Мирзиёев: "Конституциялық реформамен келіспейміз" деп жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғандар қатаң жазаланады

4004
Adyrna.kz Telegram

"Жеке күштер өздерінің пайдакүнемдік мақсаттары үшін "конституциялық реформамен келіспейміз" деген желеумен Өзбекстандағы жағдайды шайқалтып, тұрақсыздандыруға тырысуда". Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстандағы оқиғаларға байланысты жасаған үндеуінде осылай деді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Оның айтуынша, конституциялық реформа елдің одан әрі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

"Демократиялық қағидаттар мен құқықтық нормалар негізінде азаматтардың еркін түрде пікірін білдіруі үшін жасалған жағдайларға қарамастан, жеке күштер агрессия мен зорлық - зомбылық жолын таңдап, өздерінің пайдакүнемдік мақсаттары үшін "конституциялық реформамен келіспейміз" деген желеумен Өзбекстандағы жағдайды шайқалтып, тұрақсыздандыруға тырысуда".- дейді Өзбекстан басшысы.

Мирзиёев деструктивті күштер жалған ақпарат таратудың дәлелденген технологияларын, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, азаматтарды конституцияға қарсы әрекеттерге мақсатты түрде тартады деп санайды.

"Олардың басты мақсаты – қоғамды жікке бөлу, мемлекеттің жүргізіп жатқан сындарлы саясатына деген сенімді азайту, Өзбекстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру. Алайда Қарақалпақстанда жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістер жедел қарқынмен жалғасатын болады", - дейді Мирзиёев.

Өзбекстан президентінің мәлімдеуінше, сепаратизмге, жаппай тәртіпсіздіктерге, билік органдарына қарсы күш көрсетуге шақыру әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер жазаға тартылады.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер