Беспаев: "Қатаң түрде жазасын алып, айыбын өтеуі тиіс"

2438
Adyrna.kz Telegram
Фото: kapital.kz
Фото: kapital.kz

Еліміздің көк туын сахнаға алып шығып, балағат сөздер айтқан "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі мен көпшілік Shiza деп танитын Асхат Жолшиевтің әрекетін әншілер қатаң сынға алуда. Мейрамбек Беспаев та бұл келеңсіз жағдайға пікір білдіріп, оларды қатаң жазалауды талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Егемендігіміз бен елдігіміздің белгісі, Тәңірден тілеп алған тәуелсіздігімнің символы, қастерлі де қасиетті Көк Ту сенің қадіріңе жете алмай жатырмыз-ау. Тоқ заманда туған жастар сахна төріне шығып, мемлекеттік рәмізімізді қорлап, аузына келгенін оттап ойран салуда. Осындай есерлік пен ессіздіктің сазайын беретін заң орындалуы тиіс. Мейлі ай бол, жұлдыз бол, кім болсаң ол бол біздің Көк туымызды қорлауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл бір “кешірім” сұрап құтыла салатын мәселе емес. Қатаң түрде жазасын алып, айыбын өтеуі тиіс", — деп жазды әнші өзінің инстаграм парақшасында.

Еске сала кетейік, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен концертте Shiza көк туды қолына орап алып, балағат сөздерін қолданған. Ал "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов белгісіз себеппен күліп, оны қолдағандай қылық көрсеткен болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер