырлар да үлкен әулие кісілерден, билерден бата алады. Бата беру жағдайлары да түрлері де өте көп. Баталардың көлемі мен мазмұны да түрлі-түрлі болып келеді.

 

Бата қалай беріледі? Бата беретін кісі екі алақанын алдына кеуде тұсында жайып ұстап тұрып бата береді. Басқаларда осылайша қолын жайып тұрады. Бата берліп болған соң көпшілік бетін сипайды. Бата түрегеп тұрып та отырып та беріледі. Бата күн-түн демей жағдайға байланысты қай мезгіл болса да берілетін болған. Мысалы шайқасқа бара жатқан батыр Райымбек Ханкелдіұлына анасы батаны түнде берген.

Қазақ тарихы баталар тарихы десе де болады. Себебі тарихи тұлғаларға берілген баталар мәтіні көптеп сақталған. «Абай» энциклопедиясында мынадай мәлімет келтірілген: «Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752). Халық арасында Шақшақ Жәнібек атанған – Шақшақ үшінші атасы. 126 жастағы Қаракерей Сары абыздан, 90 жастағы Тойған қариядан бата алған. 17 жаста жасында жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтіреді».

Атақты Аңырақай шайқасында ерлігімен аты шыққан Қойгелді батырға Төле би былай деп бата берген екен:

Аталы ұлдың сөзі баян-ды,

Атасыз ұлдың сөзі шаян-ды.

Аталы ұл Қойгелдім,

Ел үшін неден аянды?!

Желкесін үзді сұм жаудың,

Дегенде қатер таянды.

Олжа әперген еріңе

Саялат елім саяңды!

Қойгелдім, жай қолыңды,

Алла оңғарсын жолыңды!…

Ата жолын қуған ұл

Алашқа әмсе пана бол!

Ұлдарына аға бол!

Қыздарына пана бол!

Қойгелдім әмсе қыран бол,

Ел-жұртыңа ұран бол!

Халық жадында сақталған баталарды түрлі әдебиет көздерінен жинап құрастырып кітап шығарған К.Ж.Оразалинның жинағында басқа да баталар келтірілген. Солардың бірі жоңғарларға қарсы жорыққа аттанбақ болған Райымбекке анасының берген батасы:

Қолыңды жай құлыным,

Жәрдем болсын құдайым.

Медет тілеп пірлерден,

Жаратқанға жылайын.

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Адасса жолға салып жүр,

Сыртыңнан қорғап бағып жүр…

Жауға аттанып барасың,

Анаңның құрттың шарасын.

Қалмақтан кекті алдырып,

Жазғайсың көңіл жарасын.

Сескенбей жүр шырағым,

Атаңа жетіп барасың.

Жаратқан ие қолдасын,

Жолбарыс болсын жолдасың!

Қазақ басқа халық өкілдеріне де, тіпті қарақшыларға да бата беретін болған. Мысалы Домалақ Ана әулие атанған Нұрила Мақтымағзамқызы өз ауылына келе жатқан қарақшыларды көріп кемпірдің киімін киіп отыра қалады. Жөн сұраған қарақшыларға жылқыға да жылқышыларға да тимеуін ескертеді. Бірақ олар Домалақ Ананың айтқанын тыңдамай жылқыны қуып кетеді де тасып жатқан Боралдай өзенінің таяздау жерінен өтпек болғанда суға кетіп қала жаздап әрең дегенде жағаға шығады. Содан соң Домалақ ананың тегін адам еместігін сезіп қайтып барып кешірім сұрайды. Сонда Домалақ ана:

– Ендеше қолдарыңды жайыңдар!

Құдай оңдасын, аруақ қолдасын!

Адал жүріп, адал тұрыңдар

Алдарыңнан жарылқасын! –

деп бата беріпті.

Қазақтың белгілі жазушыСәбит Мұқанұлы «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық шығармасында халыққа кең танымал «Гәкку» әнін шығарған әнші-композитор Үкілі Ыбырайға қатысты мынадай қызықты дерек келтірген:

«Бұрын атын да еститін, өлеңдері мен әндерін де еститін Тайжан, атақты Ыбырай ақын Сандыбайұлының туған жиені боп шықты. Оның – шешесі Бопыш Ыбырайдың бір әке, бір шешеден туған апасы екен. Тайжанның түр-тұлғасы да, бет бейнесі де аумаған – Ыбырай… Ыбырай жеңілтек, ойнарқы, қалжыңбас не айтса да өлеңдетіп ұйқастыра сөйлейтін сауыққой, күлегеш. Тайжанның да мінез-құлқы сондай…

Тайжан кішкене күнінен сайқы-мазақ, жындылау боп өскен, әркімді өлеңмен сықақтап маза бермейтін болады. Он бес, он алты жасқа жеткен шамада ол тіпті құтырынып, маңайдағы елдің мазасын алады. Жұрт оны «жынданды» деп байлап тастайды. Біраз уақыт жатқанда үйіне сөзі тыңдаулы әлдекім кеп түседі де:

–       Бұныкі жын болмау керек, нағашысы Ыбырай ақынның аруағы

қонған болуы керек. Ыбырайдан бата алса, жыны жазылады, бұны соған жіберу керек, – дейді.

Мезгіл қыс басталған шақ екен… Ыбырайдың мекені «Жаман жалғызтау» осы жолдың үстінде болады. Әкесі Тайжанның «бармаймын» деп байбалам салуына қарамастан, киізге бөлейді де, кірешіге қосып Ыбырайға жібереді.

Ыбырайдан «бата алғаннан» кейін Тайжанның «жыны» жазылып ақын болады. Алдағы жылдың жазында Ыбырай оны үйіріне қоспақ боп көшкен елмен алып жүреді. Нағашысы аталған Қарауыл руынан да, туған нағашысы Ыбырайдан да зор сый-құрмет көрген Тайжан, рахмет ретінде:

–       Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,

Егіз туған анадан Арғын,  Найман.

Осы арадан бөтен еш жұмысым жоқ,

Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан.

 

Бірің емес, бәрің де нағашымсың,

Саздай жерге өрбіген ағашымсың.

Осы жолы Тайжанды сыйлап жібер,

Бұдан былай Тайжанның бағы ашылсын.

 

Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,

Егіз туған анадан Арғын,  Найман.

Он екі ата – Қарауыл, – сегіз ата – Дәуіт,

Жиенге ұмытпайтын тиді пайдаң.

деп алғыс айтады».

Халықтық мерекелерде берілетін баталар да бар. Мысалы «Наурыз» мерекесінде бата былайша беріледі:

Ниеттерің ақ болсын,

Наурыздың ақша қарындай.

Бастарыңа бақ қонсын,

Шаштарыңның барлық талындай!

 

Санасы асыл адамның,

Көңілде кірі қалмасын.

Құты қашып жаманның,

Жақсы тапсын жалғасын!

 

Тыныш болсын даламыз,

Түгел болсын нуымыз.

Таза болсын ауамыз,

Тұнық болсын суымыз.

 

Қайғы-уайым жоқ болсын,

Оралмасын кез өгей.

Ырысымыз көп болсын

Бүгінгі наурыз көжедей.

Үлкендер Наурыз мерекесі кезінде Наурыз көже пісірген келіншектерге ризашылық батасын беретін болған:

Көже істеген келіндер,

Көпке жақын елші бол,

Бозторғайдай төлшіл бол,

Ор қояндай көзді бол,

Адам таппас сөзді бол!

Қазақ жаңа айға да бата берген:

Өткен ай өзімен кетсін,

Туған ай жарылқасын,

Аяз әлін біліп,

Күнекей күн жарлықасын!

Ұлы суретші Әбілхан Қастейұлының шаңырағында қонақта болып жұбайы Сақыш апаның қолынан шай ішкенім бар. Таңғы шәйден соң апамыз былай деп бата жасады:

Құдай жолды оңдасын,

Еш жамандық болмасын.

Денсаулығымыз зор болсын,

Дастарханымыз мол болсын!

Кейбірде жасы кіші сыйлы адамдар үлкендерге бата айтатын болған.

Ақын Фариза Оңғарсынқызы қарияларға былай деп бата бергені белгілі:

Түндерің тыныш болсын,

Үйлеріңе ырыс толсын.

Келіндерің есті болсын,

Ұлдарың сесті болсын.

 

Балаларың қуаныш әкелсін,

Немерелер жұбаныш әкелсін.

Орындарың төр болсын,

Дастарқандарың мол болсын.

 

Қатарларың көп болсын,

Уайым қайғыларың жоқ болсын.

Жастардың қазасын көрмеңдер,

Зұлымдардың жазасын көрмеңдер!

Еліңде бірлік болсын,

Жарасты тірлік болсын!

Бата әрқашан адамның жанынан табылады. Үлкен адамдар көңілі түссе бейтаныс кісілерге де бата береді. Бірде автобус аялдамасында жалғыз отырған бір ақсақалмен амандастым. Қасымда кішкентай ұлым бар еді. Әлгі қария маған қарап:

– Мен Түркістан қаласында тұрамын, қазір зейнеткермін. Балаңа бата берейін, – деді.

Ұлымды алдыма алып қарияның қасына отырып алақанымды жайдым. Ол кісі ұлыма көптеген жақсы тілектер айтып батасын берді. Үйге келген соң күнделігіме болған жағдайды жазып қойдым. Қазір ұлым жиырма төртте, өз орнын тауып қоғамға пайдасын келтіріп жүр. Оның осындай болып жүргеніне сол бір ақсақалдың берген батасының да оң әсері болғанына сенімдімін.

Қазақ батасы қоғамның дұрыс дамуына, сол қоғам мүшелерінің дұрыс жүруіне әсері өте зор. Баталарды үлкен кісілер шығарады. Бата беруші үлкендердің баталарында өз заманының өмір тынысы көрініс тауып отырған. Бұл үрдіс бүгінде де өз жалғастығын табуда. Осыдан біраз уақыт бұрын бір жиында белгілі ақын Оразақын Асқар қарияның батасын естідім:

Елбасымыз алысты көрсін,

Ел-жұртымыз табысты болсын.

Қыздарымыз сұлу,

Ұлдарымыз намысты болсын!

 

Көршілеріміз тыныш болсын,

Таңдағанымыз жұмыс болсын.

Малымыз төлдеп, егініміз көктеп,

Дастарханымызға ырыс толсын!

 

Нарық қалтаны қақпайтын болсын,

Теңгеміз теңдік сақтайтын болсын.

Қазақстанның барлық азаматтары

Қазақша сөйлеп, алға аттайтын болсын!

 

Соғыстың беті болсыншы әрі,

Ренжімесін өміріне кәрі.

Бауыр етіміз балалар түгіл,

Сатылмасын құс балапандары!

 

Мәдениетіміз мәнді болсын,

Тұрмысыз сәнді болсын.

Бәрін айт та, бірін айт,

Дербестігіміз мәңгі болсын!

Қазақ халқы өз әдет-ғұрыптарын силайтын халық. Жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызды орын алатын баталар ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер