Жетісулық кәсіпорындар республикалық қанатқақты жобаларды іске асыруға қатыса алады

626

Республикалық қанатқақты жобаларды іске асыруға қатысуға  Жетісудағы кәсіпорындар мен нысандардың жағдайы жетеді. Солай болғанда «жетісулық» мазмұнның үлесі бірте-бірте ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге едәуір ықпал етпек. Оған барлық мүмкіндіктер бар. Бүгін Талдықорған қаласы мен Көксу ауданындағы өнеркәсіп орындарын аралаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы мәселеге назар аударды,- Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Мәселен, электр желісі құрылысына арналған темірбетон бұйымдары мен конструкцияларын шығаруға маманданған «Темірбетон» ЖШС-ның өндірістік қуаты - 65 мың м3. Мұнда 400-ден астам адам еңбек етеді.

Кәсіпорынның тәжірибесі мен мүмкіндігін ескерген облыс әкімі Б.Исабаев зауыт басшылығына Балқаш маңындағы Мойынты-Достық теміржол тармағының құрылысына қатысты республикалық жобаны іске асыруда өз мүмкіндіктерін сынап көру керектігін айтты. Бұл теміржол тармағының жалпы ұзындығы 530 км, соның 351 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Жоба 3 жылға жоспарланған, биыл басталады. Осы жоба байланыс жүйесінің темірбетон тіректерін өндіріп жеткізуді қажет етеді. Бұл ретте компанияның мұндай құрылыста тәжірибесі мол. Елордада «Нұр жолы» теміржол вокзалын және Алматы-Шу теміржолын салуға қатысқан. Сондай-ақ Бескөл-Ақши, Ақши-Көктұма-Ақтоғай электр желісін тарту да маңызды жобалардың бірі бола алады. Үшіншіден «Темірбетон» арық жүйелеріне арналған науа шығарумен де айналысады. Сондықтан кәсіпорынның облыстағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысуына болады. Алакөл жағалауын бекітуге де белсене кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін нақты жоба әзірленуі керек. 20 жылдық жұмыс тәжірибесі бар «Темірбетон» ЖШС жұмыстың барлық спекторын – жобалаудан бастап дайындау мен орнатуға дейінгі барлық жұмыстарды атқарады. Атап өтсек, өткен жылы кәсіпорын бюджетке 2,4 млрд теңге салық кірісін кіргізген.

«Айсұлу» тігін фабрикасының іргесін кеңейтуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні мұнда 100 адам жұмыс істейді, орташа жалақысы кірісіне қарай 100-200 мың теңге аралығында. Қызметкерлер тегін түскі аспен, көлік тасымалымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның ашылғанына көп уақыт өтпегенімен, өнімнің 200-дей түрін шығара алады, 250-ден астам компаниямен әріптестік байланыс орнатылған. Атап айтқанда оларға арнайы жұмыс киімін, медициналық халаттар, төсек жаймаларын тігеді. Бейбіт Исабаев тігін фабрикасы өңірдегі медицина мекемелерін төмен бағада өз өнімдерімен қамтамасыз етсе, тапсырыс көлемін ұлғайту есебінен кірісін арттыруға болатынын айтты. «Мемлекеттік тапсырыстың арқасында 2-3 жылда шағын кәсіпорын аяғына нық тұрып, жергілікті нарықта өз орнын айқындай алады, тұрақты тұтынушылар табады, яғни өндірісін кеңейтіп, тұрақты жұмыс орындарының санын, жұмыскерлерінің жалақысын көбейтеді. Бұл қарапайым халық үшін пайдалы. Бюджетке салық түсімдері артады, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі орындалады. Мемлекет пен бизнестің арасындағы осындай жұмыс механизмі тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі тиіс», - деді Б. Исабаев.

Талдықорғандағы қала құраушы іргелі кәсіпорынның бірі - аккумулятор батареяларын шығаратын «Қайнар-АКБ» зауыты. Кәсіпорын өнімдерін Ресейге, Қытайға, Әзербайжанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға, Өзбекстанға, Грузияға, Түркменстан және Қырғызстанға, БАӘ-ге, Польшаға, Италияға экспорттап отыр. Өндірістік қуаты жылына 3,6 млн аккумулятор батареяларын шығаруға жетеді, 1200 жұмыс істейді. Тәулігіне 10-11 мың аккумулятор өндіреді, бұдан бөлек тозығы жеткен немесе қолдануға жарамсыз аккумулятор батареяларын қайта өңдейтін цех жұмыс істейді. Бүгінгі күні зауыттың ірі тапсырыстарды орындауға барлық мүмкіндігі бар.

«JLC Сүт» ЖШС зауыты сүт өнімдерінің 50-ден астам түрін шығарады.  Сүт осы өңірдегі «Каримов», «Тастөбе» сүт фермаларынан жиналады. Кәсіпорында 230 адам жұмыс істейді. Нысанды кеңейте түсу үшін тауарлы сүт фермаларын дамытудың маңызы зор. Облыс әкімінің айтуынша, шикізат іздеп әуре болмау үшін зауыттың өзі шағын шаруашылықтарды біріктіретін зәкірлі кәсіпорын бола алады. Ол үшін мәселені шешуге кешенді түрде қарау керек.

Көксу қант зауыты да өз жұмысын жалғастыруда. Өткен жылдан бастап кәсіпорын үздіксіз жұмыс істеуге көшіп, қызылшамен бірге қамыс өңдеуді де жолға қойған. Наурыз айынан бастап 21 мың тонна қант қамысы өңделген,  тағы 22 мың тоннасы жуық арада зауытқа жеткізіледі, жол үстінде. Жалпы қант қамысына берілетін мемлекеттік квота көлемі 50 мың тонна. Күзден бастап зауыт қант қызылшасын өңдеуге көшеді.

Жалпы қант маңызды азық-түлікке жататын болғандықтан қант өндірісін дамытуға өңірде баса мән беріліп отыр. Биылғы жылы 295 мың тонна шикізат өңдеу жоспарланып отыр, соның ішінде шамамен 200 мың тоннасы қант қызылшасы, одан 100 мың тонна қант өндірілуі тиіс. Жалпы 2025 жылға қарай тәтті түбірді 15 мың гектарға дейін жеткізу межеленген. Жергілікті шаруашылықтарға уәде етілгендей, қазір қызылшаның әр келісіне берілетін төлем 30 теңгені құрап отыр. Оның тең жартысы зауыттың, жарты сомасы субсидия есебінен төленеді. Бұдан бөлек Көксу қант зауыты алыс аудандардан жеткізілетін қызылшаның тасымалы үшін де белгілі көлемде төлем жасайды.

Жүйе құраушы кәсіпорындар қатарын арттыруда «Талдықорған» индустриалды аймағының маңызы зор. Аймақта қажетті инфрақұрылымдар жүргізілген. Мұндағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның бірі - «Жетісу Мажико Агрокешені» ЖШС. Ол тәулігіне 400 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында кұнбағыс пен рапс өңделеді. Өкінішке қарай әзірге шикізат Ресейден тасымалданады. Бейбіт Исабаев бұл ретте жергілікті шаруашылықтармен байланыс орнату мәселесін пысықтауды тапсырды. Егер шаруашылықтар күнбағыс өсірсе, онда кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз етумен қатар, көпеген адамның жұмыспен қамтылуына жағдай туады. Облыс басшылығы өз тарапынан бұл саланы ілгерілетуге қандай қолдау шаралары қажеттігін зерделеуді тапсырды.

Атап өтсек, бүгінгі күні индустриалды аймақта «Жетісу экспорт» ЖШС, «Bars technologie» ЖШС, «ТК «Газоблок» ЖШС, «Jetysu Ceramic» ЖШС сияқты жобалар қолға алынуда. Бұларда 210-нан астам жұмыс орны құрылып, 12 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылады. Құрылыс материалдарын, аккумулятор батареяларын өндіретін зауыттар, астық сақтау қоймасының құрылыстарын жүргізу жоспары бар. Облыс әкімінің айтуынша, индустриалды аймақтың ауқымын кеңейтіп, жаңа инвесторлармен жұмыс істеу үшін қолданыстағы және жоспарланған жобалар орналасқан жерлерден бөлек кемінде 100 га жер резервте болуы тиіс. Ал өндірістік аймақтың ауқымын кеңейту, инветорлар тарту – басты мақсаттың бірі.

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket