Өкінішке қарай, менингококк менингитінің меселін қайтару мүмкін болмай тұр бүгінде. Сала мамандары осы аурудың алдын-алу шараларына ден қойып, бұл дерттің қандай да бір белгісі анықтала қалса, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес беруде. Менингиттің бүгінгі көрсеткіші, оған қарсы салынатын вакцина, диагнозды тану барысындағы дәрігерлердің қателігі турасында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожаповамен тілдескен едік.
– Роза Абзалқызы, республика бойынша менингит ауруы анықталған адамдардың саны қаншаға жетті?
– Жыл басынан бергі көрсеткішке көз жүгіртсек, 54 науқас менингококк инфекциясынан болатын менингит диагнозымен тіркелді. Өкінішке қарай, төртеуі осы аурудың салдарынан көз жұмды. Жалпы, менингиті анықталған, я болмаса асқындырып алғандарды жыл сайын тіркеуге аламыз. Жылда сақтандыру шараларына тиісті деңгейде ден қоймағаннан кейін бұл диагноздың тізімі жаңартылып тұрады. Мәселен, былтыр 62 науқас тіркелсе, оған дейін бұл көрсеткіштің көлемі жүзден асып жығылатын. 2015 жылы тіпті 414 жағдай тіркелген.
– Десек те, бұған дейін көп естіп біле бермейтінбіз. Биыл неге ерекше өршіп кетті?
– Өкінішке қарай, биыл бұл аурудың салдарынан көз жұмғандардың қатары көп, төртеу дедік. Жылда жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқасқа жедел көмек көрсетіліп, ажал аузынан арашалап қалатынбыз. Биылғы жағдайда аурудың асқынғаны соншалық, қолдан келгеннің бәрін жасағанымызбен, көмек көрсете алмадық. Өз басым, олар дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінгенде, мұндай жағдай болмайтын еді деп есептеймін. Мәселен, менингиттен өлім құшқан баланың анасына балабақшадағы мамандар жұқпалы аурулар ауруханасына апару керегін айтқан. Анасы үйіне барып, таныс дәрігерлерімен телефон арқылы байланысып, үй жағдайында ем-дом жасаған. Сөйтіп, біраз уақытын өткізіп алды. Оның үстіне, адамдардың иммунитеті түсіп кеткен, соңғы айда бұл инфекцияны жұқтырғандардың саны күрт көбейді. Сәуір айының өзінде 33 азаматта менингит анықталып, ауруханаға жатқызылды. Оның 31-і Алматыда, қалған екеуі Алматы облысы мен Астанада тіркелді.
– «Дәрігердің көмегіне жүгіну керек» дедіңіз. Учаскелік дәрігерлердің өзі бұл аурудың алғашқы белгілерін ажырата алмай жатқан жағдайлар кездесуде. Бұған не дейсіз?
– Өкінішті-ақ. Кейбір жедел-жәрдем қызметкерлері, учаскелік дәрігерлер мен медбикелер тарапынан осындай жағдайлар орын алуда. Менингитті қарапайым қызылша мен тұмаудан ажырата алмай жатыр. Барша медицинаның жүгін арқалап жүрген мамандарға үнемі білімін жетілдіріп отыруға кеңес беремін. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан барлық медицина ұйымдарының қызметкерлеріне менингококк менингиті тақырыбында семинарлар өткізіліп, нұсқаулықтар таратылды.
– Расында, менингиттің алғашқы белгілерін үй жағдайында басқа ауру түрлерінен қалай ажыратуға болады?
– Менингиттің бастапқы белгілерін үй жағдайында анықтауға, емдеуге тыйым саламыз. Тіпті тыныс алу жолында кездесетін инфекциядан болатын тамақ, мұрын ауруларының өзін дәрігер шақыртып қарату қажет. Дене қызуың көтеріліп, тыныс жолдары бітіп, бойыңды әлсіздік шалса, құсып, тамаққа тәбетің болмай, өн бойыңда «қызылшаға» ұқсас бөртпе пайда болса, бірден ауруханаға баруға кеңес береміз.
– Білуімізше, менингококк инфекциясы қалыпты жағдайда жалпы адамзаттың 10-20 пайызының ағзасында «таратушы» түрінде кездеседі. Мұны қалай анықтауға болады?
– Кейбір дені сау адамдардың ағзасында менингококк инфекция «таратушы» түрінде кездесуі әбден ықтимал. Егер ол адамның иммунитеті жоғары болса, вирус ол ағзаға «қоқаң-лоққы» көрсете алмайды. Сәйкесінше, зияны жоқ. Бірақ «таратушы» адамға иммунитеті әлсіз біреу кездесе қалса, ауа арқылы менингококк инфекциясын жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан иммунитеттің күшті болуына күш салу керек. Ал адамдардың қайсысының ағзасында бұл вирус бар екенін, я болмаса, қайсысы «таратушы» екенін анықтаудың қажеті шамалы. Өйткені бүгін тексергенде, ағзасы менингококктан таза адамның ертеңгі күні біреуден жұқтырып алмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
– Менингококк менингитіне қарсы салынатын вакцина бар деп естідік…
– Мұндай екпе түрі бар. Кез келген ата-ана баласына менингитке қарсы ақылы негізде вакцина салдырғысы келсе, жеке иммунопрофилактика орталықтарына баруына болады. Бірақ бұл вакцина Денсаулық сақтау министрлігінің міндеттелген профилактикалық (алдын алу) екпелердің жоспарында жоқ. Яғни, емханаларға осы екпені тегін салу міндеттелмейді.
– Менингококк – аса қауіпті инфекция десек, бұл вирусқа қарсы екпе міндетті болуы тиіс емес пе?
– Менингитке қарсы вакцина біздің елде ғана емес, бірқатар дамыған мемлекеттерде де міндетті саналмайды. Өйткені менингококк инфекциясы ерте анықталған жағдайда және уақытылы дұрыс емделген болса, қауіпті емес. Кез келген адам иммунитет күшейтетін дәрумендер қабылдап, дұрыс тамақтанса, салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада серуендеуді әдетке айналдырса, үйін, жұмыс кеңсесін ылғалдандырып, тазартып тұрса, гигиеналық тазалығын сақтайтын болса, бұл инфекция қоршаған ортаға қарсы тұра алмайды. Бұл аурудың алдын алу, я болмаса, оған қарсы тұру үшін жаңағы аталған сақтық шараларын орындасақ жеткілікті. Менингококкқа қарсы вакцинаның міндетті екпе күнтізбесіне кірмейтіні де сондықтан.
– Бұрындары мұндай вакцина түрі мүлдем болмаған ба?
– Ол рас. Себебі, қажеттілік болған жоқ. Соңғы он жылда Сауд Арабиясы қажылыққа келетіндер үшін менингококкқа қарсы екпені міндеттегеннен кейін, бұл вакцинаны ақылы негізде қалдыруға шешім шықты. Жеке иммунопрофилактика орталықтарындағы вакциналар Денсаулық сақтау министрлігінің қадағалауында болғанымен, иелігінде емес. Мемлекет жекеменшік орталықтардың бұл екпені сатып алуына, салуына қажеттілік туындағаны үшін ғана, яғни қажылыққа баратындарға бұл екпе міндетті болғандықтан рұқсат берді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН,
"Айқын" газеті