Қала көшелерінде атыс орын алып, 18 адам қаза тапты

2804
Adyrna.kz Telegram

Рио-де-Жанейроның солтүстігіндегі бразилиялық Complexo do Alemão аумағында полицияның көлік ұрылар тобына қарсы арнайы операциясы кезінде атыс болып, 18 адам қаза тапты, - деп хабарлайды"Адырна" тілшісі Globo TV арнасына сілтеме жасап.

Хабарланғандай, қарақшылар тәртіп сақшыларына қарулы қарсылық көрсеткен. Атыс кезінде 18 адам қаза тапты, олардың 16-сы қылмыскерлер тобынан, бір полиция қызметкері және көлікпен өтіп бара жатқан 50 жастағы әйел кездейсоқ оқтың құрбаны болды.

Полиция операциялық батальонының (BOPE) командирі Вира Насиментоның айтуынша, банданың кейбір мүшелері азаматтық әскери полиция киімін киген. Арнайы операцияны бұзу үшін олар қарапайым азаматтарды да пайдаланған.

«Қылмыскерлер полицияның операциясы кезінде халықтың бір бөлігін тәртіпсіздікке мәжбүрлеуде», - деді Насименто.

Азаматтық полицияның арнайы ресурстарды үйлестірушісі Фабрисио Оливейра көптеген адамдардың, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқтардың өліміне әкелген бұл оқиғаның тергелетінін айтты.

Бұл арнайы операция Бразилияда көп адам қаза тапқан төртінші операция екені атап өтілді. Бұған дейін Джакарезиньодағы полиция рейдінде 28 адам, Вила Крузейрода арнайы операция кезінде 25 адам қаза тапқан болатын. 2007 жылы полиция мен қылмыскерлер арасындағы атыста 19 адам қаза тапқан.

Пікірлер