Сенаторлар Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне келді

3302
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының сенаторлары Алматыдағы жоғары оқу орындарының ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Кездесудің басты мақсаты елімізде 5 маусымда өтетін республикалық референдумды түсіндіру, осы тақырып аясында пікір алмасу болды.

Жалпыхалықтық сипат алатын саяси науқан барысында сенаторлар Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне де арнайы келді. Олардың қатарында сенат депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нүкетаева, Талғат Мұсабаев, Нұртөре Жүсіп, Сұлтанбек Мәкежанов және «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті Рахман Алшанов бар. Кездесуде Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова 5 маусымда өтетін референдумның ел тарихындағы маңыздылығына тоқталып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум демократиялық жолдың айқын көрінісі деген пікірін жеткізді. Ел болашағында маңызды орын алатын референдум жайлы кездесу өткізуге арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

«ҚазИТУ ұжымының Жаңа Қазақстанды құру жолындағы демократиялық өзгерістер үшін жауапты кезеңді зор түсінікпен қабылдайды. Мемлекетбасшысының Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу туралы бастамасын қолдайды. Референдум қоғамның демократиялық процестерге араласуына, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы демократиялық өзгерістерге жол ашуға үлкен мүмкіндік», - дейді ректор Гүлнар Әлібекқызы.

Қазақстан Республикасының сенаторлары білім ордасымен танысып, болашақ мамандарды даярлап жатқан жоғары оқу орнының ұжымымын кеңесіп, референдум жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Университеттің техникалық, базалық жабдықталуымен танысып, студент жастарға мықты маман болуды тіледі.

Сенат депутаттары Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның әрбір азаматының негізгі құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қорғауға бағытталғанын баяндап, мұндай референдумда белсенділік танытуға, жаңа Қазақстанды құрудан тыс қалмауға үндеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында орын алғалы отырған саяси өзгерістерді бірге жасауға шақырды.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер