Референдум: Ақтөбенің жастары белсенділік танытып жатыр

6689
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Ақтөбе облысында 517 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Бұл учаскелерде тұрғындардың науқанға қатысуы үшін жағдай жасалған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватаксилер мен сурдо аудармашылардың жұмыс жасауы қарастырылған. Дауыс беру науқанында жастардың белсенділігі байқалады. Әсіресе, таңдау жасауға келген студенттердің қарасы көп. Сондай-ақ ел болашағы үшін маңызды шарадан қалмауға тырысқан қарияларымыз да бар.

Зейнеткер Қасымбек Әбдірахманов Ақтөбе қаласындағы #67 дауыс беру учаскесіне таңғы сағат 08.15-те келді. Ол мемлекеттің реформаларын қолдайтынын, оң өзгерістердің жақсылыққа бастайтынын айтады.

- Отбасымызбен келіп, дауыс беріп жатырмыз. Президенттің бастамалары дұрыс деп есептеймін. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтарымыз, жастарымыз аман болсын! Қазақстанымыз дами берсін! - дейді ол.

Ақтөбе қаласындағы #538 референдум учаскесіне келіп дауыс берген Аяулым Сағидоллақызы бүгін, 5 маусымда, 18 жасқа толып отыр. Туған күнінде алғаш болып референдумға қатысып, дауыс берген Аяулым елде болып жатқан өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.

— Медициналық колледжде оқимын. Елімізде болып жатқан реформаларды қолдаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен мемлекетімізде оң өзгерістер, жақсы жаңалықтар болып жатыр. Бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет референдумға қатысу мен үшін күтпеген жағдай болды, — дейді ол.

Айта кету керек, дауыс беру учаскелері кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Жалпы ақтөбеліктердің белсенділігі де, көңіл күйі де жақсы.

Қорыта айтсақ, Ақтөбе облысы бұл референдумнан жаңа, жағымды өзгерістер күтеді.

Данагүл Баймұқаш,
"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер