Ақтөбенің бренді не болмақ?

2611
Adyrna.kz Telegram
«Бренд» ұғымы тауар мен нарыққа қатысты ұғым болғанмен, дамии келе бұл ұлттық құндылықтың айшығын байқататын рухани-идеологиялық таңба ретінде де қабылданып кетті. Осы орайда әрбір өңір де өз брендін қалыптастыру арқылы жалпықазақстандық құндылықты дамытады. Саралай келе брендтің екі түрлі туындау және қалыптасу жолдары бар екенін аңғару керек. Біреуі бұрыннан жұртқа, халыққа танымал дүние кенеттен нарықтағы үлкен тұтынысқа, болмаса идеологиялық тұтқаға айналады. Ал екінші жол – жолайы, арнайы түрде дамыта келе бренд ретінде айшықтау арқылы жұрттың көзайымына айналдыру.
Айталық, Ақтөбе облысы үшін брендке айналар тақырып негізінен батырлық тақырыбы. Әрине бұл тақырып қазақтың қай өңіріне де тән. Алайда, Ақтөбе аумағы кешегі аңызға айналып өткен Томиристің (шын есімі – Тамар, тамшы сөзіне қатысты) батыр анамыздың ат сабылтқан жері. Дегенмен, тарихтағы Қырымның қырық батыры туралы жыр да, олардың бейіті де осы өңірде. Бұған қоса ұлттық құндылыққа айналған Қобыланды батыр жырының бас кейіпкері де, ердің соңы Есет те Ақтөбеде емес пе?!Батырлық институтынан ажыратуға болмайтын және Нұрпейіспен бітетін жыраулық пен жыршылық та бар.

Бұл өңір ежелгі сақ-сармат өңірі, оғыздар сіңген жер. Мәссағат тайпасы жайлаған мекен.Тамырын тереңге жіберген осы айғақтардың бүгінгі атрибуты ақтөбелік бренд болуға тиіс және солай қалыптастуры бүгінгі ұрпақтың тікелей міндеті.  

Нақтырақ айтсақ, өнерде жыршылықты дәріптеу керек; бұл- бір бренд; спортта - ат спорты, әсіресе, көкпар мен жамбы ату, садақ ату сықылды ойындар ошағы болуға Ақтөбе лайық мекен. Тоғызқұмалақ спорты бұл өңірде ерекше дамып келеді, ендеше бестем, тоғызат (тоғызқұмалақтың ежелгі атауы) зияткер спорт түрлері одан әрі айрықша назарда болуы қажет. Мереке сайын, демалыс  сайын бұл спорт түрлері көпшілікке көзайым болудан танбағаны жөн.
Бұдан басқа совет өкіметі тұсында «Мұғалжар» атты асылтұқымды жылқы өсірілді, кәзір де бар. Бұл асыл тұқымды жылқы да әлгі брендті тұтастыра түседі. Байлар бұл тұқымды жарыса сатып алуы қажет, бұл ат бәйгеде, көкпарда тұтынысқа көбірек түсуі керек. Жылқыны дәріптей түсетін тағы туынды - жазушы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында» романында «қымызмұрындық» мерекесі туралы бекер бір тарау берілмеген. Тіпті, бүгінде орысша бұрмаланып кеткен «Жилянка»атауының әлімнің бір баласы Жолан шалдың отырған қонысы екені және оның адам мен айуанға үйірін бермеген әйгілі Ардала айғыры туралы аңызы да бекер емес.

Алайда, бұл брендтерге қатысты өндіріс ошақтары мен өнеркәсіптер пайда болса әбден дұрыс болады. Бренд құрғақ насихатпен орнықпайды: материалдық және рухани мәпенің нәтижесінде қалыптасады.

Серік Ерғали,

Ерқосай Әбілов

Пікірлер