Үндістандағы қолжазба қорлар

711

Үндістан елінде миллиондаған мұсылмандар өмір сүреді және осы елге мұсылман билеушілердің келуі мен ислам дінінің тарауы аса ауқымды және жан-жақты қарастыруды қажет ететін тақырып.

Үндістан жеріне ислам дінінің тарауымен бірге парсы тілінің кеңінен тарауы, тіпті бірнеше ғасыр ресми тілі ретінде қолданыста болғандығы кез келген ирантанушының назарын өзіне аударады.

Дели сұлтанаты құрылған кезден бастап Үндістан жеріне бірнеше дүркін тегі түрік билеушілер келген. Әрқайсысы ислам дінін тараушы ретінде келген және өзіндік өшпес із қалдырып отырған. Соның бірі Құтбаддин Айбек (1150-1210) тегі түрік болса араб және парсы тілдеріне ерекше мән берген. Дели қаласындағы мыңдаған туристер келіп тамашалайтын Құтб минардың тарихи және мәдени тұрғыдан маңыздылығын бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал Захираддин Бабыр (1483-1530) негізін қалаған Моғол империясының (1526-1857) ресми тілі парсы тілі болған. Бабыр және оның ұрпақтары Үндістан жеріне жаулап алушы ретінде келді деп қанша жерінен жазылғанымен де олардың әрқайсысы ислам мәдениеті, атап айтқанда архитектура, әдебиет, ғылым, музыка және т.б. салаларға үлкен қызмет еткен. Соның бірі – жазу өнері әсіресе қолжазба өнері. Араб, парсы, түрік және урду тілдерінде жазылған қолжазбалардың көбісі Моғол империясы тұсында жазылған. Ал Үндістандағы парсы тіліндегі қолжазбалардың алатын орны ерекше. Себебі де жоқ емес. Субконтинентте парсы тілі әрдайым ғылым мен әдебиеттің, философия мен суфизмнің тілі болған. Парсы тілін білу сауаттылық пен бекзадалықтың белгісі ретінде саналған. Алайда ағылшындардың отарлау саясатының салдарынан парсы тілі Үндістан субконтинентінен ығыстырылып оның орнын бірте-бірте ағылшын тілі алды. Бірақ тарихқа қайта оралатын болсақ парсы тілінсіз көптеген зерттеу жұмыстар алға баспайтыны белгілі. Үндістандағы Моғол империясының тарихын зерттеуде, Захираддин Бабыр мен оның әулетінің тарихын зерттеуде парсы тілін білу қажеттілік. Себебі осы кезеңдегі тарихи маңызды құжаттар мен еңбектердің негізгі бөлігі парсы тілінде жазылған. Одан басқа парсы тілі Моғол империясы құрылғанға дейін де кейін де Үндістан жерінде ерекше құрметке ие екенін ерекше атап көрсеткен жөн. Үндістан жерінде дүниеге келген көптеген ақындардың парсы тілінде жырлауы, қос тілде поэма мен прозалар жазуы (парсы және урду) бұл сөздерге толықтай дәлел болады. Олардың ішінде Әмир Хосрау Дехлеви (1253-1325), Мирза Ғалиб (1797-1869), Әбд әл-Қадыр Бидел (1644-1721) және бұдан басқа көптеген қос тілді ақындар мен ғұламаларды атап көрсетуге болады. Сонымен қатар осындай танымал ақындардың ізін жалғастырушы Мухаммад Иқбал Лахуридің (1877-1938) өзі де шығармаларының үлкен бөлігін парсы тілінде жазған.

Үндістан мен Иран ежелден қоян-қолтық араласқан көрші елдер ретінде мәдениеті мен шығу тегі жағынан ұқсастықтары көп. Бір кездері зороастризм дінінің өкілдері ислам дінінің келуімен ығысып Үндістан жеріне келіп «парса» атты жаңа топ пайда болған. Ал сопылық дәстүр арқылы Үндістан жеріне келіп көптеген мұсылмандардың біржолата орналасуы өзінше бір жеке зерттеу тақырыбы. Жалпы алғанда Үндістан жеріне парсы тілі арқылы Иран мәдениетінің тарауы шығыстанушылар әсіресе ирантанушы мамандардың тарапынан әрқашан қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі. Сондай-ақ ортаазиялық ақын, ғұлама, сопылардың да Үндістан жеріне келген соң парсы тілін игеріп осы тілде еңбектер жазып қалдырғаны да назар аударарлық тақырып. Осы орайда отандық ирантанушылардың да соңғы жылдары тынымсыз зерттеу жүргізіп жүрген тақырыптарының бірі – Үндістан еліндегі қолжазба қорларда сақталған мұсылман қолжазбалары.

Сол себепті де Үндістан қолжазба қорларына барып зерттеу жүргізу отандық шығыстанушылар үшін аса маңызды. Осындай бір мақсатта жуырда (18.06.2022-28.06.2022) Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрлгі Ғылым комитетінің (№BR10965240 грант) қаржыландыруымен жүзеге асырылған «Алтын Орданың этнополитикалық тарихын зерттеу және жаңа дереккөздерді аудару» атты жобаның аясында Үндістанның Дели және Алигарх қалаларына ғылыми іссапарға бару мүмкін болды. Ғылыми жобаның жетекшісі белгілі ғалым, PhD доктор Ж.М.Сабитов.
Ғылыми іссапардың бір бөлігі Үндістанның қолжазба қорларында сақталған парсы тіліндегі Алтын Орда тарихына қатысты дереккөздерді анықтау және көшірмелерін жасату. Екінші бөлімі жергілікті шығыстанушы мамандармен қолжазба зерттеу саласы бойынша пікір алмасу және тәжірибе алмасу болатын. Аталмыш жоба шеңберінде Үндістанның Алигарх қаласы Алигарх мұсылман университетіне қарасты Маулана Азад кітапханасының қолжазба қорындағы парсы тіліндегі қолжазбалармен жұмыс жасалынды. Жалпы Алигарх мұсылман университеті Үндістанда 1875-жылы негізі қаланған ең тұңғыш мұсылмандар үшін ашылған университет. Бүгінгі таңда бұл университет Үндістандағы рейтинг жағынан үшінші орынды иеленеді. Алигарх мұсылман университеттің негізін қалаған жеті қырлы бір сырлы ғалым, теолог, адвокат Сеййед Ахмад-хан (1817-1898). Араб, парсы, урду және бірқатар тілдерді жақсы білген Сеййед Ахмад-хан жеке кітапханасындағы қолжазбалар мен кітаптарды өзі негізін қалаған университетке сыйға берген. Маулана Азад кітапханасының негізі 1877-жылы қаланған және тек Үндістан ғана емес әлемдегі үлкен кітапханалардың бірі болып табылады. Бұл кітапхананың қолжазба қорында 16000 астам қолжазбалар мен 20000 астам сирек кездесетін кітаптар сақталған. Қолжазбалардың негізгі бөлігі араб және парсы тілдерінде. Араб тіліндегі қолжазбалардың ішінде ханафи мазхабына, Үндістан жеріне ислам дінінің тарауына және суфизмге қатысты трактаттар кездеседі. Оның ішінде Әбу Наср әл-Фарабидың да трактаттары бар. Парсы тіліндегі қолжазбалардың ішінде көбінесі тарихи, шежірелік, династиялар тарихына арналған шығармалар жиі кездеседі. Атап айтқанда Шыңғыс хан, Әмір Темір және Бабыр мен оның ұрпақтарының тарихына арналған қолжазбалар ерекше маңызды. Сонымен қатар санкскрит, урду тілдерінде де көптеген құнды қолжазбаларды кездестіруге болады. Кітапхананың жанында ерекше және әлемде теңдесі жоқ қолжазбаларға арналған музейі бар. Оның ішінде Құран Кәрімнің Куфалық жазудағы қолжазба нұсқасы мен тері киімге Құран Кәрімнің бүкіл аяттарының көркем жазумен жазылуы ерекше назар аударады.
Үндістанға ғылыми іссапар барысында Алигархтағы Маулана Азад кітапханасының қолжазба қорында Алтын Орда тарихына қатысты бірқатар парсы тіліндегі қолжазбалар анықталып, олардың көшірмелері дайындалды. Сонымен қатар Алигарх мұсылман университеті Парсы зерттеулері институтының (Institute of Persian research) ғалымдарымен қолжазбатану саласы бойынша тәжірибе алмасулар болды. 2007-жылы құрылған бұл институттың директоры, профессор М.Осман Ғани. Парсы зерттеулері институтының негізін қалаушы және бұрынғы директоры профессор Азармдухт Сафави ханымның айтуынша бұл орталықтың басты мақсаты парсы тіліндегі қолжазбаларды зерттеу, мәтіндерін жарыққа шығару. Жылына ондаған парсы қолжазбаларын зерттеп, ғылыми түсініктерімен бірге жарыққа шығаратын бұл институттың мамандарының тәжірибесі мол. Бір күнде 30-50 бетке дейін қолжазба мәтінді оқып қайта көшіруге машықтанған мамандары бар бұл институттың болашаққа құрған жоспарлары мол. Соның бірі Орталық Азия елдері мамандарымен бірлесіп жұмыс істеу. Аталмыш институттың мамандарымен тәжірибе алмасу іссапар барысында өте пайдалы болғандығын ерекше атап көрсету қажет.

Бұдан басқа Дели қаласындағы Нұр микрофильм қолжазбалар орталығында жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл орталықта 30000 астам Үндістанның түрлі кітапхана қорларында сақталған қолжазбалардың микрофильмдері сақталған. Микрофильмдерді сақтау мен оның сандық нұсқасын дайындау және қолжазбаларды реставрациялау жұмыстарымен айналысатын бұл орталықтың мамандарымен де пікір алмасу алдағы уақыттағы ғылыми жұмыстарға үлкен әсерін тигізері анық.

Жалпы алғанда Үндістан қолжазба қорларына жасалған он күндік іссапар сәтті өтті. Бұл сапарда қол жеткізген нәтижелер мен алған тәжірибе сөз жоқ құнды.

Ғалия Қамбарбекова
Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия
кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket