Ақтауда оқитын нигериялық студент Димаш Құдайбергеннің «Дайдидауын» шырқады

2282
Adyrna.kz Telegram
Фото: Маңғыстау обл. ком.орталығы
Фото: Маңғыстау обл. ком.орталығы

Ш.Есенов атындағы университеттің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Yessenov Fest - 2022» студенттік фестивалі аясында өнер көрсеткен Ифунания Маризитта Анашолли Димаш Құдайбергеннің «Дайдидау» әнін шырқады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Маризитта Анашолли «Жастар шығармашылығы» байқауында вокал жанры бойынша қатысып, бағын сынады. Оның айтуынша, әнді «Студенттік вокал» үйірмесінің жетекшісі Макина Гүлнәра Иманбайқызымен бірлесіп таңдаған. Қазылар алқасы африкалық қыздың өнеріне тәнті болып, алғыс хат тапсырды.

Маризитта Анашолли Ш.Есенов атындағы Каспий инжиниринг және технологиялар университетінде «Компьютер инжиниринг және ақпарат технологиясы» мамандығының 1-курсында грантта оқиды. Ол Қазақстан туралы ғаламтордан біліп, қызығушылық танытқан.

-Менің отбасымда бір ұл, екі қыз және ата-анам бар. Әкем кәсіпкер, анамның өз мейрамханасы бар, әпкем стилист, ал ағам компьютер технигі. Алғашқы кезде олар Қазақстанға кетуіме қарсы болды. Бірақ қазір ойларын өзгертті, Қазақстанға қыдырып келуді жоспарлайды. Біз бейнебайланыс арқылы ұдайы сөйлесіп тұрамыз. Университетте өткен фестивальда өнер көрсеттім және ол маған қатты ұнады-дейді нигериялық бойжеткен.

Маризитта өнер көрсеткен «Жастар шығармашылығы» байқауы «Аспапта ойнау», «Дәстүрлі ән», «Эстрадалық вокал», «Хореография» номинациялары бойынша өтті.

Фестивальдің негізгі мақсаты - жастардың рухани мәдениеті мен шығармашылығын дамыту, шығармашыл жастар арасында тәжірибе алмасу мүмкіндігін қалыптастыру, дарынды орындаушылар мен жас таланттарды айқындау және қолдау. Фестивальға өңірге белгілі тұлғалар төреші болды және елордадан қонақтар шақырылды. Солардың бірі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айжан Сқақова шараға қатысып, жастарға сенім мен үкілі үміт тілеп, ыстық ықыласын білдірген.

«Жастар шығармашылығы» байқауында жүлделі орын алған жеңімпаздарға келсек, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша бас жүлдені Маңғыстау өнер колледжінің «Науаи» фольклорлық ансамблі алса, І орынды Маңғыстау өнер колледжінің студенту Қуанғали Лашын иемденді. ІІ орынды Yessenov University-нен «Жас өрен» домбырашылар ансамблі алса, ІІІ орынды Yessenov University-нен Данилова Карина иемденді. Ал Маңғыстау өнер колледжі студенті Ақнұр Аманғалиқызы мен Маңғыстау өнер колледжі студенті Ұлданай Шоңай лауреат атанды.

«Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша бас жүлдені Индер балалар өнер мектебінің түлегі Жамбылова Қарақат иеленсе, І орынды Ф.Оңғарсынова атындағы Мәдениет үйінің өнерпазы Данатар Меруерт алды. ІІ орынды Қызылтөбе ауылының орта мектебінің оқушысы Дүйсенбаева Жадыра алды. ІІІ орынды Yessenov University-нен Сұңғат Қонақбаевқа бұйырды.

«Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені Yessenov University-нен Аятова Алина алса, І орынды Yessenov University-нен Берікбаева Раулана иемденді. ІІ орынға Yessenov University-нен Жеткізген Қуанышбек жайғасса, ІІІ орынды Ақшұқыр мектеп лицейінің Кенжеғали Құрман жеңіп алды. Ал Ақтаудағы «Оқушы орталығының» «Nur Band» ансамблі лауреат атанды.«Хореография» номинациясы бойынша бас жүлдені Маңғыстау өнер колледжінің студенттері «Айша қыз» би ансамблі алды. І орынды Yessenov University студенті Төлегенова Гүлдана иеленді. Ал ІІ орынды Маңғыстау өнер колледжінен Мазиева Ақбота жеңіп алды. ІІІ орынға Yessenov University-нің «Ақкербез» би ансамблі мен Маңғыстау өнер колледжі «БИС» би ансамблі жайғасты.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер