ЖАНҰЗАҚ ӘКІМ: Мемлекеттік тілге немқұрайлы қарап интеллектуальдық ұлт құру мүмкін емес

3056
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев мырзаға

Қазақ зиялылары өткен қаңтарда «Жаңа Қазақстан» жобасын ұсынғанда, ол алдымен жаңа мемлекеттің жас ұрпағын тәрбиелеуге бағытталады деп есептелген еді. Өкінішке орай, елдегі үлесі 82-85% құрайтын 6-7 жасқа дейінгі қазақ балаларының барлығының тілдері орыс тілінде шығуда. Мемлекеттік тілді дамытуда Ақорда бастаған мемлекеттік органдар ешқандай нақты істі шешуге жігерсіз, сауатсыз және қауқарсыз екендіктерін яғни ол дебилизмнің ортасына айналғанын көрсетуде. Осындай қадамдарымен Сіз бастаған мемлекеттік органдар қазақты денацификациялау саясатын жүргізуде. Қазаққа ұлт ретінде жойылу үшін сырттан жаудың керегі жоқ, қазіргі билік жеткілікті.

«Ана тілің мен дәстүріңнен айырылсаң, шегараны аша бер. Басқа қорғайтын ештеңе жоқ...» деген Нэльсон Манделла. Бұл елдің иесі, киесі және мәңгі тұғыры, - ол Мағжан ақынның, «Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа, алақаныңмен тарата аларсың, сен тілім...» дейтін құдірет, - Қазақ тілі.

Тәуелсіздік жылдары мәңгүрт билік Қазақ тілін дамытудың орнына, онымен яғни Қазақ мемлекетімен күресумен болды. Оған мемлекеттіліктен гөрі, коррупция, ел мүддесінен гөрі мемлекеттің кенорындары, кәсіпорындарын яғни экономикалық негізін құртып сату мақсат болды. Диктаторлық билік халықпен, мемлекеттік институтпен күресуді өз мақсаты етіп қойды.

Қаңтарда ортақ қорға жинаған қаржыны айналаңыздағы ұрыларға талан-таражға салдырмай, адам капиталы яғни болашақ ұрпақтың ана тіл, ата дәстүрін үйреніп, мәдениетті дамытуға жұмсау керек еді.

Сексеннен асқан кемпір-шалдарды жарылқағанша, ел болашағы сегізге дейінгі ұрпаққа, Алла жаратқан ана тілдерінен ажыратпай, сол тілде сөйлету алдымен Президент ретінде Сіздің міндетіңіз. Басқаның бәрі өткінші, уақытша, құбылмалы тірліктер.

Латынға көшуді уақытылы қолға алу керек. Бұл бағытта соңғы үш жылда ешқанда шара іске асып жатқан жоқ. Содан кейін басқа тілдерді Қазақ тілінен жоғары қоюға талпынған дипломаттар мен депутаттардың арасындағы мәңгүрттік қоғамның обыр ауыруы болуда. Мемлекеттік тілге немқұрайлы қарап, оны үйренбейтін, IQ 20-30-дан аспайтындармен интеллектуальдық ұлт құру мүмкін емес яғни олармен біздің жолымыз бір емес.

Мемлекеттік тіл, - ол ұзын-арқан, кең тұсау қылып созбалақтап жүретін созылмалы ауыру емес, адам капиталы мен мемлекеттік институттарды дамытатын негізгі құрал. Сондықтан,мемлекеттік органдардың басты міндеті, әрі қасиетті борышы,- ол әлеуметтік, не экономикалық мәселелер емес, алдымен мемлекеттің тіл мәселесін шешу болып табылады. Мемлекеттің осы түпкілікті мәселесін шешуде халық Сізбен бірге. Отыз жылға кешігіп жатырмыз. Іске кірісіңіз.

Құрметпен, Жанұзақ ӘКІМ, ғалым, академик

Пікірлер