Әміржан Қосан, президенттікке экс-кандидат: «Екі қадам артқа шегінбей, бір қадам алға жылжиық!»

1304
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Неге 5-маусым күні референдумға қатысып, ұсыныстарды қолдау керек?

Сонымен, 5-маусым күні Қазақстанның жаңаша тарихында екінші рет референдум өткізіледі.

Қазақстан азаматтары президент Тоқаев ұсынып отырған конституциялық реформаға қатысты өз таңдауын жасайды. Алынып тасталатын, толықтырылатын және өзгеретін баптар туралы БАҚ аз айтып жатқан жоқ, оларды қайталамай-ақ қояйын.

Плебисцит қарсаңында Қаңтар қанды қырғынынан кейін оянған, билікке деген көзқарасын еш бүкпесіз де ашық айтуға дағдылана бастаған плюралистік қоғамда осы референдумға қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасқанын мойындау керек.

Біріншісі – бүкілхалықтық таңдауға азамат ретінде қатысып, «иә» деп дауыс беріп, Тоқаевтың реформасын толық қолдау. 

Бұл санатта билікшіл, оған шаң жуытпайтын, жүргізіп отырған саясатына ешбір кінәрат артпайтын, президенттің саяси фанаттары бар. Олар ұсынылып отырған өзгерістерді шәк келтірмейді, тұтасымен һәм талқылаусыз қабылдайды.

Екіншісі – президенттің бұл бастамасына үзілді-кесілді қарсы ағайын. Билікке кім келсе де, жақтырмайтын, өздерін перманентті түрде оппозиция сезінетін, ертең пайғамбар өкіметке келсе де, оның тырнағының астынан кір іздеп, оның да кез келген бастамасына күмәнмен қарап, тіпті ол елге қажет шешім болса да, оны қабылдамайтын, бәріне радикалды баға беріп, революцияны қалайтын, керек десеңіз, қантөгістен де кет әрі емес күштер мен тұлғалар.

Шынын айту керек, қазіргі таңда осы екі қоғамдық трендтің арасы ашылып кетті, бір-бірімен бітіспес, мәмілеге келе алмайтын халге жеткендей. Ол қоғамдық температураны әлі де шешіле қоймаған әлеуметтік-экономикалық түйткілдер мен Тоқаевты өзінің жеке жауы санайтын іштегі және сырттағы «оппозиционерлер» қаржысын да, күш-қайратын аямай, көтеріп жатыр.

Осындай жағдайда не істемек керек?

2019 жылғы президент сайлауынан кейін мен ұққан бір жайт бар: оппозицияның бәрі біркелкі емес, ол – жанды әрі сан алуан позициялар мен көзқарастардан құралған, палитрасы мейлінше кең ауқымды организм. 

Бірақ, қоғам секілді оппозицияда да монополия болуы мүмкін емес.

Жоғарыда аталған радикалдармен бірге, билікке салиқалы да сабырлы түрде сын айта алатын, ақты - ақ, қараны - қара деп объективті түрде бағалай алатын, ең бастысы, мемлекеттік және ұлттық мүддені де естен шығармайтын, эволюциялық жаңаруды қалайтындар бар. 

Меніңше, болашақ осы қоғамдық таңдау жағында. 

Жасыратын несі бар, референдумға ұсынылып отырған өзгерістердің бәрі толығымен менің де көңілімнен шықпай отыр. Жоба арасынан 25 жыл оппозицияда жүріп, өз әріптестеріммен бірге көтеріп келе жатқан көптеген ұсыныстарды таба алмай отырмын. Ол туралы жаздым да.

Бірақ, осынау бірбеткей де ымырасыз позиция ұстанып, референдумға мүлдем бармай, өзімнің конституциялық құқымды жүзеге асырмай немесе плебисцитке қатысып, «жоқ» деп дауыс берсем, оным дұрыс бола ма?

Президент Тоқаев ұсынып отырған өзгерістер қабылданбай қалса ше? Назарбаев кланы 27 жыл бойына жеке-дара билеп-төстеген жүйе Ата Заң талаптары тұрғысынан баз-баяғы қалпында қалмай ма? Ондай құқықтық жағдай ескіні аңсаушы, регрессивтік күштерге дем беріп, саяси реванш алуға құқықтық мүмкіндік бермей ме? Іштей тынған әрі бір бармағы бүгулі антитоқаевшыл күштер әлі де әлеуетінен айрыла қойған жоқ, олар биліктің өз ішінде және Тоқаевтың соңғы экономикалық шешімдерінен зардап шеккен олигополияның арасында толып жүр ғой. Олар ертең бас көтеріп, Қаңтар қанды қырғынын қайталаса не істейміз? 

Битке өкпелеп, ортақ тонымызды өртейміз бе? Қоғамымыздың дамуын бір қадам болса да алға жылжыту мүмкіндігінен неге саналы түрде бас тартамыз?

Сондықтан да, еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарап, қызуқандылыққа, бір кезеңдік эмоцияға салынбай, 5-маусым күні өзіміздің конституциялық құқымызды пайдаланып, референдумға қатысып, осы жолғы ұсыныстарды қолдау керек деп санаймын.

Билік болса, сайлаушылардың осы қадамын саяси аванс ретінде қабылдап, 5-маусымнан кейін де Конституцияны, негізгі заңдарды дер кезінде жетілдіруге бағытталған реформалық бастамаларын жалғастыра берсін! Құдай қаласа, халық қолдаса, билік көнсе, Конституцияға басқа да өзгерістер енгізіле жатар!

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket