Қызылордада Үкіметтік емес ұйымдар үйі ашылды

2543
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қызылорда қаласында Үкіметтік емес ұйымдар үйінің ашылу салтанаты өтті. Аймақ басшысының облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясында берген тапсырмасы негізінде ашылған аталмыш нысан үкіметтік емес ұйымдар үшін ресурстық орталық қызметін атқаратын болады.

Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекова, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл бастама осыдан екі ай бұрын ҮЕҰ-мен кездесу барысында көтеріліп, ұсыныс аймақ басшысымен қолдау тапты.

«Аймағымызда үкіметтік емес ұйымдар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл азаматтық сектордың жауапкершілігі мен белсенділігінің артқанын көрсетеді. Тәуелсіздік алған жылдары облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 15 болса, бүгінде олардың қатары 1200-ге жуықтады. Оның 454-і өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосып келеді», - деді облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов.

Бүгінгі күні облыстық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамында 100 үкіметтік емес ұйым өкілдері енгізілген. Өңірлік үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі облыс әкімдігі жанындағы кеңес тұрақты жұмыс жасайды. Кеңестің құрамына мемлекеттік мекеме басшылары, барлық сала бойынша үкіметтік емес ұйымдар, «Азаматтық Альянс» қауымдастығының қала және аудандардағы өкілдері мен қоғам белсенділері енгізілген.

Пайдалануға берілген Орталық аймақта азаматтық бастамалардың дамуына, белсенді ұйымдардың саны мен сапалық құрамының артуына, жаңа идеялардың шығуы және қоғамдық өмірдің жандануына септігін тигізеді. Мұнда үкіметтік емес ұйымдардың сан-салалы бағытта жұмыс істеуіне толық мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, интернет желісіне қосылған компьютерлер, ноутбуктер лазерлі және түрлі-түсті принтер, кеңсе тауарлары және т.б. қамтамасыз етілген.

Орталықта түрлі тақырыптарда семинар-тренингтер, кездесулер, дөңгелек үстелдер, оқыту курстары, конференциялар, танымдық шаралар өткізу арқылы, аймағымыздың үкіметтік емес ұйымдары үшін мүмкіндіктер алаңына айналдыру жоспарда бар. Осы орайда, орталық жұмысын үйлестіру үшін, облыстық қоғамдық даму басқармасынан арнайы 6 маманы бөлініп, ұйымдарға әдістемелік көмектер көрсететін болады.

Пікірлер