Елордада «Саржайлау» этнолагері ашылды

3816
Adyrna.kz Telegram

«Балалар жылы» аясында елордадан 30 минуттық жерде «Қызылжар» орман шаруашылығы аумағында «Саржайлау» этнолагері ашылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Күні кешегі діни жат ағым өкілдерінің әрекеті араласып кеткен «Қаңтар қасіреті» халқымыздың қабырғасын қайыстырып, елімізді дүрліктіріп, мемлекет тыныштығын бұзды. Қаншама жас қыршынынан қиылып, қанша ана зарлап қалды. Бүгінде жастарымыздың арасында ұлтының құндылығынан безіп, діні мен ділінен ажырап қалғандар баршылық. Бұл рухани азғындықтың ауыр салдары қоғамда дін мәселесіне, діл мәселесіне «шаммен қарау» керектігімізді ұқтырды. Ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне жіті қарау керектігін көрсетті. Бұл оқиға көкірек көзі ояу, ұрпағының болашағын, елінің ертеңіне алаңдайтын жанның барлығына ой салды. Біздің этнолагерьдің негізгі мақсаты - ел ертеңі болар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп,  ұлт тарихына, ата жұртына, ата тегіне, ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, Отанын шексіз сүйетін және қазақ болғанын мақтаныш ететін азат ойлы, тәуелсіз ұрпақ тәрбиелеп, ұлттың санасын қалыптастыру», - дейді «Сарыжайлау» этнолагерінің негізін қалаушылардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының авторы, тарихшы-этнолог Тұрар Сәттарқызы.

 

Этнолагерьдің ашылу рәсіміне ұлт болашағына бей-жай қарамайтын, келер ұрпақ алдында жауапкершілік жүгін сезінетін бірқатар ел жанашырлары қатысты. Оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы, Elorda-Aqparat медиахолдингі директорының орынбасары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордалық филиалының төрағасы Қанат Әуесбай, белгілі этнодизайнер, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада, қала әкімдігінің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.

 «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?!», - деп Мұхтар Әуезов тайға таңба басқандай айтып кеткендей, біз еліміздің ертеңгі тұтқасы, ұлт болашағы саналатын жас толқын алдындағы зор жауапкершілікті мойнымызға алып,  ата-бабадан жалғасып, үзілмей келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді жоғалтпай, берік ұстануды алға қойып отырмыз. Осы тұрғыда ұрпақтың рухани тәрбиесімен айналысатын ұлттық этнолагерімізді аштық. Себебі, мемлекет ұлтты қалыптастырмайды, ұлт мемлекетті қалыптастырады. Жоғалтқанымызды түгендеп, жаншылған ұлттық рухымызды тірілтіп, өткеніміз бен өшкенімізді қайта жағып, қазақтың өзіне тән ұлттық болмысын қайтару – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып қалмақ», - деп пікірін білдірді «Сарыжайлау» этнолагерінің негізін қалаушылардың бірі –Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, PhD психология докторы Алтынай Тәңірбергенова.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер