Құрылтайға сонша ақшаны жаратқанша «Қаңтар қырғынынан» зардап шеккендерге көмек көрсетпей ме? - саясаткер

10114
Adyrna.kz Telegram

16 маусым – Ұлытау облысында алғаш рет «Ұлттық құрылтай» өткізілмекші. «Бұл құрылтайдан ешнәрсе күтпеймін. Елде қордаланған күрделі мәселелер өте көп. Өткізілейін деп жатқан құрылтайға қыруар қаражат кетеді. Сол қаражатты обал екен деп ойламай ма екен осы... Қазір қаншама адам «Қаңтар қырғынынан» кейін қиын жағдайда қалды. Адамдар жақындарынан айырылды. Оқ тиіп, жарақат алды. Соларға көмек бермей ме?!" Бұл пікірді белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

«Бұл құрылтайдан ешнәрсе күтпеймін. Өтеді деген мәселеге елеңдеп те тұрған жоқпын және бұл туралы ойлағым да келмейді. Өйткені қазіргі билік шынайы халықтың көңілінен шығатын шаруа атқарып жатқан жоқ. Мына соңғы референдумды алып қараңыз. Не болды?! Халықты алдау болды! Мына құрылтай да сол халықты алдау! Одан басқа түкте емес», - дейді саясаткер.

Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, егер бұл расымен елдің мүддесі үшін көптің көңілінде жүрген мәселелерді шешу мақсатында өткізілетін құрылтай болса, онда оған Қазақстанның кез-келген азаматы барып, қатысар еді.

«Қазір бұл құрылтай өте ме, не болады деген мәселеге ешкім мән беріп жатқан жоқ, тіпті көңіл аудармайды да... Ол жаққа өңкей жағымпаз, жалтақ, мақтау-мадақтау айтатындар ғана керек қой. Ал келелі мәселені көтеріп, көптің көңіліндегі сөзді айтатын адамдарды ол жерге шақырмайды. Кейбір адамдар «бізді неге шақырмады» деп реніш білдіріп жатыр. Қайта мен ол адамдарға сіздерді «шақыртпағанына қуаныңыздар» деймін. Ол жерге барып абыройларыңызды кетіріп нелеріңіз бар?...», - дейді Рысбек Сәрсенбай.

Саясаткердің айтуынша, Тоқаев Ұлттық құрылтай өткіземін деп сонша ақшаны желге шашқанша «Қаңтар қырғынынан» зардап шеккен жандарға көмек көрсетуі керек еді.

«Елде қордаланған күрделі мәселелер өте көп. Мен бұл шараға ешқандай қызығушылық білдірген жоқпын. Өткізілейін деп жатқан құрылтайға қыруар қаражат кетеді. Сол қаражатты обал екен деп ойламай ма екен осы... Қазір қаншама адам «Қаңтар қырғынан» кейін қиын жағдайда қалды. Адамдар жақындарынан айырылды. Оқ тиіп, жарақат алды. Соларға көмек бермей ме?! Қаншама ауру-сырқаулар, адамдар шетелге шығып емделіп, өмірлерін сақтайды. Соған біздікілердің мүмкіндіктері жоқ. Одан да соларға жұмыс ашайық, сауапты іс болар еді», - дейді қоғам қайраткері.

Рысбек Сәрсенбайдың топшылауынша, «бұл сол Тоқаевтың жасанды беделін әспеттеу үшін ғана керек нәрсе ғой»...

«Ертең көр де тұрыңыздар, ой «Тоқаев сіз кереметсіз, анау, мынау» деп айтады. «Тоқаев данышпан» деп билікке жетіп жатқандар соның мысалы болады ғой. Енді ертең сол жаққа барып мадақ айтушылар жарыс өткізеді. Соның нәтижесінде ауданнан бастап облыстың, министрліктің тұтқасын ұстап жатса ешқандай таң қалмаймын. Сондайлардың көзге түсіп, көрініп қалатын жері...», - дейді саясаткер.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, билік «Қаңтар қырғынынан» сабақ алған жоқ.

«Биліктегілерге «Қаңтар қырғыны» сабақ болды деп айту қиын. Керісінше солай істегеніміз дұрыс болды деп отырған шығар. Егер Тоқаев жіберілген қателіктерді мойындаса, онда анау қамауда отырған азаматтардың бәрін босатар еді. Нағыз қылмыс жасап, арандатуды ұйымдастырғандардан басқа... Ондай жасаған жоқ. Ал мына референдум кезінде тағы да сол ойларына келгенін жасады. Соған қарағанда бұл құрылтайдан айтарлықтай нәтиже күту босқа әурешілік!», - деп пікірін білдірді Рысбек Сәрсенбай.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер