«Visit Shymkent» жыл басынан бері 1000-нан аса адамға экскурсия өткізді

2581
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2022/04/4301d4cf-c240-4ea3-961c-96190ce05831.jpeg
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы жыл басынан бері туризмнің салалық бағыттары аясында жалпы саны 12 экскурсия ұйымдастырды. Атап айтсақ, өндірістік, танымдық-іскерлік, сакралды орындар мен балалар туризмі бағыттары бойынша 1018 адам экскурсияға қатысқан. «2022 жыл - балалар жылы» болып бекітілуіне байланысты, экскурсиялардың басым бөлігі жасөспірімдерге арналды. Жастардың Шымкент қаласындағы туристік нысандар және көрікті орындармен танысуы – туған өлке тарихы туралы ой-танымдарын арттыруға ықпалы мол. Нақтылай өтсек, Шымкентке спорттық сайыстар мен ғылыми жобалар байқауына жиналған шәкірттерге мегаполистің туристік нысандары, яғни, Шымкент зообағы, Дендрологиялық саябақ, “Шым қала” тарихи-мәдени орталығы және Этноауыл сынды орындары ерекше әсер қалдыруда. Сондай-ақ, орталық әлеуметтік туризм бағыты бойынша көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге ерекше басымдық бере отырып, оларды қала тарихымен таныстыру және демеушілер есебінен көмек көрсету шараларын өткізуді қолға алған. Туристік-ақпараттық орталық келушілер санын арттыру және шаһардың туристік әлеуетін ілгерілету бағытында «бір терезе» қағидасы бойынша ақпараттық-консультативтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, қаламыздың кез-келген қонағына шаһар аумағында сапалы әрі ақысыз қызмет көрсететін кәсіби гид-экскурсовод қызметін ұсынады. Яғни, орталық тарапынан қала тарихымен және мәдени-сакралды орындарымен танысамын деген кез-келген келушілер мен туристерге “Visit Shymkent” әзірлеген турмаршруттар арқылы тегін экскурсия жүргізеді. Сәйкесінше, гид-экскурсоводтар сұраныс бойынша бірнеше тілде ақпарат беріп, қала тарихымен таныстырады.  
Комментарии