Журналист Гүлмира Әбіқай жуырда Түркістан облысында балаларының көзінше әйелін ұрып өлтірген қатыгез еркектің іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Өз әйелін ұрып өлтіруге болады? Кеше ғана бетіне тіке қарауға именіп, сөз салып, ғашық болған сүйгені емес пе? Бұлар да жас болып қосылып, болашақты бірге армандады емес пе деп баяғыда журналистиканы бастағанда бір әйелге қатты жаным ашып ойлап ем. Содан бері қанша жыл өтсе де санасыз еркек те, заң да өзгерген жоқ!", — деп жазды журналист фейсбуктегі парақшасында.
Оның айтуынша, қазір қатыгез күйеу қамауда отыр. Ал 4 баланы екі жақтың үлкендері 2-ге бөліп бақпақшы.
"Енді оларға қанша қамқорлық көрсетсең де анасы қайтпайды. Туған әкесінен таяқ жеп көз алдарында үзілген шешесінің бейнесін жүректерінен кім жазады???
Полиция “Бұл отбасы жайлы осыған дейін ешқандай шағым түспегенін” айтады. Отбасылық кикілжің бүгін ғана орын алды дегенге кім сенеді? Қазір әкімдік жанында әр ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес орталығы (бөлімі) бар. Құрғақ статистиканы қаттап отырғанша, осындай әйелдермен байланыста болуы тиіс! Мектептегі психолог пен әлеуметтік педагог балалар жүрегіне неге үңілмеген?", — деп жазды журналист.
Сөзінің соңында Гүлмира Әбіқай тиран күйеумен өмір сүруге болмайтынын, мұның ақыры балаларға қиын болатынын жеткізді. Оның айтуынша, марқұмның туыстары оған жүгініп, жағдайды айтып берген.
"Адырна" ұлттық порталы.