Білім министрі: "Канадада оқыған қыз туған ауылында сабақ береді"

3302
Adyrna.kz Telegram

Білім министрі Асхат Аймағамбетов "Болашақ" бағдарламасының түлектерімен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы министр өзінің инстаграм парақшасында бөлісті.

"Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы, бағдарламаны одан әрі жетілдіру және қайта бағдарлау, қазіргі стипендиаттардың таңдауы көбірек болуы үшін елдердің географиясы мен университеттер санын кеңейту туралы айттым. Сондай-ақ болашақтықтарды қызықтырған түрлі сұрақтарға жауап бердім. Алдағы жұмысымызда назарға алатын қызықты ұсыныстар да айтылды.
Сонымен қатар шетелдік үздік оқу орындарында білім алып, бүгінде отандастарына пайдасын тигізіп, ел дамуына маңызды үлес қосып жүрген түлектердің әңгімелерін тыңдау да қызықты болды", — деп жазды ол.

Өз сөзінде министр бірнеше мысалдар да келтірді.

"Мысалы, Диана Момбаева Канаданың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Калгари университетінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алып, кейін Қостанай облысындағы туған ауылы Комсомолға оралды. Ол қазір ауылдық мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Сонымен бірге Диана балаларға ағылшын тілін де тегін үйретеді. Жас педагог Канададан алған білімінің арқасында ауылда тұруға және де ауылдастарының өмірін жақсарту мақсатында қайта оралуға болатынын балалардың өзіне қарап, түсінгенін қалайтынын айтты", — деп жазды А.Аймағамбетов.

Ол қазіргі таңда қазақстандық мектептерде "Болашақтың" арқасында әлемнің жетекші университеттерінде білім алған 800-ден астам мұғалім балаларымызды оқытып жатқанын, 600-ден астам дәрігер жыл сайын отандастарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін он мыңдаған ота жасайтынын жеткізді.

"Болашақ" бағдарламасы арқылы білім алған педагогтердің, дәрігерлердің және басқа да түрлі мамандық өкілдерінің еңбегі қоғамымыз бен елімізге маңызды әрі қажет. Біз "Болашақ" бағдарламасын жетілдіруді жалғастырамыз", — деп жазды министр.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер