“Антитеррорлық операция”: Тәжікстанда не болып жатыр?

3156
Adyrna.kz Telegram
Фото: Anna-news.info
Фото: Anna-news.info

Тәжікстанда бір аптаға жуық уақыттан бері Таулы Бадахшан автономиялық аймағындағы наразылық шаралары салдарынан шиеленіскен жағдай әлі де сақталып отыр. Ресми мәліметке сүйенсек, кемінде 8 адам қаза тауып, 11 адам жараланған. Дегенмен, жергілікті телеграм-арналардың хабарлауынша, құрбандар мен зардап шеккендер бұдан да көбірек болуы мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Тәжікстан ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 18 мамырда Таулы Бадахшанның Рушан ауданында «антитеррорлық операция» өткен. Ол «қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру» мақсатында «200 ұйымдасқан қылмыстық топ» Ауғанстанмен шекарадағы тас жолды жауып тастағаннан кейін басталды. Алайда жергілікті телеграм каналдары лаңкестердің болмағанын жазады.

Тәжікстан билігінің хабарлауынша, қарулы адамдар елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің лаңкестікке қарсы арнайы бөлімшесінің көліктер колоннасына шабуыл жасаған.

Ал «Озоди» радиосының хабарлауынша, Таулы Бадахшандағы жағдай мамырдың 14-і күні Хорог қаласының (автономиялық облыстың әкімшілік орталығы)  жүздеген тұрғыны наразылық білдіріп, ГБАО басшысы Әлішер Мирзонабот пен облыс мэрінің отставкаға кетуін талап еткен. Сонымен қатар, наразылар Хорогтағы барлық бақылау-өткізу бекеттерін алып тастауды, облыс тұрғындарын қудалауды тоқтатуды, бұрын ұсталған және сотталған белсенділерді босатуды талап етті.

Айта кетейік, Таулы Бадахшан (немесе Памир) өзінің елдің қалған бөлігінен оқшауланғандығымен танымал. Аймақ Ауғанстанмен шектеседі.

Автономияның мемлекеттік тілі тәжік тілі болғанымен, Бадахшан тұрғындары памир тілдерінде сөйлейді. Тәжіктердің көпшілігі сунниттер болса, памирліктер исламның шиит тармағының бір тармағы – исмаилизмді ұстанады.

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер