Ұлытау – Алты Алаштың алтын қазығы

5251
Adyrna.kz Telegram

Осыдан үш жыл бұрын белгілі кәсіпкер, ұлттық құндылықтар жанашыры Марғұлан Сейсембай «Nomad Explorer» деген ерекше жобаны бастаған болатын. Атаулы жоба Қазақстанның табиғаты тұмса жерлері мен тарихи орындарын насихаттауға бағытталған. Бұл жоба қазақтың өз тамырын танып, рухын көтеріп қана қоймай, сыртқы және ішкі туризм секторын дамытуға да орасан зор пайда әкелері анық.

Табиғи көркем және тарихи жерлерге насихат

Ең алғаш Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданы бойынша экспедиция «Ұлытау мұрасы» деген атаумен басталды. Бұл экспедицияға осы жолдардың авторы да қатысып, ерекше әсерге бөленген еді. Келесі жылы экспедиция «Үстірт құпиясы» деген атаумен былтыр Маңғыстау облысында жалғасын тапты. Бұл тарихи әрі туристік жобаның жылдан жылға ауқымы артып келе жатқанын экспедицияға қатысушылардың санынан да аңғаруға болады. Ал әлеуметтік желілерде, интернет сайттардағы экспедицияның кәсіби фототілшілердің суреттері көпшіліктің көзінің жауын алып қызықтырып, ынтықтырып қалың бұқара қауымның назарын өзіне аудара түсуде. Осы жылы күзге қарай Шығыс Қазақстан облысына «Алтай қазынасы» атты экспедиция жоспарланып отыр. Бұл экспедиция Алтайдың сұлу жауһар табиғаты мен алтын киімді адам мен алтын әбзелді жылқылар табылған әйгілі Берель (Бергіел) тәрізді маңызды тарихи орындарын аралауды мұрат тұтуда.

Марғұлан Сейсембайдың бастаған істі аяқсыз қалдымайтын табандылығы, үлкен жобаларға жүрексінбей бел шеше кіресетін тәуекелшілдігі, жобаны іске асырудағы сан салалы қиыншылықтарды қиналмастан еңсеретін қайсарлығы таң қалдырады.

Осы жылы көктемде Марғұлан Сейсембай «Nomad Explorer» жобасы аясында тағы бір жаңа бағытты іске асыра бастады.  Ол – «Көкмайса» этнофествалі. Осылайша Мәкең қазақтың қасиетті жерлерін ғана емес, өзгелерден ұлтымызды даралап тұратын ұлттық салт-дәстүрлерімізді де насихаттауға нақты қадам жасады. Ғасырлардан ғасырларға ұлтты ұйыстыратын ұлттық құндылықтарымызды өмірлік тәжірибе негізіндегі халықтық білім демеске лажыңыз жоқ. Ұлтымыздың көркем ою-өрнегінде қаншама сыр тұнып жатыр, десеңізші! Оның тұңғиық сырларын толық зерделеудің өзіне қауқарсыздық танытып отырған жоқпыз ба? Сәнді ат-әбзелдері, зергердің қолында соғылатын зерлі әшекейлер ж.т.б. қолөнер туындылары құдды эстетикалық сұлулықтың шыңы дерсіз. Ат спорттары жігіттерді әскери өнерге, ер мінезділікке, күрескерлікке тәрбиелесе, ақындар айтысы, ән мен күй – рухани тынысын кеңітіп, жан-жақты кемелденген атпал азаматтардың қалыптасуына әсер етті. Осыдан кейін қазақтың данышпандығына нанбай көріңіз.

«Көкмайсада» осындай тамаша ұлттық спорт түрлері мен өнер сайыстары болады дегенді естіп, «қалай да барып көзбен көру керек» деген шешімге келген едік. Фестивальге тура бір ай қалғанда Марғұлан Сейсембайдың өзі шараға арнайы шақырғанда қуанышымызда шек болған жоқ. Оның үстіне, тура сол мамыр айында өтуі тиіс Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қырық жылдық мерейтойына арналған шараларға да арнайы шақырту алғанбыз. Осылайша бір айдың ішінде қос бірдей Арқаның төсіндегі дүбірлі мерекелердің куәсі болған жайымыз бар.

Қызыққа толы Ұлытауға сапар

 Дінмұхамед Қонаевтың өзі билік басында жүргенде ел аралаған вагондармен Марғұлан Сейсембай «Көкмайса» этнофестивалінің қонақтарын атаулы шараға алып барды. Ішінде біз де бармыз. Ерекше көркем әрі тарихи құны өте бағалы вагонмен қасиетті Ұлытауға бара жатқанымыз бәріміздің көңілімізге ерекше қуаныш сыйлады. Тамақтанатын ресторанда қонақтар бір-бірімен кездесіп, амандасып-қауышып жатты. Себебі, «Nomad Explorer» жобасына тұрақты қатысушылар бір-бірін жылдан жылға жақсы танып, өзара аралас-құралас болып кеткен де жайы бар. Осы күні олар өзара әртүрлі сапарлар ұйымдастырып, тіпті ең ақыры кездесіп бірге тамақтанып, бір-бірінің үйіне қонаққа да баратын болған.

Кешкісін Жезқазған қаласына жеткенімізде бізді автобустар күтіп тұрды. Марғұлан Сейсембай көппен бірге автобусқа мініп, Ұлытауға қарай жолға шықты. Жол бойы әндер мен әңгімелер айтылып, қызықты ойындар ойнатылып өте көңілді уақыт өткіздік.

Қараңғы қоюлана бастаған уақыт болса да «Көкмайса» этнофестиваліне тігілген ақшаңқан киіз үйлер жарқырап көрініп тұрды.  Фестивальге тігілген бір үйге жігіттер тобы болып жайғастық.

Алаш идеясы және «Көкмайса» этнофестивалі 

Ертеңгілік фестивальдің ресми ашылу салтанаты басталды. Алғашқылардың қатарында кәсіпкер Марғұлан Сейсембай және Ұлытау ауданы әкімі Әнуар Серікбайұлы сөз сөйледі. «Көкмайса» этнофестиваліне Мұрат Әбенов, Мұхтар Тайжан, Жания Әубәкірова, Асылбек Қожахметов, Сәкен Орынбекұлы және тағы басқа белгілі тұлғалар мен кәсіпкерлер мінбер төріне шығып, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Ұлттық құндылықтарды насихаттауда сіңіріп жүрген еңбегі үшін "Көкмайса" фестивалінің идея авторы Марғұлан Сейсембайға, шараны бірлесіп ұйымдастырған Ұлытау ауданы әкімі Омар Әнуар Серікбайұлына "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір, яғни осы жолдардың авторы арнайы алғыс хаттар табыстады.

Осы жолдардың авторы мінберге шығып Ұлытаудың қазақ тарихында ғана, Еуразия даласындағы қыпшақтардың ұрпағы Алаш жұрты үшін өте маңызды өлке, қасиетті орталық екені туралы аз-кем деректер айтып өтті. Сақтар мен ғұндар, сосын көне түріктерден кейін әйгілі көшпелілердің империясы Ұлы моңғолдар қағандығының мұрагері Жошы ханның Ұлытау жерінде кесенесінің болуы – қазақтың қара шаңырақ екенін айғақтайтын бір жайт. Сонау көне түріктерден кейін көпке дейін көшпелілердің тұрмысы мен танымы, дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтаған қыпшақтардың бір атауы Алаш еді. Қазіргі қазақ шежірелер арқылы өздерін бір қазақтың баласы ретінде туыстыру, тұтастандыру, аталас етіп жақындастыру идеологиясын тудырса, ол кезде бәріміз бір Алаштың (немесе Алашаның) баласымыз деген ұғым-түсінік болды. Аңыздар мен ауызша деректерде кейде Алаш, кейде Алаша хан аталып, екі түрлі кездесе береді. Туыстық жағынан бізге ең жақын елдермен конфедерация болған Алты Алаш атауы осылай туындап тұр. Бұл туыстық бірлестікке Алты Алашқа қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар халықтары кірген деп болжанады. Тілі (қыпшақ тілі тобы) мен дәстүрі, қаны жағынан да ең жақыны – солар. Бұлармен біз бір кезде бір халық болдқ деп айтсақ та артық емес. Сонымен бірге, қыпшақтардың империясы болған Алтын Орда заманындағы әйгілі тұлғалар Тоқтамыс, Едіге, Ақсақ Темірге қатысты тарихи ескертіштер мен географиялық атаулары (жер-су, тау) Ұлытауда жиі ұшырасады (Едіге тауы, Едіге мен Тоқтамыстың таудағы жерлеу орны, Ақасақ Темір жаздырған Алтын шоқы жазба ескерткіші ж.т.б.).  Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ақселеу Сейдімбектей ғалымдар еңбектерінде арнайы тоқталған Ұлытаудағы әйгілі таңбалы таста үш жүздің руларының таңбалары бедерленгенін көпшілік біле бермейді.  «Ұлытау тарихының небір қалың қатпарлары арғы заманалар еншісінде жатыр. Соның ең бір көне, ерекше мәнді айғағы Сарысу өзенінің төменгі сағасындағы «Таңбалы тас». Бұл тас Жетіқоңыр құмын бетке алып жүргенде кезігетін Қарақойын атты тұзды көлдің іргесінде тұр. Мың сан ру таңбасы басылған жартастың түбінен бұлағып ағып жатыр. Таңбалы тасқа зер салып қараған жан арғынның көз таңбасын, найманның бақан таңбасын, жалайыр мен тарақтының тарақ таңбасын, шапыраштының ай таңбасын, ыстының көсеу таңбасын, қоңыраттың босаға таңбасын, адайдың оқ таңбасын, жағалбайлының балға таңбасын көрер еді. Әрине, бәрін атау мүмкін емес... Осы мысалдың өзі-ақ мына Таңбалы тас көшпелі дала руларының бірлік-пәтуасына айғақ, тұтастығына белгі, ант беріп ауыз біріктірген орыны екенін аңғартады. Жай аңғартып қоймайды, далалық көшпелі рулардың ерте азамнда-ақ топтасып біріге бастағаны, ел болып бас құрағаны көрінеді. Әрине, бұл сияқты пәтуа-бірлікке тұғыр болған мекенді, сол өңірдегі көзге түсер биікті Ұлытау демеске болмайтын сияқты» деп жазады білгір этнграф Ақселеу Сейдімбек.  Сондықтан, кейінгі заманда Ұлытау – қазақтың бас қосатын, ханзаданың ақ киізге көтеріліп хан сайланатын орталығы болды деп есептейміз. Ұлытау тек қазақтың емес, Алты Алаштың, түрік халықтарының, тіпті күллі көшпелі қауымның ат байлайтын алтын қазығы болғаны аңғарылады.

«...Ұлытау географиялық орналасуымен ғана кіндік мекен емес, көшпелілер тарихының бастау алған ордалы ордасы да екені аңғарылады. Ұлытау сөзінің мән-мағынасын бұл жағдай да айқындай түседі» дейді Ақселеу Сейдімбек. Бұл кісіден асырып айту мүмкін емес.

Жүз жыл бұрынғы Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ азаматтары партия атауын «Алаш Орда» деп, ал автономияны «Алаш» деп ат қойып, айдарлауы біраз жайтты аңғартады. Біз үшін құрбан болған ұлттың ұлы перзенттері «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін туыстас халықтарды «Алаш» атауы арқылы біріктіруді көздеді. Өйткені, сол кездің өзінде туыстас халықтар «Алаш» ұранын естігенде арқасы қозып жауға батылданып аттанады екен. Бұл туралы олар «Қазақ» газетінің 1913 жылы тарих туралы сериялы мақалаларында жазады. Олар Алаша хан, Алаш хан дегеннің бір екенін жаза келіп, сөздің этимологиясына байланысты түрлі болжамдар ұсынады.

Ертеде бабалардың есімін ұранға қосып жауға аттандайтын болған. Ханзада Әбілмансұрдың Абылай деп өз атасын ұран етіп жауға шабатыны есіңізде болар. Содан ол атасының атымен Абылай атанып кете барады. Алаш немесе Алаша ханның ұрпағымыз деп санайтын қыпшақтардың «Алаш» деп ұрандайтын сыры осы жерден анықтала түседі.

Осыған орай, Ұлытаудағы «Көкмайса» фестивалінің түбі бір туыстарға да ортақ халықаралық фестивальге айналуға толық құқы бар.

Ұлттық туризм - табыс берер кәсіп

"Балық берме, әуелі сол балықты ұстайтын қармақ бер, сосын қалай қармақ тастауды үйрет" дейтін халық тәмсілі бар. Оңай келген олжаның қадірін ешкім де біле бермейді. Ал таза еңбекпен жеткен кез келген табыста береке бар. Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай «Көкмайса» этнофестивалін ұйымдастырып, ішкі туризмді дамытуға нақты қадам жасап отыр. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеткен туристерге киіз үйлер жалға беріліп, ауылдың түрлі табиғи өнімдері, ас мәзірі ұсынылды. Әрине, тегін емес. Қала жұрты ақылы түрде атқа мініп серуендеп, өздерін бір сәт болса да көшпелі бабаларының рухын сезінгендей болды. Ұлытау халқы осылайша туристерді қабылдау бойынша да аз-кем тәжірибе жинады.

Фестиваль аясында Ұлытауға жан-жақтан 2 мыңға жуық туристер келді деп болжанып отыр. Олар тек джип көліктеріне -жанармай-жағармай қойғанның өзінде осы ауданға әжептәуір қаражат тастап кетіп отыр. Үйдің табиғи өнімдерін көптеп сатып алып кетіп жатқандардың қарасы да молшылық болды.

Бізде жылына көптеген фестивальдер өткізіліп тұрады. Өкінішке орай, аймақтық әкімдіктер деңгейінде бір рет өткізіліп, сол күйі қалып қояды. «Көкмайса» фестивалі бір мезгілде, бір уақытта, бір атаумен жыл сайын өткізіліп тұрмақшы. Бұл – шетелдік туристердің алдын ала жылдық демалыстарын жоспарлауда үлкен маңызға ие. Ол ақырындап қазақстандық қана емес, шетелдік жұрт та шараға қатысуды арттырады деген сөз.

Марғұлан Сейсембайдың бір реттік әлеуметтік мәселелерге емес, ел әлеуетін арттыратын ұзақ мерзімді жобаға қаржы салуын кәсіби біліктілік дер едік. Өйткені, әлеуеті мен бизнестік біліктілігі артқан ел кез келген әлеуметтік мәселелерді өздігінен еңсеруге қабілетті болады. Өз тарихы мен мәдениетін терең білген, сезінген, жалпы өз-өзін қадірлеген, жоғары бағалаған халықтың алар асулары да биік болмақшы. Фестивальдің бізге ең басты берер артықшылығы – жастарымыздың бойына патриоттық құндылылықтардың нәрін егуі. 

Ұлттық спорт пен өнердің аламаны 

Айнала тізбектелген киіз үйлердің артында қазан көтеріліп, буы бұрқырап түрлі ас әзірленіп жатса, ел-жұрт ауылдың әртүрлі сүт өнімдерін жайып тастап сатуға кірісіп кетті. Сол кезде Жезді музейінің ұсталары сақтар заманындағы аң стиліндегі зергерлік бұйымдарды жасап көрсетті.

Мешкейлер жарысы әуелі ет жеуден басталды. Бұрын батырлардың мықтылығы тамақ жеуінен де байқалатын болған.

https://www.youtube.com/watch?time_continue=10&v=6ZAYj5NsEJc

Мәшкейлер сайысының екінші бөлімі – қымыз ішу. Ұлытаудың балдай қымызын ішкісі келетін көптеген жұрт сайыста бақ сынады. Сол себепті, бұл бөлім де өте тартысты өтті. Жеңімпаз жігіт 3 минутта 4.5 литр қымыз ішіп рекорд жасады.

Қатын күрес сайысы да қызықты өтті. Мешкейлер сайысы сияқты бұл да қазақтың көңіл көтеруге бағытталған әзіл-қалжыңдық ойындарының бір түрі.

Фестивальге келген жұрт асау үйрету өнерін де тамашалады. Бұл – жігіттің тақымға беріктігін, жалпы мықтылығын сынайтын тамаша өнер. Жайылып жүрген асау тайды шалмамен қуып жүріп ұстап алып, ешқандай жүген салмастан үйрету екінің бірінің қолынан келмейді.

Жігіттің жігіттігі, білек күші сыналар тағы бір ойын – аударыспақ. Аударыспақ сайысында қазақтың білекті жігіттерінің ептілігіне, батылдығына қайран қалған жұрт ат үстіндегі өнерді құмары қанғанша тамашалады.

Ұлы бабалар ұрпағы екенімізді ұмыттырмайтын жоба

Екінші күні «Көкмайса» этнофестиваліне қатысушылар Едіге тауына шықты. Қазақ елінде Ер Едіге мен Тоқтамыс ханның осында жерленгені жайында көптеген аңыздар сақталған. Көне түріктерде таудың қасиетті саналғаны, қағандардың сонда жерленетіні жайында аңыздар да бар. Бұл сол ежелгі дүниетанымның қазақта сақталған сарқыншағы болса керек.

Ұлытаудағы Едіге тауының жоталары мен сілемдері, жақпар тастары ғажап-ақ екен. Көңіліміз көркейіп қайтты. Биіктен қарағанда мұнартып жатқан кең даланың көрінісі де бір ғанибет!

Тау басына көтерілгенімізде өлкетанушы, археолог Айдар Ысқақов бір топ қауымға Тоқтамыс хан мен Едіге би жайындағы аңыздарды майын тамызып әңгімелеп берді.

«Көкмайса» фестиваліне АҚШ-тан арнайы келген азаматтар да бар екен. Едіге тауының басында танысып, ылдиға қарай бірге әңгімелесіп түстік. Бір қайран қаларлығы, үшеуі де қазақша біледі. Ішінде тек біреуі ғана орысша сөйлейді екен.

"Бізге келетіндер орысша үйреніп келуші еді, сіздер неге қазақ тілін таңдадыңыздар?" деймін ғой аң-таң болып. "Қазақ тілі арқылы қазақтың төл мәдениетімен танысуға болады. Сол үшін қазақша үйрендік. «Көкмайсаға» келген себебіміз де – сол, қазақтың дәстүрлерін білгіміз келеді" дейді Майкл. Мен ағылшын тілінде сұрақ қойсам, олар қазақша жауап береді. Бір қазақтар америкалықтарға орысша сөйлесе, тағы да қазақша тіл қатады...

«Көкмайса» фестиваліне барамыз деп бірнеше күн киіз үйде тұрып, бабаларымыздың тұрмысын, табиғатқа етене жақын өмірін шынайы сезіндік. Жас жазушы Арман Әлменбеттің шаңырағында (киіз үйінде) қонақ боламын деп ақын Ұларбек Нұрғалымұлымен жақынырақ танысудың реті келді. Арманның киіз үйі қандай жылы да жайлы болса, Ұлекеңнің этнографиялық әңгімелері де сондай құнды да қызықты болды. Шараның екінші күні түс ауа Ұларбек екеуміз Астанаға жолға шықтық. Жол бойы Ұлекеңнің тарапынан небір тамаша әңгіме тыңдап, рухымыз бір көтеріліп қалды.

Жалпы фестивальге келген қонақтар екінші, үшінші күні Ұлытаудың айналасындағы түрлі көптеген тарихи орындарды аралап, ат жарыс тамашалап, айрықша әсерге бөленіп қайтты. Фестиваль өтетін орынды ұйымдастырушылар туристердің барлық тарихи орындарға барып қайтуына қолайлы етіп таңдаған екен.

Өз ұлтының табиғи ерекшеліктерін ұмытпаған халық қана мәңгі жасайды. Өз ұлтының дала болмысын менсінбеген халық оп-оңай өзге елге айналып кете баратындығына кәрі тарих куә. Осындай ұлы бабаларымыздың ұрпағы екенімізді ұмыттырмайтын шаралардың қатары көп бола берсін!

Ұлтымыздың өлгені тіріліп, өшкені жанғандай, ұлы даланың дәстүрлері қайта жаңғырғандай бойымызға айрықша рух сыйлаған фестивальге ұзааақ ғұмыр тілейміз.


Арман Әубәкір,

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігің директоры

Суреттердің авторы: Евгений Волков

 

Пікірлер