Биыл 1 маусымнан бастап Өзбекстанда жұмыс берушілер "Ўзбекистон бўйлаб саёҳат қил!" ("Өзбекстанға саяхатта!") бағдарламасы аясында жылына бір рет жұмысшыларына ел ішінде саяхат жасауға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"centralasian.org" сайтының хабарлауынша, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің 2 мамырдағы Жарлығына сәйкес, шығынның бір бөлігін жұмыс берушілер төлеуге тиіс.
Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап Өзбекстанда ішкі туристер үшін кешбэк енгізіледі. Ел ішінде саяхат жасаған тұрғындардың жолақысының 15%-ы, қонақ үй ақысының 20%-ы және театр, музей, цирк, көрме билеттерінің 50%-ы қайтарылады.
Бұл қаражат туризм министрлігі жанынан құрылған қор есебінен төленеді. Биыл бұл қорға 30 млрд сум (2 млн 700 мың доллар) бөлінген. Осылайша өзбек үкіметі ішкі туризмді дамытып, жергілікті бюджетке түсетін табыс көлемін арттыруды жоспарлауда.
"Адырна" ұлттық порталы.