Іргелі рухани мұрасы бар Қарақалпақстанды өзбек жұта алмайды - Жамбыл Артықбаев

2383

Қарақалпақ бай тарихы мен рухани мұрасы бар этнос. Олар өзінің этникалық сәйкестігін әрі рухани мұрасын сақтап қалған халық. Бұл туралы белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев “Адырна” ұлттық порталының тілшісіне айтып берді.

Айта кетейік, 1 шілде күні Қарақалпақстан республикасының астанасы Нүкісте жүздеген адам ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды "егемен" статусынан айыру жоспарына қарсы және тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов босатуды талап етіп наразылыққа шыққан болатын.

Өзбекстан билігі ел Конституциясына көптеген өзгерту енгізіп, соның ішінде Қарақалпақстанды егемен дәрежесінен айыруды және Өзбекстан құрамынан шығуға тыйым салуды қарастырмақ болды.

Көтеріліске себеп болған Конституция баптары:

Фото: Facebook 

Бұл Қарқалпақстан жұртының ашуын туғызып, үлкен дауға әкеліп соқты. Саяси тұлғалар мен тарихшылар Қазақстанда болған  “Қаңтар оқиғасына” да ұқсатып үлгерді. Алайда елімізде қарақалпақ ұлтына қолдау білдірушілер көп.

“Қарақалпақ көне этностардың бірі, әуел бастан азшылық болды, бірде оғыз, бірде бешенек, бірде қыпшақ құрамында, бірақ өзінің этникалық сәйкестігін, рухани мұрасын сақтаған халық. Бұл этностың көп бөлігі Шығыс Еуропа жерінде, қазіргі Украинада өзге этностармен араласып кетті. Қарақалпақ ауыз әдебиетін шығаруға Франция көмектесіп жатыр, әзірге 150 томы шықты, үлкен форматта. Біздің әдебиет институты шығарған 100 томдық оның жанында жолда қалады. Іргелі рухани мұрасы бар елді өзбек жұта алмайды. Панөзбектік идея жақсылыққа апармайды. Бүгін Қарақалпақ көтерілсе, ертең Ферғана, одан кейін Хорезм көтеріледі.  Өзінің билігін созу үшін конституцияны ойыншық қылуға болмайды.  Бұл эксперименттер бізге де, Ресейге де абырой әперген жоқ. Өзбекстан пір көріп отырған Ақсақ Темірдің өзі де "мемлекеттің екі тірегі бар- бірі -заң, бірі -дін"  деген. Мирзиев те, оның жанындағы кеңесшілері де үлкен қателік жасады”,- деді тарихшы Жамбыл Артықбаев.

Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан Қарақалпақстан республикасында екі миллионға жуық адам тұрады. Олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Сондықтар тарихшының айтуынша, қазақ пен қарақалпақтың тарихи байланысы бар.

“XVIII ғ. басында қарақалпақ елi Қазақ Ордасының сенiмдi одақтасы есебiнде белгiлi. Сiбiр жерi, Едiл бойы, Жоңғарияға қарсы соғыстарда олар Қазақ құрамында болды. Ал XVIII ғ. 30-40 ж. деректерiнен қарақалпақтардың үш иелiгi бар екенiн бiлемiз: Жоғары, Орта, Төмен. Бәрi де Сырдарияның ағысы ретiмен орналасқан елдер. Ұлы жүзбен бiрге жоғары қарақалпақтар Жоңғарияға аманат бердi. Ал орта қарақалпақтар Ақ табан қозғалысына қатысқан сияқты. Ендi төменгiлерi болса Әбiлқайырмен бiрге Тевкелев келген кезде Ресей бодандығын қабылдады.

Қарақалпақ саяси бытыраңқы, жартылай  отырықшы ел. Қазақ түсiнiгi бойынша 1740 ж. қарақалпақ өзiнiң тәуелсiздiгiн, елдiгiн жоғалтып бара жатқан ұлыс. Кiшi жұзге бiр жағы Ресей, бiр жағы Жоңғария қысымы кұшейiп кеткен уақытта ақсақалдар "қарақалпаққа түскен күн бiзге де түсетiн болды деп" уайымдады”,- дейді тарих ғылымдарының докторы.

Айтуынша, кейін қазақ, қалмақ, өзбек, қырғыздың олжа iздеген топтары қарақалпақ елiн талан-таражға салған. Қазақтардың iшiнде қарақалпақ жерiне жиi жорық жасаушылар қатарында Әбiлқайырдың өзi және ұлы Барақ сұлтан болыпты.

“Барақ сұлтан 1749 жылы орта жүзден 4,5 мың әскер жинап, оған Төле би Ұлы жүздiң 500 әскерiмен қосылып, Жоғарғы қарақалпақтарды шауып, олжа алып, 10 от басын аманат деп көшiрiп әкелгенi анық. Бараққа арқаланып найман-қаракесек арасына келiп жан шақырып алған Қарасақалдың қарақалпақ жерiне iрi жорық ұйымдастырып, сансыз көп олжаны айдап әкелгенi де мәлiм.

XVIII ғ. 30-40-шы жылдары Жоғары қарақалпақ iшiнде Қожа хан, Оразқұл батыр, Әлiмбай батыр, Қылауымбет би, Орта қарақалпақта Шайбақ хан, төменде Мұрат шайқы, Оразақ батыр, Ғұбайдолла сұлтан деген ел басы адамдар белгiлi. Олардың арасында кездейсоқ билiкке ие болған, сырттан келiп қосылған, ел тағдырына жаны ашымайтын басшылар да баршылық. Қазақ пен қарақалпақ арасында iрi соғыстар бола қойған жоқ, тек бәріне белгілі кейбiр iрi оқиғалар ғана”,- деді ол.

Сондай-ақ, тек тарихи тұрғыда ғана емес, қарақалпақтар мен қазақтардың тілінің ұқсастықтары да бар.

“Мен  Қарақалпақстанда, Хорезм Түрікменстанмен шекаралас жерде туып өскенмін. Ташкент, Андижан, Ферғана іссапарда болған жерлерім. Сурхандария өзбектерінің тілінде тәжік тілінен қоспасы шамалы, көбірек қарақалпақ, хорезм тілдеріне ұқсастау келеді. Сурхандария бақшыларының жыр айту мақамы, тіпті  кей бір қазақшаға да ұқсаңқырайды”,- деді Жамбыл Артықбаев.

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket