"Үндемесек басына береді": Дәулет Мұқаев Air Astana мен FlyArystan әуе компаниялары үстінен тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді

7782
Adyrna.kz Telegram

Танымал экономист, блогер Дәулет Мұқаев "Air Astana мен FlyArystan компанияларына рейсінің кешігу фактісі бойынша жаппай түскен шағымдардан кейін Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тексеру жүргізетін болды" деп хабарлады. Бұл туралы ол өзінің Instagram  парақшасында жазды. 

"Air Astana мен FlyArystan компанияларына рейсінің кешігу фактісі бойынша жаппай түскен шағымдардан кейін Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тексеру жүргізетін болды. Осыған дейін бұл екі әуе компаниясының үстінен рейстерді кешіктіруі, ұшақ ішіндегі орындардан артық билеттерді сатуы, және кешіктірілген немесе кейінге қалдырылған рейстер үшін билет құнын кері қайтармауы туралы бірнеше шағымдар түскен. Оқырмандардан күн сайын хаттар көп келеді. Кешігулер өте көп. Тіпті рейстерді де жоқ қыла салады да, жаңа рейс ашып, билеттерді қымбатқа сатуда. Флайарыстан арзан лоукостер деп еді, қайдам, бағалары 3-4 есеге дейін өсіп кеткен. Әрі 5 келі жүктен асса, тағы ақша... Ішінде су-пудың өзін 2-3 есе қымбатқа сатады. Өткенде әр кешіккен сағатына 3% ақша қайтаруды айтқан едім. Енді қосымша ақпарат: Рейс 2 сағатқа кешіккен жағдайда салқын сусын, 4 сағат күткен кезде ыстық тамақ және түнгі уақытта ыстық тамақ тегін берілуі қажет. Сондай-ақ күндіз 8 сағаттан аса және түнде 6 сағаттан артық күткен жағдайда қонақүй, көлік тасымалы қамтамасыз етілуі тиіс. Сізде ұшақ (рейс) кешіккен жағдайлар болды ма? Әуе компаниясы тиісті көмек көрсетті ме? Компанияларды пікірге белгілеп кетейік. Өз құқығымызды біле жүрейік. Әрі соның дұрыс орындалуын талап етейік. Бәрі өзімізге байланысты. Үндемесек басына береді", - деп жазды блогер өзінің инстаграм парақшасында. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер