Кабулда әйелдер "Талибанға" қарсы наразылық шеруге шықты

2647
Adyrna.kz Telegram
Фото: lenta.ru
Фото: lenta.ru

29 мамырда Ауғанстан астанасы Кабулда 20 шақты әйел "Талибан" қозғалысының әйел құқықтарын шектеуіне наразылық білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"azattyq.org" сайтының жазуынша, наразылық шарасына шыққан олар "нан, жұмыс, еркіндік" деп, сондай-ақ "Білім алуға құқығым бар! Мектептерді қайта ашыңдар!" деп айқайлады. Білім министрлігі ғимаратының маңына жиналған әйелдердің басым бөлігінің бет-жүзі жабық болды.

AFP агенттігінің хабарлауынша, билік "Талибан" жасақтарын әкелгеннен кейін наразылар шеруді тоқтатқан.

"Біз талаптарымызды оқып бергіміз келген, алайда "Талибан" оған мүмкіндік берген жоқ" деді жиналғандардың бірі Схолиа Парси.

"Олар кейбір қыздардың телефондарын тартып алып, фото-видео түсіруге бөгет жасады" деді ол француздың ақпарат агенттігіне.

2021 жылы тамыз айында билікке келгеннен кейін "Талибан" елдегі әйелдер мен қыздардың құқықтарын шектей бастаған. 6-сыныпты бітірген қыздарға мектепке баруға тыйым салынды. Наурыз айында "Талибан" орта мектептерді жабуға бұйрық берді. Ал мамырдың басында тәліптер әйелдерге бет-жүзін жасырып, паранжа киюді міндеттеген.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер