Алматы қаласындағы мектептердің бірінде 7-сынып оқушылары 1-сынып оқушысын сабақтан алып шығып, зорлаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТк арнасына сілтеме жасап.
"Алматы қаласындағы жекеменшік мектептегі 12 баладан тұратын сыныпта 7-сыныптың үш оқушысы бірінші сынып оқушысын бірнеше күн бойы сабақтан алып шығып, дәретханада зорлаған. Мұғалім баланы жіберген, ештеңе көрмеген, күдіктенбеген, сұмдық!" - дейді құқық қорғаушы Дина Смаилова.
Баланың әкесі оқиға туралы екі апта бұрын біліп, полицияға хабарлаған.
Алматы қалалық ІІД бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов 21 сәуірде баланың әкесі Наурызбай аудандық полиция бөліміне арыз жазғанын айтты. Сол күні арыз "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелген.
Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижесінде іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Тергеу жан-жақтылық, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қылмыстық істің тергеу барысы мен нәтижесі Алматы қалалық полиция департаментінде бақылауға алынды.
"Адырна" ұлттық порталы