Ақсу ауданында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр

1843
Adyrna.kz Telegram
www.gov.kz
www.gov.kz

Ақсу ауданында ірімшік шығаратын зауыт, оны шикізатпен қамтамасыз ететін тауарлы сүт фермалары салына бастады. Қызылағаш ауылында «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС шамамен 5 млрд. теңге инвестиция құйып, осы жобаларды қолға алуда. Өткен жылдан бері 1300 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуға кірісіп, фермаға Даниядан 600-ден астам бас ірі қара әкелген. Алда тағы екінші ферманың құрылысын бастауға ниетті. Жергілікті жұмысшыларға арнап 80 тұрғын үй салу межеленген. Кеше Ақсу ауданына барған сапарында облыс әкімі Бейбіт Исабаев осындай бастамалардың, су шаруашылығы, құрылыс салаларындағы басқа да нысандардың жайымен танысып қайтты, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылағаш ауылындағы «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС-ның сүт фермасы мен ірімшік шығаратын зауыт салу, тұрғындар үшін 80 үй салу бастамаларын Бейбіт Исабаев қолдайтынын айтты. Тұрғын үйге қажетті инженерлік-инфрақұрылым тартылуына көмек көрсетуді аудан әкімдігіне тапсырды. Ең бастысы жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуға көп көңіл бөлу керектігін еске салды.

[caption id="attachment_119806" align="alignnone" width="300"] www.gov.kz[/caption]

Ақсу өңіріндегі тағы бір жақсы жоба – «Ақсу ГЭС» ЖШС-ның форель шаруашылығы. Серіктестіктің балық шаруашылығымен айналысуды былтыр бастаған. Жоба бойынша мұнда 170 тонна тауарлы балық өндірілетін болады. Кәсіпкер іске 515 млн. теңге жеке қаражатын салған. Қазіргі кезде инкубациялық цехтың құрылысы біткен, оған екі инкубациялық аппарат сатып алыныпты. Электр желісі тарылған. Кәсіпорын қазір тоңазытқыш құрылғыларын Панфилов ауданында орнатқан, тауар сол жерден алғашқы өңдеуден өткізіліп, экспортқа жөнелтілетін болады.

[caption id="attachment_119807" align="alignnone" width="300"] www.gov.kz[/caption]

Ұзақ жыл тоқтап тұрған тұрған Ақсу қант зауыты іске қосылғаннан кейін оның жобалық қуаты 450 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жеткен. Жүктемені қамтуға шикізат жетіспеушілігі туындағандықтан зауыт қамыс қантын өңдейтін желісін іске қосу жұмыстарына кіріскен.

Бұл ретте Б. Исабаев, қант қызылшасының алқабы бірте-бірте ұлғайтылатынын айтты:

- Ең алдымен суармалы судың мәселесін шешуіміз керек. Қазір суару каналдарын қайта жаңғыртып, қалпына келтіріп жатырмыз. Қант қызылшасын да, қант қамысын да қатар өңдейміз. Көксу қант зауыты соның арқасында жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Осындай жүйеге Ақсу зауыты да көшуі керек. Өз кезегінде зауыт іргелі кәсіпорын ретінде қант қызылшасының сапасын көтеру ісіне белсене атсалысуы тиіс. Мемлекет қажетті көм жасап отыр, соған лайық сіздер тарапынан да бастамалар болуы керек, қызылша өсіруші шаруашылықтармен бірігіп жұмыс істеп, оларға жәрдем жасап отырсаңыздар, екі тарапқа да тиімді болар еді. Қазір алқаптардағы жұмыстың басым бөлігі қол күшімен атқарылады, ол – ауыр еңбек, сондықтан оны механикаландыруға назар аудару керек, - деді облыс әкімі.

[caption id="attachment_119808" align="alignnone" width="300"] www.gov.kz[/caption]

Аудандағы суармалы су жетіспеушілігін шешуге Қызылағаш су қоймасының қалпына келтірілгені үлкен әсерін тигізбек. Су қоймасының толық сыйымдылығы – 42 млн. м3. Мұнда қазір нысанның қауіпсіздігі мен шыдамдылығын тексеру процестері жүріп жатыр. Плотина 7 мыңға жуық гектар жерді суармалы сумен қамтуға кезең-кезеңімен кірісетін болады.

Ауданда ирригациялық жүйелердің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Бұл 12 мыңға жуық гектар суармалы жерді айналымға қосуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде 15 шақырым желі тартылған, тағы 60 шақырымға жүргізіледі. Жалпы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы ирригациялық желілер мен су қоймаларын қалпына келтірудің арқасында айналымға 25 мың гектардан астам суармалы жер қосылады деп күтілуде.

Сапар барысында Бейбіт Исабаев бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарының барысын қарады. Сағабүйен ауылындағы Тоқтаров атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі кестеге сәйкес қазанның соңына дейін аяқталуы тиіс. Оқушылар екінші тоқсанды туған ауылының жаңарған мектебінде оқитын болады. Сағакүрес ауылында шағын орталығы бар 120 орынды жаңа мектеп салынып жатыр.

Пікірлер